Аймақтар • 12 Тамыз, 2019

Бұлақ көздері бітеліп жатыр

5661 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Су анасы – бұлақ» дейді халқымыз. Өткел бермейтін арынды, асау өзендердің өзі бастауын бұлақтан алады. Бұлақ көрсең – көзін ашудың өзектілігі де осында болса керек. Еліміздің қай өңірінде де бүгінде бұлақ көздерін түгендеп, оны қорғау ісін қолға алудың қажеттілігі айқын көрінеді.

Бұлақ көздері бітеліп жатыр

Алайда бұған бастамашы, жана­шыр бола білетін жандардың саусақпен санап аларлықтай аз екені көңілге қаяу түсіреді. Әйтсе де, бұл мәселеде ауызды қу шөппен сүрте берудің де реті жоқ секілді. Айталық, Ақтөбе аймағындағы «Поколение-М» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Елена Бошкова біраз жылдардан бері бұлақтарды қорғау ісіне қозғау салып келеді. Солай бола тұрса да жер­ас­ты су көздерімен байланысы бар бұлақтардың көзі бітеліп бара жатқаны Е.Бошкованың қабырғасына қара тастай батып жүр. Атап айтқанда, Тамды, Бестамақ, Қарғалы бойындағы құм және қиыршық тас өндірушілердің жауапсыз іс-әрекеті салдарынан жан-жаққа жамырай аққан бұлақ көздері жоғалып кетті. Ең өкініштісі, алдағы уақытта бұл бұлақ көздерін қалпына келтіру мүмкін емес.

Бірлестік жетекшісі бұған дейін Алға, Қарғалы және Мәртөк аудандары аумағындағы бұлақтарды есепке алып, құжаттарын жасаған. Сол уа­қыттағы жұмыстардың нәтижелі бо­луына жергілікті билік пен ел-жұрт­тың қолдауы және «Жасыл ел» бағ­дар­ламасы шеңберінде жұмыс істеген жастар мен студенттердің көмегі үл­кен септігін тигізген-ді. Сөйтіп «көп түкірсе – көл» дегендей, жұмыла ат­қа­рылған жұмыстың нәтижесінде бұлақ жолдары ашылып, шөп-шаламнан тазартылды. Бұлақтардың бастауы тас­пен биіктетіліп, жағасына жасыл желектер отырғызылып, қоршалды. Суды ысырапсыз пайдаланбау жөніндегі нұсқаулықтар жазылған тақтайлар орнатылды. Әйтсе де осындай жақсы іс кейін жалғасын таба алмай қалғаны қынжыларлық жайт. Сол тұста «Поко­ле­ние-М» қоғамдық бірлестігінің мү­шелері облыс орталығына таяу ор­наласқан елді мекендердегі жерасты суларымен жалғасатын 36 бұлақты анық­тап, тиісті құжаттарын әзірлеген. Әрі оны ерекше қорғалатын су айдындары мен ағын сулар санатына енгізу жөнінде өкілетті органдарға өз ұсыныс-тілектерін білдірген болатын. Алайда бұл бастама өкілетті ұйымдар тарапынан ескерілмей, аяқсыз қалды. Мұндай мәселеге Көкжиде кен орындарының жер­асты сулары ғана енгізіліпті. Бірақ кейін­гі жылдары мұнай қалдықтарымен лас­танған Көкжиденің қазіргі жай-күйі тым аянышты.

Облыс аумағындағы бұлақтардың кейінгі кезеңдегі жағдайы жөнінде сөз саптасақ, ақтөбелік бұлақ жан­ашырларының Орал ғалымдарымен бірлесе атқарған жұмысы ойға бірінші оралады. Мәселенің мәнісі мынада. 3-4 жыл бұрын Білім және ғылым ми­нистрлігінің Ғылым комитеті Батыс Қазақстанның су ресурстарына мони­торинг жүргізу жобасын ұсынды. Осы грантты иеленген Жәңгір хан атын­дағы Батыс Қазақстан аграрлық-тех­ни­калық университетінің мамандары­ Ақтөбедегі жерасты суларының картасын жасады. Соның ішінде Орқаш және Мөлдірбұлақ суларынан гидро-геохимиялық сынамалар алып, мұн­дағы ауыр металдар құрамын зерт­те­ді. Оның қорытындысында ауыр ме­талдардың бірінде хром, екіншісінде темір қоспасы мол екені анықталған.

