Аймақтар • 15 Тамыз, 2019

Қазылған көшелер қолайсыздық тудыруда

395 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жыл сайын жаз мезгілі келісімен Тараз қаласындағы барлық көшелерді қазу жұмыстары басталады. Әсіресе шаһардың негізгі көшелері қазылған уақытта өмірі болмаған көлік кептелісі орын алып, тіпті жаяу жүргіншілердің жүруіне де мүмкіндік болмай қалады.

Қазылған көшелер  қолайсыздық тудыруда

Осы бір көптің көкейіндегі мәселе айтылып келе жатқалы да біраз болды. Алайда жергілікті билік мұны жер асты құбырларының тозғанымен, сондықтан да оны жаңартып тұру керек­тігімен түсіндіреді. Биыл да солай. Ала жаздай аптығын баспаған жол­­­дарды қазу құрылысы әлі де жал­ғасуда. Биыл да көшелер жа­был­ған, жолдар қазылған. Шаһар­дың бұл мәселесі тұрғындарды да толғандырады. Дегенмен Жамбыл облысы әкімдігінің мәліметінше, газ, су және жылу жүйесі бәрін қосқанда 71 шақырым жер қазылыпты. Оның ішінде 37,5 шақырым көше газ құбыры, 24 шақырым жылу жүйесі және 10 шақырым көше су жүйесіне тиесілі.

«Бұл ретте елге қолайсыз жағдай туындағанын жасыруға болмас. Бірақ бүгінде қолданыстағы құбырлардың 80 пайызының тозығы жеткен. Бір анығы, ескірген құбырларды жаңарт­па­са, оның ертелі-кеш жарылары анық. Бұл тұста бюджет бүйірінен бөлінген қаржы өзге өңірлерге қара­ған­да Жамбыл облысында көп. Соған сай негізгі құбырлар жаңарып қал­мақшы. Айта кететін бір жайт, осы уақытқа дейін мұндай көлемде жаң­ғыр­ту жұмыстары жүргізілмеген», дейді Жамбыл облысы әкімінің баспасөз хатшысы Нұрадин Рақай. Ал жергі­лікті тұрғындардың көкейін­де­­гі басты мәселе құры­лыс­тың қа­­шан аяқ­талатындығы болып отыр. Со­ны­мен қатар Тараз қала­­лық әкім­дігінің мәліметінше, қала аума­ғында инженерлік-инфра­құ­ры­­лым жүйелерін қайта жаңғырту және жөндеу аясында 5 ірі жобаның құрылыс-монтаж жұмыстары жүр­гі­зілуде екен. Атап айтсақ, «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мем­лекеттік бағдарламасы аясында «Тараз­трансэнерго» кәсіпорнының тап­сырысы бойынша Сыпатай батыр, Көшеней, Қойгелді, Ниетқалиев, Қазыбек би, Аққозиев, Аққошқар әулие, М.Х. Дулати, Комратов, Қонаев көшелері мен Абай, Жамбыл,Төле би даңғылдарындағы М-2, М-4 жылу магистралдарын қайта жаңғырту жұ­мыстары атқарылуда. Ал «Қаз­Транс­Газ Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалы қаланың орталық бөлігінің 123 көшесінде газ тарату жүйелерін жаңғыртудың екінші кезеңінің құ­ры­лыс-монтаждарын жүргізуде. Келесі кезекте «Саңырық батыр кө­ше­­сінен Сорокин көшесіне дейінгі Бай­зақ батыр көшесінің бойында су таратқыш салу» жобасының құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатса, соңғысы
«Ы. Дүкенұлы көшесіндегі Насос беке­тінен бастап, Саңырық батыр мен Тәуке хан көшелерінің бойымен РК-4 аралықтағы екі су жүйесін қайта жаң­ғыр­ту» жобасының құрылыс-мон­таж­ жұмыстары атқа­ры­лу үстінде екен.

Дегенмен тараздық тұрғындар жыл сайын көшелердің қазылып, жол­дардың жабылғанынан ығыр болған. Қалада жарық пен көгілдір отын беру тоқтатылмағанымен, жаз келсе болды ыстық су маусым бойы өшіріледі. Мұның бәрін құбыр­лар­дың тозғанымен байланыстырып отырған жергілікті әкімдік енді келесі жылдан бастап ыстық су шаһар тұрғындарына жыл  бойы бері­ле­тінін айтады.

