Әлем • 16 Тамыз, 2019

АҚШ Дүниежүзілік сауда ұйымынан шыға ма?

325 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

АҚШ Президенті Дональд Трамп тағы да әлемді дүр сілкінтті. Бұл жолы Ақ үй басшысы қажет жағдайда Дүниежүзілік сауда ұйымынан шығуға әзір екенін мәлімдеді.

АҚШ Дүниежүзілік сауда ұйымынан шыға ма?

Пенсильваниядағы жұмысшылар алдында сөйлеген сөзінде Д.Трамп ДСҰ ережелері басқа елдердің мүддесі үшін жұмыс істеп тұрғанын, АҚШ-қа кесірін тигізіп жатқанын айтты.

 «Қажет болса,  ұйымнан шығып кетеміз. Олар жылдар бойы біздің есебімізден пайда көріп келген еді. Енді бұл қайталанбайды», деді Д.Трамп.

АҚШ Президентінің сөзіне сүйенсек, ДСҰ құрамынан шығу туралы айтқанға дейін Вашингтон билігі ұйымға түскен арыз-шағымның бәрінде жеңіліп келген. Енді шағымдарда Ақ үйдің асығы алшысынан түсе бастаған сыңайлы. Алайда Forbes-тың мәліметіне сүйенсек, ДСҰ әдетте арыз түсірген елдің шағымының 90 пайызын қанағаттандырады екен.

Вашингтондағы Cato институтының сауда сарапшысы Симон Лестер мұның шындыққа сай келмейтінін алға тартады. Bloomberg арнасына берген пікірінде ол ДСҰ деректері шағым берушінің тарапы басымдыққа ие екенін айтады.

Мәселен, ДСҰ-ға АҚШ түсірген 54 шағымның 49-ында Вашингтон тарапы жеңіске жеткен. Ал АҚШ-қа ашылған 69 істің 86 пайызында қарсы тарап қанағаттандырылған.

Сондай-ақ Д.Трамп осы күнге дейін АҚШ-ты әлем елдері пайдаланып келгенін, ұйым енді дұрыс жұмыс істеу қажеттігін түсінгенін жеткізген. Ақ үй басшысының пайымдауынша, дамушы ел мәртебесі бар Қытай мен Үндістанға көп жеңілдік жасалған. Алайда Д.Трамп екі елді де әлдеқашан дамыған елдер қатарына енген деп есептейді.

Ақ үй басшысының бұлай деп мә­лімдеме жасауының өз себебі бар. Қазіргі таңда АҚШ пен Қытай арасында сауда соғысы қызу жүріп жатыр. Мәселен, Вашингтон билігі 1 қыркүйектен бастап Қытайдан келетін құны 300 миллиард долларлық тауарға 10 пайыздық салық қоятынын хабарлаған еді.

Кейінірек АҚШ тарапы мұхит асып келетін тауарларға қойылатын тарифті уақытша тоқтата тұратынын мәлімдеді. Wall Street Journal-дың хабарлауынша, құ­ны 156 миллиард болатын тауардың са­­лы­ғын өсіру 15 желтоқсанға дейін шеге­рілмек. Мұның басты себебі – Рож­­дество алдындағы мерекеде тауар құны­ның кенеттен көтеріліп кетпеуінің алдын алу.

BBC Д.Трамптың көздегені Қытай­мен арадағы сауда соғысын тоқтату емес деп есептейді. Арнаның пайымдауынша, ол алда келе жатқан президенттік сайлауда жеңіске жету үшін халықтың қолдауына ие болғысы келеді. Сол үшін келісімнен гөрі, Қытаймен қарым-қатынасты шиеленістіріп отыруды жөн көретінін келтірген.

Қытай тарапы өз кезегінде ұлттық валютасы юаньның долларға шаққандағы құнын төмендетіп жіберді. АҚШ-тың Қаржы министрлігі де, Д.Трамп та мұндай қадамды валютамен ойнау деп есептейтінін жеткізді.

Жалпы, Трамп ДСҰ-дан шығу туралы алғаш рет айтып отырған жоқ. Шілдеде ол ұйымға реформа жасау қажеттігін мә­лімдеген еді. Сарапшылардың пікі­рін­ше, мұндай қадам АҚШ-тың басқа елдер­мен арасындағы 600 миллиард дол­ларлық сауда тапшылығын қысқар­туға бағытталған.

Сондай-ақ былтыр Bloomberg арнасына берген сұхбатында Трамп кез келген уақытта АҚШ-тың Дүниежүзілік сау­да ұйымының құрамынан шығуға әзір екенін айтқан болатын. Ол кезде Ақ үй басшысы ұйымның америкалықтарға қатаң қарайтынын сынаған-тұғын.

Әзірге Дүниежүзілік сауда ұйымы Д.Трамптың сөзіне қатысты пікір біл­дір­ген жоқ. Жалпы, ұйым құрамынан шы­ғу XV Маракеш келісімінде қарас­ты­рылған. Соған сәйкес, мүше мемле­кет­тердің кез келгені қалаған уақытта өз ер­кімен бас тарта алады. Алайда сол мемлекет алты ай бұрын ДСҰ басшылығын ресми хат түрінде хабардар етуі қажет.