Қоғам • 09 Тамыз, 2019

Медиация – азаматтық қоғамның жаңа сатысы

1603 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Медиация дауды шешудің заманауи тәсілі ретінде оң нәтижесін көрсетіп келеді. Алайда, халықтың еліміздегі медиаторлар туралы хабары аз. Жанжалды шешудің балама тәсіліне еңбек, отбасы, адам құқық­тары­ның сақталмауы сияқты мәселелерде жүгіне алатынын бірі білсе, бірі білмес. Медиаторлар кімдер, олардың қоғамға пайдасы қандай?

Медиация – азаматтық қоғамның жаңа сатысы

«Медиация туралы» заң 2011 жылы 5 тамызда қабылданды. Заң­ға сәйкес, медиаторлардың негіз­гі мақсаты – екі тарапқа мәселені өз­дері шешуге мүмкіндік беріп, бағыт­­тау. Елімізде медиаторлар көме­г­і әлеу­меттік салаларда, әсі­ресе отбасы мә­се­лелерінде кеңі­нен қол­­да­нылады. Сонымен қатар несие сияқты комме­р­циялық пробле­ма­лар да медиатор­лардың көме­гі­мен шешіліп жатыр.

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, кәсіби медиатор Шерзод Пулатовтың айтуынша, елімізде медиаторлардың көмегіне жүгінушілердің саны күн санап артып келеді. «Ассамблея арнайы курстар өткізіп, 800 кәсіби, 3500 қоғамдық медиаторды да­йындады. Олардың 70 пайызы осы салада жұмыс істеп жүр», дейді ол. Шерзод Пулатов 25 жасқа тол­ған, жоғары білімі бар азаматтың медиа­тор болуға мүмкіндігі барын айтты. Сарапшы медиаторлар әуел­ден бағытын айқындап, бір салаға негізделсе, жұмысы өнімді бо­ларын айтады. «Қазір меди­ци­на, қорғаныс салаларына негіз­делген медиаторларды дайындау­ды қолға алдық. Бітімгерлеріміз кө­біне азаматтар арасындағы түсініс­пеушілікті, кикілжіңдерді шешуге қатысады. Құқық қорғау органдарына шағымданғандарға да сот процесі кезінде медиаторға жүгіну кеңесі беріледі. Бүгінде кәсіби медиа­тор­лардың ортақ реестрі бар. Барлық ақпарат ашық әрі қол­­жетімді. Дегенмен олардың тағайын­­далған айлықтары жоқ. Әрбір көр­сеткен қызметі үшін ақы төлене­ді. Бүгінде осы мәселе өзекті болып отыр. Менің ойымша, медиатор­лар да заңгерлер сияқты айлық алып отырғаны дұрыс», дейді кәсіби медиатор.

Нұр-Сұлтан қалалық сотының судьясы, бітімгерлік рәсімдер жөніндегі үйлестіруші Гүлжанат Рахметова 2019 жылдың 7 айында Нұр-Сұлтан қалалық сотында 3171 азаматтық істің қаралғанын, олардың 827-сі бітімге келумен аяқ­талғанын айтты. Ал 2337 іс ме­диация тәртібімен шешілген. «Осы уақытқа дейін медиация дау-да­майды шешудегі тиімді құрал еке­нін көрсетіп үлгерді. Өйткені медиа­ция тәртібімен шешілген аза­мат­тық істердің 60 пайызы оң нәтиже берді. Былай қарасаңыз, медиация қазаққа жат ұғым емес. Себебі халық арасындағы дау-дамайды ертеде би, ақсақалдардың реттегені белгілі. Бұл дауласушы тараптарды бір тоқтамға әкеліп, оларды татуластырудың жолы», деді сот өкілі.

Шетелдік тәжірибеге көз жү­гіртсек, мәселені сотқа дейін шешу АҚШ-та XX ғасырда қолға алын­ған, ал Швейцария, Норвегия, Шве­ция, Бельгия елдерінде 90-жыл­дарда қолданысқа енген. Р­е­сей Фе­дерациясында бұрын сот­талмаған, еңбекке қабілетті 18 жас­қа толған азаматтар да медиатор бола алады. Еуропа елдерінде ме­диа­цияға қарағанда, «татулас­тыру шаралары» термині кең тараған. Өйт­кені Еуропада медиация тұтыну­шы­лардың құқықтарын қорғау мәсе­лелерінде кеңінен қолданылады екен. Бүгінге дейін орташа есеппен Еуропа халқының 74 пайызы тұтынушы құқығы мәселесі бо­йын­ша істі сотқа жеткізбей аяқтаған.

Бітімге келу экономикаға тиім­ді екені басқа елдердің тәжіри­бесінен анық. Мәселен, 2013 жыл­ғы дерекке сүйенсек, АҚШ-та медиаторлардың жұмысы нәти­жесінде 35 млн АҚШ доллары көлемінде қаржы үнем­делген. Ал бізде биылғы жылдың 7 айы­ның нәтижесінде 500 млн теңге көлемінде ақша мемлекетке қай­тарылған. Сарапшылар медиация институты Еуропа мен Азияда екі түрлі екенін айтады.

Медиация бір жағынан сот жұ­мы­сын жеңілдету құралы. «Ме­диа­ция туралы» заң қабылдау аза­мат­тарға мәселені шешу жолын таңд­ау еркіндігін, адам құқықтарын қор­ғау­дың жаңа мүмкіндігін қол­дану, азаматтық қатынастың заманауи фор­масын қалыптастыру, мәсе­лерді конструктивті диалог ар­қылы шешу сияқты зайырлы қоғам­ға тән мүмкіндіктер берді. Қар­жы үнем­деуді былай қойғанда, медиа­тор­дың көмегімен мәселені бірнеше сағатта шешуге болады. Бұл уақыт үнем­деудің де тәсілі. Сонымен кон­сенсуске келу арқылы тараптар арасындағы қарым-қатынасты сақ­тап қалу ықтималдығы жоғары. Кө­ріп отырғанымыздай, медиация инс­титуты – азаматтық қоғам қалып­тас­тыру­дың, дамуының белгісі. Себебі мә­селені сотқа же­т­кіз­бей шеше алу – адам құнды­лық­тары мен көзқарасын жаңа деңгейге көтерілгенінің айқын көрінісі.