Қоғам • 15 Тамыз, 2019

Тұрғын үй сертификаттары бастапқы жарнаның 90 пайызын құрайды

330 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Таяуда еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тұрғын үй сертификаттарын беру мен бөлудің бас­ты қағидаттарын бекіткенін екінің бірі біле бермеуі мүмкін. Бұл – ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның басым бөлігін жабу үшін азаматтарға жергілікті атқарушы органдар тарапынан берілетін қаржылай көмек.

Тұрғын үй сертификаттары бастапқы жарнаның 90 пайызын құрайды

Бекітілген нормативтер мен ережелерге сәйкес, тұр­ғындарға сертификат­тар беру­дің екі түрі қарастырылған. Оның алғашқысы – әлеуметтік кө­мек, екін­шісі – әлеуметік қолдау. Осы орайда Ақтөбе облысының әкімдігі мен мәс­ли­хаты салалық министрлік та­рапынан бекітілген арнау­лы ережеге сәйкес, шұ­ғыл, қа­рымды іс-қимыл танытты. Бұл мәсе­ле Ақтөбе облыстық мәс­ли­хатының ке­зектен тыс сессиясында қаралып, «Бақытты отбасы» және «Нұрлы жер» бағдарламаларына қатысу­шы­ларға бері­летін тұрғын үй сертификаттарының мөл­шері бекітілді. Сонымен бірге оны алу­шылардың санаттары мен тізбесі анықталды.

Осы жерде айта кетерлік мәселе, бүгінгі күні облыс бойынша мемлекеттік тұ­рғын үй қорынан тұрғын үй алу үшін оның кезегінде 30 мыңнан ас­там азаматтың тұрғандығы. Мұның ішін­де 10 815 адам «Бақытты отбасы» бағ­дар­ламасына қатысуға үміткерлер қа­тарынан орын алған. Оларға қай­тарымсыз берілетін тұрғын үй сертифкаты бастапқы жарна сомасының 90 пайызын құрайды. Мысалы, құны 10 миллион теңге тұратын тұрғын үйді сатып алу үшін оны алатындар санаты­на енгізілген алқа мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отба­сылар, «Алтын алқа» және «Күміс ал­қа» иегерлері  мен көп ба­лалы және толық емес отбасылар 900 мың теңге мөл­шерінде тұрғын үй сертификатына ие бола алады.

«Бұдан соң оларға тек жет­пей тұрған 10 пайыздық мөл­шер­ді, яғни 100 мың тең­гені тол­тыру ғана қалады», дейді Ақ­төбе облыстық энергетика және тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылығы бас­қармасының басшысы Дастан Аманов. Содан кейін үміткерлер «Тұр­ғын үй құры­лыс жинақ бан­кі­нен» 19 жыл мерзімге несие рәсімдей алады екен. Оның жылдық үстеме ақысы 2 пайыз­ды  құрайтын көрінеді. Дәл осындай қайтарымсыз тұр­ғын үй сертификатына «Нұрлы жер» мемлекеттік  тұрғын үй бағдарламасына қатысушылар да ие бола алады. Тек отбасының әр мүшесіне шаққанда табы­сының көлемі соңғы 6 айға есептегенде 42 500 теңгеден аспауы қажет.

Сондай-ақ тұрғындарға бас­пана беру үдерісінде өңірде тұрғын үй сертификаттарын қайтарымды түрде беру тәртіптері де қарастырылған. Мұндай әлеуметтік қолдау жағ­дайында берілетін қаржылай көмек бастапқы жарна сомасының 50 пайызын құрайды. Әрі бұл сертификаттар отбасының әр мүшесіне есептегенде 42 500 теңгеден асатын «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысушыларға тиесілі. Әлеуметтік қолдаудың түрі 15 жылға 1 пайыз­дық өсім­мен беріледі.

Аталған тұрғын үй сертификаттарын жоғарыда көрсетілген санаттағы әлеуметтік топтар тізімімен шектей салуға болмайды. Сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт салаларында жұмыс істейтін бюджет қыз­меткерлерінің де оған ие болуға мүм­кіндіктері бар. Тұрғын үй сертификаттарын беру жергілікті бюджет көз­дері көлемінде жүзеге асырылатын болғандықтан, қазіргі кезде облыста оның кіріс көздерін толықтыру ісі де бір мезгілде қа­тар жүргізілуде. Биылғы 2019 жылдың алғашқы жарты жылдығында жергілікті бюд­жеттің кіріс­тері көзделген ме­жеден 106,8 па­йыз­ға асыра орындалғаны – осы ой-пікі­ріміздің дәлелі. Бұл – 55 мил­лиард 300 миллион теңге қосымша қаражат деген сөз.

Бюджет қоржынын толықты­ру­дағы осындай ілкімді істер «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша бастапқы жар­наны азайту үшін бірінші кезекте 200 миллион теңге бөлуге мүмкіндік ту­ғызды. Осы мысалдардың бәрі тұр­ғын­дарды қол­жетімді баспанамен қамту ісі жергілікті атқарушы және сайланбалы органдардың ұдайы назарында тұрғанын көрсетеді.

 

АҚТӨБЕ