Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қаланың білім саласын дамытудың перспективалары және бірінші кезектегі міндеттер туралы айтты. Форумда мұғалім мамандығының маңызы және еліміздің лайықты азаматтарын тәрбиелеудегі педагогтың ерекше миссиясы туралы сөз қозғалды. Өскелең ұрпаққа сапалы білім мен өнегелі тәрбие беруді жақсарту мәселелері кеңінен талқыланды.
«Мектеп – жеке тұлғаны және олардың бойында туған еліне деген шынайы сүйіспеншілікті қалыптастыратын киелі орын. Білім ошағында дәріс алатын оқушылардың болашағы зор әрі олар бақытты болулары тиіс», деді Бақытжан Сағынтаев қаланың мұғалімдер қауымдастығы алдында сөйлеген сөзінде.
Әкім өзінің сөзінде педагогикалық жоғары оқу орындары мен колледждерді бітіріп, Алматының мемлекеттік мектептерінде еңбек жолдарын енді бастайтын барлық жас мамандарға бірреттік материалдық көмек беру жөнінде шешім қабылданғанын айтты. Биылғы жылы 700 жас мұғалім бюджеттік қаржының есебінен 20 айлық есептегі көрсеткіш көлемінде грант алатын болады.
«Бұл шағын көмек, дегенмен осынау алғашқы қадамның қаланың педагогикалық қауымдастығына қолдау көрсетудің маңызды символы болатындығына мен сенімдімін», деп атап өтті Алматы әкімі.
Сонымен қатар, үздік білім ұйымдарын 800 айлық есептік көрсеткіш бойынша жыл сайынғы дәстүрлі марапаттау жалғасады. Ал, бүгін жеңімпаз 24 миллион теңге көлемінде жүлде алатын болады.
Айта кетерлігі, қаланың үздік педагогикалық ұжымдарына жыл сайын ақшалай сыйлықтар беріледі.
2020 жылдан бастап қала әкімінің шешімі бойынша мегаполистің ерен еңбек етіп, сапалы білім берген үздік педагогтарына Алматы әкімінің арнайы гранты тапсырылады. Оның Ережесін, номинациясын, критерийлерін әзірлеу және кімге берілуі тиіс екенін анықтау оқытушылардың өздері жүктеледі.
Мұғалім мамандығының мәртебесін арттыру үшін қалада ауқымды ақпараттық науқан ұйымдастырылады, оның барысында БАҚ шаһардың үздік педагогтары, үздік оқу практикалары мен кейстері туралы жазатын болады. Бұл шара қоғам үшін білім жүйесін дамытудың дұрыс векторын қалыптастыруға ықпал етеді.
Алматы әкімі жаңадан қолға алынатын әрі жыл сайын өтетін «Úzdіk ustaz» («Лучший педагог») байқауы және оның қорытындысы 2020 жылдан бастап Мұғалім күні қарсаңында шығатыны туралы хабардар етті. Жеңімпаздарға ынталандыру сыйлығы ретінде пәтер, автомобиль және басқа да бағалы сыйлықтар беріледі. «Мұғалім – білім саласындағы басты тұлға, сондықтан қоғам үшін аса маңызды мамандықтың мәртебесін көтеруге тиіспіз», деп атап өтті Б. Сағынтаев.
Қазіргі кезде Алматыда 32 мыңға жуық мұғалім бар.
АЛМАТЫ