Қазіргі кезде өңірдегі өзендердің арнасы тарылып, суы тартылып барады. Гидромамандар бұған жерүсті мен жерасты суларын байланыстыратын бұлақ көздерінің бітелгені себепші болғанын алға тартады. Мұны адам қолымен жасалған қиянат демеске лаж жоқ. Қолда бар деректер облыс аума­ғындағы жерасты сулары Каспий бойы, Орал алды, Арал-Торғай-Шу-Сарысу және Үстірт пен үлкен Орал ги­дрогеологиялық бассейндеріне кіре­ті­нін көрсетеді. Оның ағысы мен химиялық құрамы өзгеріп тұ­рады. Сондай-ақ құрылымдық-мор­фо­логиялық түзілімдері де біртекті емес, дейді мамандар. Ел аумағындағы өзен-көлдер қорек көздерін жерасты суларынан алатыны ғылымда дәлелденген. Ал бұл нәр жауын-шашынның жерге әбден сіңіп, қайта сүзілуінен пайда болатынын екінің бірі біле бермейді. Бүгінде бұлақ суын үнемді, ысырапсыз пайдалану айырықша маңызға ие. Осы орайда «Поколение-М» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Елена Бошкова төмендегідей іс-шаралар жүзеге асуы қажет деп есептейді. Біріншіден, бұлақ көздері бар аумақтардағы мектеп оқушыларын экологиялық сипаттағы іс-шараларға жұмылдырудың пайдасы мол. Бұл бала еңбегін пайдалану мен қанау көрінісі болып саналмайды. Керісінше, олардың бойында табиғатқа деген жанашырлық пен экологиялық мәдениетті қалыпастыруға ықпалын тигізеді. Бір сөзбен айтқанда, бұл еңбек әрі тәрбие. Екіншіден, бұлақ көздері бар жерлерді жалға алған меншік иелері мен табиғатты пайдаланушылар арасында бұлақ суын сату деректері жиі тіркелген. Бұл өз кезегінде жергілікті тұрғындарың орынды өкпе-реніштері мен наразылығын туғызуда. Өйткені жерді жалға алса да бұлақ секілді таптырмас су көзі олардың жекеменшігіне кірмейді. Ел Конституциясына сәйкес жер мен оның қойнауы және су көздері мен ресурстары азаматтардың ортақ игілігі болып саналады. Әрі мұның бәрі мемлекет қорғауындағы нысандар қатарына кіреді. Тағы бір айта ке­терлік мәселе, елімізде бұлақтар мен ерекше қорғалатын су көздері маңын­да санитарлық нормаларды бұ­зып, оған залал келтіргендерге ірі мөл­шерде айыппұл төлету тәртіптері ен­гізілмеген. Соның салдарынан кез-кел­ген өңірде бұлақ суын ысыраппен пайдалану көріністері жиі орын алып жүр.

Сондай-ақ бірлестік жетекшісін жерді жалға беру шарты бекітілен кезде су көздерін күтіп ұстап, оның маңайын абаттандыру талаптары ескерілмейтіні де ойландырады. Ол бұлақтарды күтіп ұстауды ауыл әкімдерінің құзырына беріп, сол ауылдың материалдық ресурсы ретінде қорғалуын жөн деп санайды. Бұлақ аңғарлары еліміздің табиғи мұрасы ғана емес, сонымен бірге тұрғындарды таза ауыз сумен қам­тудың басты көзі де. Бұл ретте «Поколение-М» қоғамдық бірлестігі өкілдері айыппұл салумен бірге жер­асты суларымен байланысқан бұлақ суын бүлдірушілерді әкімшілік жауап­кершілікке тартуға құзіретті эколо­гия­лық полиция қызметінің мәртебесін өсіргенді жөн көреді.

Бірлестік жетекшісі бұған дейінгі жылдарда өздері түгендеп қорғауға алуды ұсынған бұлақтардың көпшілігі қазір жер астында көміліп қалғанына қапа болып жүргенін жеткізді. Сондай-ақ өңірдегі бұлақтарды түгендеу мен­ қорғау жөніндегі жобалары да жер­гілікті атқарушы органдар тарапы­нан қолдау таппағаны жанын жабырқата түседі. Мұның қай-қайсысы да қол­дау­ға тұрарлық өзекті мәселелер екені анық. «Ештен кеш жақсы» дегендей, бұл жанайқай өкілетті әрі қо­ғамдық ұйымдардың назарына ілін­се, бұлақтардың көзін ашуға әлі де мүмкіндіктер бар.

 

Баян СӘРСЕНБИНА,
журналист,


Темір ҚҰСАЙЫН,
«Egemen Qazaqstan»

АҚТӨБЕ