Аймақтар • 12 Тамыз, 2019

Жолаушы азабы азаймай тұр

358 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жол­дары басқармасының дерегінше, облыста көлік жолдарының жалпы ұзындығы 6496,3 шақырымды құрайды. Оның ішінде респуб­лика­­лық маңызы бар автожолдың ұзындығы – 1392,6 шақырым. Қал­ған 5103,7 шақырым жол облыстық және аудандық маңызы бар деп есептеледі.

Жолаушы азабы  азаймай тұр

Басқарма сайтында осы жер­гілікті маңызы бар жолдардың 1159,2 километрі, яғни 23%-ы ғана ас­фальтталғаны көрсетілген. 2150,9 км (42%) жолға қиыршықтас төсел­ген. Ал 1793,6 км жол(35%) – шаңы шыққан кәдімгі қара жол.

Жоғарыда айтылған сандарды түсінікті тілге аударсақ, облыстық және аудандық мәртебедегі авто­жол­дардың ішінде жақсы және қанағат­танарлық деңгейдегі бөлігі – 1429,04 км (28%). Ал 72%-ы, яғни 3674,67 км жол қанағаттанарлықсыз жағдайда. Бұл – ресми мәлімет.

Соңғы жылдары өңірдегі авто­көлік жолдарының жөнделуі артқаны рас. 2019 жылы «Нұрлы жол» бағ­дар­ламасы бойынша облысқа 34,7 млрд теңге бөлінген, сол арқы­лы жыл соңына дейін өңірдегі қана­ғат­танарлық жол мөлшерін 31%-ға жеткізу жоспарланған.

Бесжылдық жоспар

– Өңірдің өзекті мәселелер онды­ғында – жол мәселесі бірінші орын­да екені сөзсіз! Бұл – облыс әкімі Ғали Есқалиевтің сөзі.

Әкімнің айтуынша, соңғы үш жылда облыс бойынша 1200 км жол жөнделген. Өткен жылдың өзінде 34 млрд теңге игеріліп, 452 км жол жөнделді. Жақсы және қанағат­танарлық күйдегі жолдар үлесі 26%-дан 28,7%-ға артты. 2019 жылы 500 км жол жөндеу жоспарланып, 30 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.

– Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес үш аудан орталығын облыс­пен қосу жұмыстары басталып та кетті. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та өңірде болған жұмыс сапары кезінде атап өткен болатын. Бұл бағытта конкурстық жұмыстар аяқталып, Жәнібек – Сайхын тас жолының құрылысы басталады. Сондай-ақ Орынбор облысына дейінгі 150 км жолды бастаймыз, – дейді өңір басшысы.

Өңірде құрылыс және жол құрылысы бойынша бесжылдық жоспар қабылданды. Әсіресе аудандарды өзара жалғайтын жолдарды жөндеу басталды. Мысалы, Ақжайық және Бәйтерек аудандарын қосатын «Вечный – Большой Чаган – Переметное» жолы және Қазталов пен Тасқала аудандарын жақындата түсетін «Тасқала – Аққурай – Бола­шақ» (97 км) жолы салынуда. Сондай-ақ Шыңғырлау мен Қаратөбе аудандарын қосатын «Шыңғырлау – Лубенка – Лебедевка» жолы және Бөрлі мен Сырым аудандарын қоса­тын жол құрылысы жүруде. Бұл жұмыстар жол уақытын қысқартып, елді мекен халқына кәсібін дамытуға мүмкіндік береді.

Жайықтың Бұқар беті жол күтеді

Өңірді Жайық өзені қақ жарып ағады. Өзенді жағалай орналасқан елді мекендер үшін Жайық – бір жағынан тіршілік тірегі, су көзі болса, екінші жағынан үлкен кедергі. Өйткені облыста Орал қаласынан төмен қарай Атырау облысының Индер кентіне дейін бірде-бір көпір жоқ. Бұл – 325 шақырым жер. Сондықтан өзеннің сол жағын­да, Бұқар бетте орналасқан Сары­тоғай, Базаршолан, Базартөбе, Қарауыл­төбе, Есенсай, Көнеккеткен, Құрай­лысай, Шағатай, Ақсоғым секілді ірі ауылдық округтердің халқы облыс орталығымен қатысатын 300 ша­қырым жолдың азабын жиі көреді.

Олар пайдаланатын «Барбастау – Ақжайық – Индер» автожолы Кеңес кезінен бері асфальт жабындысын көр­меген. Жол жоқтығының кесірінен күз, қыс және көктем айларында лай­саң кезде кейбір ауылдарға жол қаты­насы мүлдем тоқтап қалады. Бұл жө­нін­де «Egemen Qazaqstan» газетінің 18 шілде күнгі санында Біржан Кәрімұлы есімді оқырманымыздың «20 мыңға жуық адамның азабы – жол» атты ма­қа­ласы жарық көрген болатын.

Өңірде түрлі дәрежедегі жолдар­ды жөндеу туралы жоспар жиі қозғал­ғанымен, Жайықтың сол жағалауымен жүретін ежелгі күре жолдың жөнделуі кешеуілдеп тұр. Жоғарыда айтылған басқарма сайтында: «Барбастау – Ақжайық – Индер» автожолының 43-93 км телімін қайта жаңғырту бо­йынша «жобалық-сметалық құжат­тама­ларын жасақтау жоспарлануда» деген ақпарат тұр. Яғни, жобалаудың өзі жобада тұр.

Жайық өзенінің сол жағын жаға­лай жүретін, облыстың Ақжайық ел­ді ­мекені мен Атырау облысының Ин­­дер кентін жалғайтын грейдерді ас­фальт­тау – өңірлік дәрежеде өте ма­­ңыз­ды мәселенің бірі. Осы жолдың на­­шар­­­лығы көптеген әлеуметтік қиын­­­д­ық­қа бастау болды. Базаршолан ауы­­­лын­да тұратын ұстаз Тоқжан Мұ­қано­ва «Жол мəселесі шешімін тапса, ха­лық­тың тұрақтануына себеп болар еді. Жастар ауылға келуін азайтты. Ауыл халқы қартайып бара жатыр» деп дабыл қағып отыр. Бұл – көптің тілегі.

 

Батыс Қазақстан облысы