Аймақтар • 15 Тамыз, 2019

Сел қаупі сейілді

328 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Алматының Наурызбай ауданындағы Таусамалы, Қарағайлы елді мекендері арқылы өтетін арнадағы судың тасқыны тұрғындарды біраз әуре-сарсаңға салып, дүрбелең туғызды. Қаланың төтенше жағдайлар қызметі сел жүру қаупін бұдан бұрын анықтағандықтан, бұл аумақтарда қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, дереу эвакуациялық пункт­тер жасақталды.

Сел қаупі сейілді

Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі ха­барлаған­дай, соңғы екі айда ауа температура­сының күрт жоғарылауына байланысты 14 тамыз күні таңғы сағат 6-лар шамасында Қарғалы өзені бассейнінің бірінші көлі қол­даныстағы жер асты-морена­лық каналдар арқылы босатылып, судың көлемі 26 мың текше метрді құрады.

Биыл көлді босату бойынша алдын алу жұмыстары 6 маусымда басталған-ды. Мамандардың мәліметі бойынша осы мақсатта өнімділігі жоғары сорғылар, пласти­калық құбырлардан сифон жіптері тарты­лып, ағын суларға арналған эвакуа­ция­лық каналдар жасақталған. Жалпы алғанда, жұмыс басталған кезде көлдегі су көлемі 77,2 мың текше метр болған, кейін су мөлшері артып отырды да, оны ұдайы ағызып тұруға мәжбүр болыпты. Сөйтіп көлден 1,6 мил­лион текше метр су азайтылған. Тасқын қаупі болуы мүмкін 8 аудан алдын ала анықталып, төтенше жағдайда алпысқа жуық техника жұмылдырылып, екі жүзден астам адам күші мен қосымша жарақтар іске қосылды.

Орын алған төтенше жағдай барысында Қарғалы шатқалы­ның тұрғындары сиреналық-ды­быс­тық құрылғылар арқылы жедел арада хабарланып, Наурызбай ауда­нының өрт сөндіру бөлім­шелері, жол-патрульдік экипаждары дереу іске жұмыл­дырыл­ды. Тұрғындарды қабыл­дау пункттері әзірленіп, Бос­танд­ық ауданындағы мектептер эвакуацияға дайындалды. Аудан­да газ, жарық жүйесінің жұмы­сы уақытша тоқтатылды. Төтен­ше жағ­д­айлардың алдын алудың жедел штабы Азаматтық қорғаныс қыз­меттері Алматы қаласы Тө­тен­ше жағдайлар депар­таменті­нің дағдарыс орталығына жиналды.

Қала әкімі Бақытжан Сағын­­таев оқиға орнында болып, жер­гілікті тұрғындармен кез­дес­ті. Қаладағы барлық қызмет­тер қандай да бір төтенше қи­мыл­­дарға да­йын екендігінен хабар­­дар етіп, халықты сабырға шақыр­ған әкім сел жүру қаупі жоқ еке­нін ескертті. Төтенше жағ­дай­лар департаментінің мәлі­меті бойынша Қарғалы өзені арна­сын­да қазіргі кезде су тасу қаупі жоқ, ал көлден аққан су тоқ­­та­тылды. Су шайып өткен бар­лық учаскелерде өзен арнасын нығайту үшін арнайы техникалар жұмылдырылған. Өзен арнасы бойында орналасқан жеке тұрғын үйлер мен аулаларды су басу оқиғалары тіркел­меген. Әуеден бақылау деректері көлдегі су деңгейінің 6-7 метрге төмендегенін әрі аққан су көлемінің 20-25 текше метр болғандығын растайды.

Ендігі кезекте «Қазсел­денқорғау» меке­месінің гидробе­кеттері көлдегі және аудан­да­ғы жағдайды бақылауда ұстап, Наурызбай, Әуезов және Алатау аудандарында арнайы техникалар мен тиісті сала мамандары кезекшілік қызметін жалғастыратын болады.

