Қоғам • 19 Тамыз, 2019

Сұрап алу – ұрлап алу емес

437 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жалпы әлемнің көптеген елдерінде біреуден бірдеңені тегін сұрап алу деген баяғыда қалған дүние. Бірақ бізде әлі бар. Бір қуаныштысы, атадан балаға мирас болып келе жатқан осы дәстүр жуық маңда өз мәнін жоя да қоймайтын секілді. Мұны осы сұрап алу тәсілдерін жақсы меңгерген адамдардың қазір жақсы тұрмыста өмір сүріп жатқанына қарап аңғаруға болады.

Сұрап алу – ұрлап алу емес

Қазақта сұрап алудың түрі көп. Бала кезімізде әйелдер көршіден бір шерік шәй, бір кесе май, тіпті отыратын орындыққа дейін сұратып, балаларын жібере қоятын. Мұны «үйге қонақ келіп қалдымен» түсіндіріп жататын.

Қазақ қалаға келгеннен бері бұл дәстүр қалаға да жетті. Бірақ бұрынғыға қарағанда өр­ке­ниетті жолға түскендей. Енді қарызға ақ­ша сұрайтын болды. Бір шаруаны шешіп беруге танысыңның бар-жоғын да сұрайды. Егер сұраушының қоғамда беделі болса одан да асып, пәленшеге барып баласына қызмет сұрайды. Яғни, сұрап алудың тізімі өсті, ауқы­мы да ұлғайды.

Ал сұрап ала алмайтындар немесе оған ары жібермейтіндер ше?!.. Бұған жауап беріп жүректі ауыртпай-ақ қояйық. Жалпы оның жауабын өздеріңіз де білесіздер ғой.

Енді сұрап алудың атам қазақ үйреткен тәсілдеріне көшейік: «Таныған жерде бой сыйлы, танымаған жерде тон сыйлы» дейді халық. Демек сұрап алу үшін ең алдымен таныстық керек, егер таныстық болмаса, онда тонының дұрыс екендігін білдіретіндей жағдайы болуы керек.

Жалпы, ұлтымыз әлемдегі қолы ашық, қонақжай халықтардың бірі ғой. Тек көңілін таба біл. Бірақ сол көңілді таба білу деген де оңай емес. Мәселен, қазір біздегі көп балалы әйелдер жайын алайық. Олар мемлекеттен жәрдемақы сұрайды, үй сұрайды. Осы жолда «жарлы болсаң арлы болма» дегендей беттің арын белбеуге түйеді. Дұрыс-ақ. Өйткені ол баланы өзі үшін емес, қоғам үшін тапты ғой. Ертең ер жеткен кезде сол балалардың игілігін қоғамның, соның ішінде аз санды еліміздің көретіні анық. Демек, көп балалы әйелдердің қоғамнан жәрдемақы талап етуінің, үй сұрауының халықтық дәстүр бо­йынша алғанда да, қоғамдық менталитет, тіпті мемлекеттің заң­дылықтары бойынша алғанда да қисыны бар.

Дегенмен «үйдегі ойды базардағы нарық бұзды» дегендей, олардың талап-тілектерін толық қанағаттандыруға қазіргі нарық заңда­рының кедергі келтіріп отырғанын байқауға болады. Өйткені батыстан келген нарықта те­гін деген ұғым жоқ. Демек бұл жерде нарық та­лап­­тары мен халқымыздың сұрап алу қағи­даттары үйлеспей тұрғаны ғана ептеп жүйкені жұ­қартады.

«Жақсыға пара берме, бара бер» дейді тағы да атам қазақ. Бұл – сұрап алудың «бой сыйлы мен тон сыйлыға» қарағанда күрделірек жолы. Өйткені «бір сұрағанда, оған «жоқ» деген жауап естісең бетің қайтып қалмасын, сұрағаныңды алмай тынба және соны қоймай жүріп тегін ал» деп тұр ғой мақалымыз. Бірақ қазіргідей нарық заманында қайтіп тегін аларсың және қайта-қайта бара беретіндей ол «жақсы» адам осы мәтел шыққан кездегідей бір сайдың астында киіз үйде отырған жоқ қой. Есігінде күзеті бар, аузында айтар ойын қабағынан түсінетін хатшысы бар үлкен ғи­маратта, кез келгенге ашылар-ашылмасы бел­гісіз ауыр есіктің арғы жағында отыр. Де­мек, мұндай жақсыларға кіру қазір оңай емес, десек те қазақтың бұған да беретін жауабы дайын: «Жылы-жылы сөйлесең, жылан іні­нен шы­ғады» дейді. Демек, бұл мәтелді орындау үшін тіл, яғни интеллектуалдық қасиет керек екен. Ең алдымен сұрап барған адамыңның мақалда айтылғандай «жақсы» екендігін безектеген тіліңмен өзіне әбден түсіндіріп қана емес, сонымен қатар сендіре мойындатып, жүрегін елжіретіп алуың керек. Әйтпесе, ауыр есік екінші барғаныңда ашылмауы мүмкін. «Біздің пәленшекең сұрап барғанын ала алмауы­ мүмкін, бірақ бәрібір бере алмағаны үшін ана­­ны тілімен пұшайман қылып, жылатып кетеді» деуші еді бір ағамыз осындай қасиеті бар адамдар жайында. Міне, осындай қасиет қолы­на қалам ұстаған ақын-жазушылардың, өнер адамдарының бойында кездесетіндіктен олар­дың кейбірінің бұл мақалдың пайдасын көріп жүргені сезіліп қалады. Әрине бәрі бірдей емес.

Дегенмен заман өзгерген соң қазақ та өзгерген, ол бұрынғыдай кең қолтық емес. Тіпті меценат, демеуші болғанның өзінде алдымен бірдеңені сұрап келген адамның кейпіне, жағдайына, қызмет дәрежесіне, болмаған жағдайда атақ-абыройына қарай­­­ды. Егер осылардың бірі де болмаса, көмек­тескенді қойып, көмектесуге арлануы да мүм­кін. Бірақ сұрап келгенің үшін бәрібір сөкпейді. Өйткені сұрап алу – ұрлап алу емес. Екіншіден, дәстүрде бар дүние. Қазақтың көп мақалының өзі осы сұрап алуға арналған.