Спорт • 19 Тамыз, 2019

Елуінші додаға еуропалықтар да қатысты

258 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Мен бұл жарысқа 1987 жылы қатысқан едім. Сол кезде осындай биік белестерді бағындырамын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген-ді. Бірақ көп еңбектендім. Бүгінге дейін жеткен жетістігімнің бәрі тынымсыз төгілген тердің арқасы. Сондықтан сіздерге айтарым, алынбайтын қамал, бағынбайтын белес жоқ, еңбектеніңдер, армандаңдар, алдарыңа мақсат қойыңдар», деді Олимпиада чемпионы, атақты велошабандоз Александр Винокуров Өскеменде өткен «Қазақстан оқушысы-2019» көпкүндік веложарысының жабылу салтанатында сөйлеген сөзінде.

Елуінші додаға еуропалықтар да қатысты

Осымен 50 мәрте жалауы желбіреген, еліміздің түкпір-түкпірінен келген велошабандоздармен қатар Өзбекстан, Ресей және Монако князьдігінен 130-ға жуық спортшы қатысқан сайыстың жабылу салтанатына велотректен Азия және Әлем чемпионы Алексей Лялько да келді. Жеңімпаздарды аймақ басшысы Даниал Ахметовтің атынан құттықтаған облыс әкімі аппаратының басшысы Жасұлан Сәрсебаев «Қазақстан оқушысы» бәсекесінің 20-сы Шығыс Қазақстанда өтке­нін мақ­танышпен атап өтіп: «Олим­иада чемпионы Алек­сандр Ви­но­куров та кезін­де өздерің сияқ­ты спорт­тық ман­сабын осы веложарыстан бас­таған болатын. Бұл біре­гей додаға қатысу арқы­лы сендердің де тәжірибелерің толысып, шеберліктерің шыңдала түседі. Аталмыш веложарыс­қа қатысушылардың арасынан еліміздің атын әлемге әйгілей­тін чемпиондар шығатынына сені­міміз мол» деп жылы лебізін жеткізді.

Сонымен тұп-тура бір аптаға созылған дүбірлі додада тумысынан шайтан арбаның құлағында ойнайтын еуропалықтар алдына жан салмай, жалпыкомандалық есепте көш бастады. Екінші һәм үшінші орындарды Тал­ғар (Алматы облысы) мен Шым­кент қалаларының командалары өзара бөлісті. «Monaco team» командасының өкілі Ги­йом Брудер алты кезеңнен тұ­ратын сайыстың барлығында оқ бо­йы озықтығын дәлелдеп, жа­рыс жеңімпазының сары жей­­де­сін киді. Еліміздің жас вело­ша­бандоздарының арасынан елор­далық Нұржан Хатпиннің аяқ алысы көпшіліктің көңілінен шық­ты. Үздік нәтиже көрсеткен ұжымдар мен бірнеше аталымда топ жарған велошабандоздар ұйымдастырушылар тарапынан, Александр Винокуров қоры атынан кубоктармен, дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

 

ӨСКЕМЕН