Төтенше жағдайлар депар­таменті қала тұрғындары­ның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақ­сатында «Smart Almaty» ая­сында Алматы қаласының даму орталығы және «I2NIK» компа­ниясымен бірлесіп тегін мобильді қосымшаны іске қосты. Мобильді қосымшаны ОС Android және IOS базасында смартфондар мен планшеттер арқылы жүктеуге болады. Мұндай құрылғы ақпаратты жылдам алуға қолайлы. Сонымен қатар биылғы сәуір айынан бастап төтенше жағдайлар туралы мәліметті SMS хабарламамен бірге «Darmen» қосымшасы арқылы алуға болады.

Сондай-ақ кеше Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті еліміздегі мұздақ көлін босату салдарынан туындаған Алматы қаласындағы төтенше жағдай және еліміздегі өрт қаупі жағдайы туралы баспасөз мәслихатын өткізді.

Ішкі істер министрінің орынбасары Ю.В. Ильиннің айтуынша, соңғы екі айдағы тұрақты температуралық фонға байланысты, 14 тамызда сағат 06.20-да қолданыстағы ішкі арналар, Қарғалы өзені бассейнінің №1 көлі шамамен секундына 5 текше метрден арнасынан шыққан. Сонымен бірге көлдегі су деңгейі 5 метрге төмендеген, түскен судың алдын ала көлемі 20 мың текше метр­ден астам.

«Қарғалы шатқалындағы тұрғындарға дабыл қағу-сөйлеу құрылғылары арқылы хабар таратылды. Халықты хабардар ету үшін Наурызбай ауданының өрт сөндіру бөлімшелері, жол-патрульдік полиция экипаждары жіберілді. Наурызбай ауданындағы қабылдау пункттері халықты қабылдауға дайындығын бастады, эвакуациялау үшін Бостандық ауданындағы мектептер әзір­лен­ді. Наурызбай ауданы Қарғалы өзенінің бойындағы учаскелер газ, электр энергиясынан ажыратылды. Төтенше жағдайлар бойынша республикалық және қалалық жедел штабтар құрылды», деді министрдің орынбасары.

Министрліктің ақпаратына сүйенсек, Алматы қаласы төтенше жағдайлар депар­таментінің барлық жеке құрамы, күштері мен құралдары төтенше жағдай дабылы бойынша көтерілген. «Қазавиақұтқару» борттары, Алматы қалалық құтқару қызметі және Ұлттық ұланның жеке құрамына хабар берілген.

Жалпы саны 900-ден астам адам және 119 бірлік техника жедел жұмылдырылды. Оның ішінде жергілікті атқарушы органдардан 149 адам және 60 бірлік техника, Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінен 216 адам және 59 бірлік техника қауіпті учаскеге жіберілген.

«Төтенше жағдайлар» комитетінің Қазсел­денқорғау қызметі селдің алдын алу мақса­тында атал­ған көлді босату бойынша алдын алу жұ­мыс­­тарын жүргізуде, бұл жұмыс 2019 жылғы 6 маусымда басталды. Көлді босату жұ­мыс­та­ры басталғаннан бері 1,6 млн текше метр су ағызылды.

Сағат 10.13-те көлден судың ағыны тоқ­татылды, эвакуациялық каналда жер үсті ағысы жоқ. Қарғалы гидробекетінің жоғары жағында су ағыны секундына 5 текше метрден 0,8-0,9 текше метрге дейін төмендеді. Жалпы, Қарғалы өзенінің арнасы тұрақтанды және секундына 20 текше метрге дейін өткізуге қабілетті (қазіргі уақытта ағын секундына 4,52 текше метрді құрайды)», деді Ю.Ильин.

Төтенше жағдайлар комитеті Қарғалы өзенінің арнасы бойында орналасқан тұрғын үйлер мен учаскелерді су басу туралы ақпарат түспегенін мәлімдеді.

Республика аумағында сел қаупі тіркелген 695 учаске бар. Алматы облысы – 223, Алматы қаласы – 195, Жамбыл облысы – 140, Түркістан облысы – 114, ШҚО бойынша 23 учаскеде сел қаупі бар. Сонымен қатар мұздақ-мұздық және үйінді көлдердің саны бүгінгі күні 927 болып отыр. Еліміздегі көлдер қатары жыл сайын артып келеді, 2016 жылы олардың саны 665 болса, 2017 жылы – 694, 2018 жылы 721-ді құрады.

 

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