Қоғам • 14 Тамыз, 2019

Зорлықшыларға қатаң жаза қажет

432 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйекке жос­пар­ланған халыққа Жолдауында педофи­лия, жыныстық зорлық-зомбылық және жеке тұлғаға қарсы жасалатын басқа да ауыр қылмыстарға қатысты жазалау шара­ла­рын қатаңдату жөнінде Парламентке және Үкіметке тапсырмалар жүктелетінін жариялады. Міне, осы Жолдаудан кейін зорлықшыларды атқа теріс мінгізу басталатыны анық.

Зорлықшыларға  қатаң жаза қажет

«Тальго» пойызындағы зорлау оқи­ға­сы қоғамда қызу талқыға түсіп, ел ішінде зорлауға қарсы наразылық акция­ла­рының өткізілуіне түрткі болғаны рас. Ресми статистиканың өзі елімізде зорлау қылмысының әбден белең алғанын көрсетіп отыр. Ал жолаушылар көлігіндегі шулы оқиға отқа май құя түскендей болды. Көпшіліктің, оның ішінде білікті заңгерлердің талабы ортақ – зорлау қылмысын ауыр дәрежелі қылмыстың қатарына қосу.

Күні кеше «Тальгода» зорланған жә­бір­ленуші көпшілік алдына шықты. Мә­жіліс депутаттары, қоғам белсенділері мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысқан дөңгелек үстел отырысына бет-аузын тұм­ша­лап келіп, іштегі зарын төк­кен жә­бірленуші өксігін әзер басып, булыға сөй­ле­ді. Көз жасын әрең тыйып отырды.

Бұл оқиғаның жай-жапсары аз жа­зыл­ған жоқ, бірақ жәбірленушінің кейбір сөздеріне құзырлы орындар, тіпті қоғам­ның өзі көңіл аудармаса болмайды.

«Бірінші минуттардан-ақ тергеу­ші­лер­дің селқостығы, жолсеріктердің бір-бірін бүркемелеген әрекеттері байқалып тұрды. Олардың ойынша, зорлау туралы арызданбақшы болсаң – ақша талап еткенің. Бұл – олар үшін қалыпты жағдай. Міне, мәселенің мәнісі осында», деді жәбірленуші.

Әрине оқиға ел ішінде қоғамдық сіл­кініс тудыра бастаған сәтте жәбір­ле­ну­шінің өзін айыптағандар да табылды. Бақандай 10 ай бойғы осындай ақпараттық шабуылдар жәбірленуші үшін жығылған үстіне жұдырық болған. Бірақ бұған дейін жазғанымыздай, кім-кімнің де жү­ріс-тұрысы, киім киісі, мінезі немесе сөзі ешқандай зорлыққа негіз болмайды. Осын­дай жауырды жаба тоқуға әуестік те қылмыс­керлерді ақтап алуға әрекеттермен аста­сып жататыны өкінішті.

«Біріншіден, жәбірленушіні жақтай­тын бір жан жоқ. Барлығы да істің татуласу­мен аяқталғанын көксейді. Олар шын мә­­нінде істі қысқартуды ғана ойла­ды...», деді зорлықты тоқтауды талап ету­ге ба­ғыт­талған жиын барысында жәбір­ле­ну­ші.

Осы оқиға бойынша шыққан сот үкімінен кейін белгілі заңгер, әлеуметтік желіде жүздеген мың тұрақты оқырманы бар Джохар Өтебеков билікке төте талабын жолдады.

«Біріншіден, зорлауды ауыр қыл­мыс­тар санатына қосуды, екіншіден, жыныстық сипаттағы қылмыстар бойынша полиция әрекетінің бірыңғай стандарттарын енгізуді ұсынамын», дейді заңгер.

