Қоғам • 15 Тамыз, 2019

Ұстаздар ұсынысын жеткізді

363 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Газетіміздің кешегі санында «Тамыз кеңесінен не күтесіз?» деген тақырыпта жарияланған мақалаға орай, редакциямызға педагогтардан түрлі пікірлер мен ұсыныстар келіп түсуде. Соның бір легін жариялағанды жөн көрдік.  

Ұстаздар ұсынысын жеткізді

Сағатымыз қысқара ма деп қорқамыз

Гүлзина СӘТБАЕВА,

Түркістан облысы, Нұртас ауылындағы «Амангелді» жалпы орта мектебінің химия пәні мұғалімі

2020 жылдан бастап 10-11 сыныптарды кәсіби бағдар бойынша оқыту көзделген. Осыған орай қазақ тілі, математика, ағылшын тілі секілді кейбір міндетті пәндерден басқасын оқытуды оқушылардың өз таңдауына қалдырмақ. Ірі қалаларға бұл жүйе енгізіле бастапты. Ауылдық жердегі мектепте жұмыс істейтіндіктен бізге әлі жете қойған жоқ. Бірақ бұл нақты қолға алынса, біз сияқты химиядан сабақ беретін мұғалімдердің сағат саны сөзсіз қысқарады. Күнделікті өмірдің өзі – химия, тіршіліктегі тұтынатын заттардың бәрі осы саладағы ізденістер арқылы пайда болды. Оған қоса химия пәніне математика мен физиканың есептері, биологияның теориялары да сыйып кеткен. Сол себепті химияның міндетті пәндердің қатарына қосылуын қалаймыз.

Көз алдымыздағы балалар өзі сүйген салаға емес, грантқа ұмтылады. Соны сылтауратып, химиядан қалап тұрса да бас тартады. Өйткені оған тапсырса, грантқа түсу мүмкіндігі төмен. Талап етілетін балл мөлшері жоғары әрі төртінші пән ретінде химияны таңдаған талапкерлерге тапсыратын мамандықтар қатары тым аз. Сол мамандықтардың аясын кеңейтсе жөн болар еді.

Оқушылардың химия пәніне деген қызығушылығын арттыратыны – зертханалық жұмыстар. Ондағы түрлі нәтижелер балалардың химияны таңдауына ықпал етіп жатады. Бірақ ауыл мектептерінде қаладағыдай зертхана түгілі жабдықтар жетіспейді. Осы олқылықтың орны толса, химия саласын дамытуға үлес қосатын мамандар мен болашақ ғалымдар ауылдардан да көптеп шығады. Зертханалық жұмыстар сабақ уақытынан басқа кезде ұйымдастыруды қажет етеді. Оған арнайы уақыт бөлетіндіктен әрі бұл зиянды заттармен жақын болуды талап ететіндіктен оған бөлек ақы төлеуді қарастыруын сұраймын.

Теория өндірістен қалыс қалды

 

Сағида НАЗАРОВА,

М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің оқытушысы

Кәсіптік-техникалық білім беруде мәселелер жетерлік. Соның ішінде ең бастысы – оқыту бағдарламалары. Оларды түбегейлі жаңарту қажет. Себебі біздегі теория өндірістен әлдеқайда артта қалып қойды. Өндірістік тәжірибеге барған, оқу бітіргеннен кейін жұмысқа тұрған түлектерімізден білеміз. Кәсіпорындар біздің берген білімге қанағаттанбайды. Жаңа технологиялар ғасырында талап күн сайын өзгеріп отыр, оқытудың бағыты да соған сай болуы қажет. Әрине студенттерді даярлауда жаңалықтардан құр қалмауын қадағалап отырамыз. Дегенмен, бекітілген бағдарламадан әрі асып кете алмаймыз.

Жақында болашақ студенттерімізбен алдын ала кездесу мақсатында мектептерді араладық. Колледжге түскісі келетін, 9-сыныпқа өткен немесе бітіріп жатқан оқушылар әлі қандай мамандықты таңдайтынын білмейді. Көбісіне мамандығын ата-анасы таңдап береді. Дамыған елдердегідей 5-сыныптан бастап кәсіби бағдар беретін арнайы пән жүруі керек. Соның негізінде бала университет алдында ғана емес, колледж­ге келер кезде де болашағын болжай алатын болады.

Біз былтырдан бастап жоғары колледж болдық, беделіміз бен деңгейіміздің өскеніне әлбетте қуандық. Өйткені бізге мамандарды бакалавр дәрежесінде дайындауға болатын құқық берілді. Осы бойынша бір жыл бойы табандап жұмыс істедік. Бірақ бұл студенттерге, осы негізде бітіретін түлектерге тиімсіз. Себебі бізге берілген дәреже колледж бен университет беретін диплом деңгейінің ортасында қалып қойды. Жоғары білімге де, колледж бітіргенге де жатпайды. Жоғары колледжден бакалавр дәрежесін алып шыққандар жоғары білімді болуы үшін қайтадан университетке тапсырып, тағы оқуы керек. Осы жұмыс жүйелеуді қажет етеді. Бәлкім бізді институт деңгейімен теңестіру керек шығар. Болмаса, түлектерге беретін диплом дәрежесін реттегені жөн.