«Құрылыс-мон­таж жұмыстары жүргізілетін көшелер тізімі әлеуметтік желі бет­те­рінде алдын ала жарияланған. Бірақ көшеде жүргізіліп жатқан қазу жұмыстарына байланысты тұр­ғын­дардан бүгінде әлеуметтік желі бет­те­рінде шағымдар көптеп келуде. Қазіргі таңда жер қазу жұмыстарына рұқсат беру көрсетілмеуіне байла­ныс­ты, коммуналдық қызмет көр­се­ту­ші ұйымдар жергілікті атқарушы орган­дар­дың келісімінсіз қазу жұмыстарын жүргізуде, заңды және жеке тұлғалар инженерлік-коммуникациялық желі­ле­ріне қосылуда. Бұл мәселемен кү­ресу үшін қала тұрғындарының, қоғам белсенділерінің атсалысып, қо­ғам­дық бақылауды жан-жақты ұйым­­­дастыру қажеттігі туындап отыр. Қо­­ғамдық бақылауды сол аумақ­­тың тұр­ғындары жүргізе алады. Енді­гі жерде қадағалаушы мекемелермен қатар, тұрғындар да мерді­гер­ден жұмыстың сапасын және оның уа­­қытында орындалуын талап ете алады. Барлық жер қазу жұмыстары жұ­мыс кестесіне сәйкес қараша айы­на дейін жүргізіледі», дейді Тараз қаласы әкі­мінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов.

Енді Тараз қаласы көшелерінің жол жабындысын қалпына келтіру үлкен мәселелердің бірі болып отыр. Алайда қалалық әкімдік бұл бағыт­та барлық көшелерді түгендеу жұ­мыс­тары атқарылғанын айтты. Нә­ти­­жесінде жыл басында ком­му­налдық меншікте ұзындығы 996 ша­қырымды құрайтын 576 көше тір­кел­се, түгендеу нәтижесімен 1531 шақырымды құрайтын 1330 көше анық­талған. Көше жабындыларын реттеу үшін арнайы үшжылдық «Жол картасы» да бекітіліпті. «Картаға сәй­кес бірінші кезекте мектептер, бала­бақшалар, денсаулық сақтау сияқ­ты әлеуметтік маңызы бар нысандар орналасқан және қоғамдық көлік қаты­найтын, инженерлік жүйелермен толығымен қамтылған көшелер жөн­де­­леді. Бюджеттік қаржыландыру мүм­­кіндігіне байланысты қажетті жұ­мыстар көлемі таяудағы 3-5 жылға бө­лі­неді. Бұл бағдарлама шеңберінде әлеуметтік маңызы бар нысандарға барар жолдарға қосымша сыртқы жа­рық­тандыру желілерін жүргізу және жаяу жүргіншілер жолдарын салу жос­парланып отыр. Бұл бағытта биыл ағым­дағы жөндеу жұмыстарына бюджеттен 100 млн теңгеге 22000 шаршы метрді құрайтын 86 көшені қамту көздел­се, бүгінгі таңда оның 8900 шаршы метрінде жұмыстар атқарылды. Барлық жұмыс биыл шілде айында аяқталады», дейді Бейсенбек Жан­бо­сынов.

Сонымен қатар қала әкімі орын­ба­са­рының айтуынша, 29 жоба бойынша ұзындығы 75 шақырымды құрайтын 148 көшеге құны 1,5 млрд теңге болатын орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Мұнда негізгі қамтылатыны – «Тайвань» және «Арай» тұрғын алқаптары. Бұдан бөлек жергілікті бюджет есебінен 600 млн теңгеге қаланың көпқабатты тұрғын үйлері орналасқан шағын аудандардағы жол жабындыларына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Сол сияқты «Бурыл А, Б, В» тұрғын үй массивінің 26 шақырымды құрайтын 50 көшесіне 260 млн теңгеге шағыл тас төсеу жұмыстары басталған. Жұ­мыстарды «Ая сервис» ЖШС жүргізуде.

Жергілікті әкімдік бұл жұ­мыс­тар­дың бәрінің де бақылауда екенін айтуда. Алайда жыл сайын қала көше­леріндегі құбырларды жөндеу үшін көшелер қазылғанда оны жабу мәсе­ле­сі кей жерлерде ойдағыдай болмай­тын. Олай дейтініміз, қар немесе жауын жауғанда кей жолдардың ортасына түсіп кететінін талай көргенбіз. Одан кейін оны қайтадан жамап-жасқау жұмыстары да әжептәуір уа­қытты алатын. Жуырда облыс әкімі Асқар Мырзахметов қала көше­ле­рі­нің жұмысымен танысқанда осы мәселеге назар аударды. Әкім бос көмік­тің үстіне асфальт төсей салу сияқты салғырттықтың болма­уын айтқан. Яғни әуелі қазылған, одан жамалған жердің кедір-бұдыры бол­ма­уы тиіс. Сондықтан да жауапты мердігерлермен келісімшарт жасас­қанда да дәл осы тармақтың қызыл­мен жазылғанын ескерткен. Егер нақты жұмыста нәтиже болмаса, онда мердігерлерге айыппұл салына­ды. Енді Тараз көшелеріндегі құбыр ауыстыру мақсатында қа­зыл­ған жолдардың сапалы жабылуы қаншалықты деңгейде дұрыс атқа­рылатынын уақыт көрсетеді. Тек жыл сайынғы «жыр» келесі жылы да қайталанбасын деңіз. Ал жер­гі­лік­ті әкімдіктің мәліметінше, жолдар­ды мейлінше сапалы жабуға пәрмен берілген. Яғни әрбір мердігер жұ­мы­сы­на жауап береді.

 

Жамбыл облысы