Негізі, қоғамның да талабы – осы. Өйткені жолсеріктерге шыққан үкімнің тым жұмсақтау екенін алға тартқан көп­ші­лік­тің ойы қоғамда зорлықшыларға нөлдік төзімділіктің қалыптасқанын көрсетіп отыр. Өйтпегенде ше, қазір елімізде зорлау, оның ішінде жасөспірімдерге зә­бір көрсетіп, қорлау оқиғаларының көптігі сонша, мұндай қылмыс үрейлі сипа­т­­тан айырылып бара жатқандай әсер қал­ды­ра­ды. Сондықтан да қылмыс атау­лыға бейжай қарай алмайтын белсенділер бағзы заманда халқымызда сүйекке са­лын­­ған таңбадай саналатын, кісі өлтір­генмен пара-пар мұндай қылмысты жасау­шы­ларға ешқандай аяушылық болмауын қалайды. Бірақ көпшілік күткендей шешім шығармаған судьяның да басы екеу емес. Ол да білікті заңгер, Қылмыстық кодекстің әр бабын жілікше шағатын маман.

Мәселен, Қылмыстық кодекс, яғни оның 120-бабы бойынша «Зорлау» орта дәрежелі қылмыстың санатына жатқы­зы­ла­ды. Заңда көрсетілген ең төменгі жаза – үш жылға бас бостандығынан айыру. Сөзбе-сөз келтірер болсақ: «Зорлау, яғни жәбірленушіге немесе басқа адамдарға күш қолданып немесе оны қолдану қатерін төндіріп не жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып, жыныстық қатынас жасау – үш жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады». Осы бапта мұндай қылмысты адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, өлтіру қатерін төндірумен ұласқан, сондай-ақ жәбірленушіге немесе басқа адамдарға қатысты аса қатыгездікпен жасалған, жәбірленушінің соз ауруын жұқтырып алуына әкеп соққан және бірнеше рет жасалған зорлау болса, кінәлі деп танылған адамның жазасы ауырлай түседі – ол бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатыны көрсетілген.

Ал егер зорлау абайсызда жәбір­ле­нушінің өліміне, абайсызда жәбір­ле­нушінің денсаулығына ауыр зиян кел­ті­руге, оның АИТВ жұқтырып алуына немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеліп соқса, төтенше ахуал кезінде немесе жаппай тәртіпсіздіктер барысында жасалса, қыл­мыс­тық топ жасаса, сотталушы белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан он жыл мерзімге айыра отырып немесе онсыз, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Сонымен қатар мұнан да ауыр жаза кәмелетке толмаған адамдарға қатысты жасалса, өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған.

Бірақ Жетес Үмбеталиев пен Қолқанат Құрманиязовқа қатысты үкім шығарған судья Қылмыстың кодекстің 55-бабын басшылыққа алғанын мәлімдеді. Ол бапта: «Жасалған қылмыс белгісі ретінде көздел­меген жеңiлдететiн мән-жай болған және ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде, жазаның негізгі түрінің мерзімін немесе мөлшерін осы кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында көзделген ең жоғары мерзімнің немесе мөлшердің: 1) онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған кезде – жартысынан; 2) ауыр қылмыс жасаған кезде – үштен екiсiнен; 3) аса ауыр қылмыс жасаған кезде төрттен үшiнен асыруға болмайды», деп көрсетілсе, қазымыз қайтпек? Өйткені қылмыстық іске тіркелген мінездемелерде сотталушылардың тек жақсы қырлары көрсетіліп, бірінің үлгілі әке, адал жар, екіншісінің қақ-соғы жоқ, тәртіпке мойын­сұн­ған адам екені сипатталған құжат тү­рін­дегі қағаздар сотталушыларға жаза кесуде маңызы болғаны да рас.

