Спорт • 19 Тамыз, 2019

«Астана» топтық кезеңге шыға ала ма?

259 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Чемпиондар лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде «Астана» Румынияның азулы ЧФР командасынан екі ойынның қорытындысы бойынша жеңіліп, Еуропа лигасына түсіп қалғанда бірқатар футбол мамандары қазақстандық клубтың биыл топтық кезеңге шыға алмайтынын болжаған-ды. Сол «Астана» қазір бір аяғымен топтық кезеңде тұр.

«Астана» топтық кезеңге шыға ала ма?

Әрине Еуропа лигасында «Аста­наға» жеребе жолдас болды деп жат­­қан­дар да жоқ емес. Чемпиондық жолда сынға түсіп жатқан елорда командасы алдымен Андорра чемпионы «Санта Колома» клубын жеңсе, үшінші ірік­теуде Мальтаның үздік командасы «Валлет­таның» тас-талқанын шығарды.

Өткен бейсенбі күні «Астана» Маль­­таға сапар шегіп, «Валетта» ко­ман­­дасымен үшінші іріктеудің қарым­та матчын өткізді. Алғашқы ойында 5:1 есебімен жеңіске жеткен отандастарымыз бұл жолы да  0:4 нәтижесімен басым түсті. Өткен ойынмен салыс­тыратын болсақ, қарымта кездесуде «Астана» сапында аздаған өзгеріс бол­ғанын байқадық. Бүгінге дейін ко­манданың негізгі ойыншысы атанып келген Серікжан Мұжықов бір айдан бері негізгі құрамнан орын ала алмай, қосалқы құрамда қалған болатын. Матч алдында бас бапкер Роман Григорчук қазақстандық футболшыны бірінші минуттан алаңға шығарды. Сондай-ақ Роман Мұртазаев та бұл жолы негізгі құрамнан орын алды. Бұл кездесуде Мұжықов-Мұртазаев тандемі көп күттірмей-ақ өз жемісін берді. Матчтың 25-минутында Серікжан­нан тамаша пас алған Роман Мұр­та­заев қорғаушылардан оңай сытылып шығып, есепті ашты. Арада 12 минут өткенде команданың ақтангері Марин Томасов есепті 2:0-ге жеткізді. Жалпы, аталған ойын Мұртазаев пен Томасовтың бенефисіне айналды десек қателеспейтін шығармыз. Матчтың екінші бөлігінде де қос футболшы бір-бір голдан соғып, «Астанаға» ірі жеңіс сыйлады. 68-минутта Мұр­тазаев командасының үшінші голын соқса, 89-минутта Томасов кездесудің нүк­тесін қойды. Есеп – 0:4. Екі ойынның қорытындысы бойынша жерлестеріміз 9:1 есебімен жеңіп, плей-офф кезеңіне жолдама алды.

«Астана» командасы елордада өт­кен матчта қарсылас қақпасына бес гол соғып, өзіндік рекордты жаңартса, бұл жолы сырт алаңда жауапсыз төрт гол және екі ойынның қорытындысы бо­йынша 9 гол салып, тағы бір рекорд­қа өзгеріс енгізді. Елорда командасы­­ның бұған дейінгі ең ірі есебі 2014/2015 жылғы Еуропа лигасының бірін­ш­і іріктеу кезеңінде тіркелген бола­­тын. Сол жолы «Астана» Армения­ның «Пюник» командасымен кездесіп, екі ойын нәтижесі бойынша 6:1 (4:1, 2:0) есебімен басым түсіп еді.

Мальтадағы жеңістен кейін «Астана» Қазақстанның УЕФА рей­тин­гіндегі жағдайын жақсартып,  оған қоса өзінің клубтар арасындағы рейтингтегі орнын бекемдей түсті. Қазақстан – 18,500 (2,625) ұпаймен 25-орында болса, «Астана» 28,500 ұпай көрсеткішімен 50-орнын сақтап қалды.

Плей-офф кезеңінде елорда коман­дасы қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс Белоруссияның БАТЭ клубымен кездеседі. Беларусь командасы бұған дейін қазақстандық командамен екі рет кездесіп, екеуінде де жеңіліп қалған. Ең алғаш Чемпиондар лигасының 2013/2014 жылғы маусым­ның алғашқы іріктеу кезеңінде Қара­ғандының «Шахтерімен» ойнап, Еурокубоктағы жорығын ерте аяқтауға мәжбүр болған-ды. Екі ойын қоры­тындысы бойынша БАТЭ 2:0 есебі­мен жеңілген. Ал 2016/2017 жылғы Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде «Астанамен» кездесіп, топтық кезеңнен тыс қалған еді. Елордада өткен матч­та жерлестеріміз 2:0 нәтижесімен басым түссе, сырт алаңдағы ойында 2:2 есебімен тең түскен болатын. Яғни, БАТЭ үшін Қазақстан командалары алынбайтын қамал болып тұр. Бұл жолы да «Астана» ескі дәстүрден жа­ңыл­май, Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығады деген үміттеміз.

Еуропа лигасының үшінші іріктеу матчынан кейін «Астана» бас бапкері Роман Григорчук БАТЭ туралы алғаш­қы пікірімен бөлісті. «БАТЭ Еуропа фут­болында бірқатар жетістікке жеткен ірі команда. Былайша айтқанда, Бела­русь футболының бренді. Құрамын­да Еурокубок ойындарында әбден ысыл­ған, тәжірибесі толысқан бірнеше ойыншы бар. Бапкері де өте тәжірибелі. Сондықтан бізді алда тартысқа толы екі ойын күтіп тұр. Алдағы ойынға тыңғылықты дайындалып, Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығу үшін барымызды саламыз», дейді Р.Григорчук.

Сондай-ақ БАТЭ бас бапкері Алек­сей Бага да «Астана» туралы аз-кем пікір білдірді. ««Астана»? Мен қорқы­ныш­ты ештеңе көріп тұрған жоқпын. Өзге елдің кез келген командасын жеңу үшін әдеттегідей дайындаламыз. Еурокубок кезеңдерінде қазақстандық «Шахтер», «Астана» командаларынан үнемі жеңіліп келеміз. Бұл – тарих. Бірақ қазіргі «Астана» жаңа команда, жаңа қарсылас. Өткенмен ешқандай ұқсастығы жоқ», деді Бага.

Ал отандық футбол маманы Болат Есма­ғамбетов бұған дейін елорда коман­дасы өздерінен бір бас төмен клубтармен ойнап келсе, бұл жолғы қарсылас «Астанамен» деңгейлес екенін айтады. «Шынымды айтсам, «Валеттаға» қарсы алғашқы ойынның бес минутын көріп, команданың деңгейін бірден білдім. Бұл команданы ҚПЛ-дің кез келген клубы жеңе алады деп ойлаймын. «Астананың» сыналатын сәті енді келді. БАТЭ – өте мықты командалардың бірі. Оны жыл сайынғы Еурокубоктағы ойындарынан-ақ бай­қауға болады. Меніңше, коман­далар көп гол соқпауы мүмкін. «Астана» да, БАТЭ де өз алаңдарында сәтті ойнайды. Сондықтан бұл жұптың жеңімпазы сырт алаңдағы ойында анықталады. «Астананың» БАТЭ-ге қарсы өтетін ойыны осы маусымдағы ең қызықты матч болмақ», дейді футбол маманы.

Дәл қазіргі уақытта екі команда да өз елдерінің ішкі біріншілігінде екін­ші орында келеді. Сондай-ақ екеуі де Еуромаусымның іріктеу кезе­ңін чемпиондар лигасында бастап, Еуропа лигасының плей-офф кезе­ңінде жолығып отыр. Қос команда арасын­дағы алғашқы матч 22 тамызда «Астана Арена» стадионында, қарымта матч бір аптадан соң Беларусь елінде  өтеді.