Осы орайда қоғамда үлкен шу туғы­зып, үкімді оқыған судья Сатыбалды Оразбайдың біліктілігіне күмән келтірер­лік пікірлер өрши бастаған соң Жоғарғы соттың басшылығы да үнсіз қалған жоқ. Мәсе­лен, Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының жаңадан та­ғайын­далған төрағасы Әбдірашид Жү­ке­нов өз сұхбаттарының бірінде: «Қыл­­­мыстық заңға өзгерту енгізу және Қылмыстық кодекстің зорлауға жауап­ты­лық­ты көздейтін санкциясын заң арқылы күшейту туралы қоғамдағы пікірлермен келі­семін. Бұдан бөлек, қылмыстық заңда Қылмыстық кодекстің 55-бабы ереже­ле­рі­нің жыныстық тиіспеушілікке қарсы қыл­мыстарды, сыбайлас жемқорлық және бірқатар қоғамға қауіпті қылмысты жаса­ған адамдарға қолданылмайтындай етіп қайта қараған жөн» деген пікір білдірді. Демек, сең қозғалды. Бірақ мұндай оқиға­ларға «Не молчи» сияқты қоғамдық қозға­лыс­тардың дабылынан соң мән берілуі керек пе?

Мәселен, айналамызға қарар болсақ, Жапонияда зорлықшылар 30 жылға де­йін­гі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Канадада зорлықшыларға ең кемі он жылға жаза кесіледі. Ал әр шта­тында заңдары ала-құла болып келетін Аме­риканың кейбір өңірінде «Зорлау» қылмысы бойынша айыпталғандар өмір бойы түрмеге қамалады. Мұндай мысалдар жеткілікті және әлем елдері жыл сайын зорлық­шыларға қатысты заңдарды қатаң­дат­паса, босаңсытып отырған жоқ.

Әрине жазаны қатаңдату тығырықтан шығар жол емес. Әлдебір қылмыстарға байланысты өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалса да, ол бәрі­бір қылмыстың азаюына кепілдік болмайды. Сондықтан аса азғындыққа ба­ла­­­натын мұндай қылмысты тек отба­сын­дағы тәрбиенің осалдығымен және ұлтымызға тән қадір-қасиеттердің көмес­кі тартуымен ғана байланыстыруға бола­­тын сияқты. Мәселен, «Ел тірегі» қауым­дастығы ұйым­дастырған дөңгелек үстел отырысын­да Мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев: «Хал­қымызда «Малым – жанымның сада­қа­сы, жаным – арымның садақасы» деген нақыл бар. Сондықтан әйел-қыздар мәселесін көтерген уақытта алдымен әпке-қарындастарымызды, аналарымызды алға шығаруымыз керек. Егер олардың арын таптатып, әділетсіз жазаға жол беріп отыра берсек, елдігіміз қайда?», деп көкейіндегі ойын ашық жеткізді.

Міне, жоғарыда аталған «Не молчи» қозғалысының жетекшісі Дина Смай­лова­ның айтуына қарағанда, бүгінге дейінгі зорлауға байланысты заңды қатаңдатуға бағыт­талған петицияға 5 мыңнан аса адам қол қойған. Қоғам белсендісі соны­мен қатар зорлау бойынша кінәлі деп та­ныл­ған адамдардың суретін ашық жария­лап, қылмыскерлердің туған жері, білім алған оқу орны мен ата-анасы туралы мағлұматтарды ел білуі керек деп санайды.

Жалпы, Бас прокуратураның Құқық­тық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректеріне қара­ған­да, өткен жылы Қылмыстық кодекстің 120-бабы, яғни «Зорлау» бойынша 1130 қылмыс тіркелген. Оған бөлек баптармен жазаланатын жыныстық сипаттағы басқа да қылмыстар мен жасөспірімдерді зорлауға байланысты сандарды қоссаңыз, төбе шашыңыз тік тұрады. Жоғарыда көрсетілген 1130 – тек жалаң цифр емес, ол осынша тағдыр, осынша езгіге түс­кен адам, осынша қор болған заманда­сы­мыз, көршіміз, жақынымыз. Осы орай­да сөзімізді «Тальгода» зорланған жәбір­ле­нушінің көпшілік алдындағы мына сөзімен түйіндеген жөн сияқты: «Жаныма үйірсектеп жеткен полицейлердің, жол­се­ріктердің барлығы бірдей оның отбасы мен балалары барын айтумен болды. Ал менің ше? Егер менің отбасым болмаса, зорлай беруге бола ма?».