Экономика • 20 Тамыз, 2019

Қалдық өңдейтін кәсіпорын неге құлдырады?

481 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жаһандық экология мәселесінің уақыт өткен сайын өзектілігі артып барады. Бүгінде Жер шарындағы табиғи ресурстарды тиімді пайдаланудан бұрын, қоршаған ортаны қалпында сақтау міндеті маңызды болып тұр. БҰҰ-ның болжамынша, 2025 жылға қарай әлемдегі қатты қалдықтардың көлемі 5 есеге өсіп, оның басым бөлігін автокөліктердің ескі дөңгелектері құрауы ықтимал. Ресми дерекке сенсек, тозған дөңгелектердің дүние жүзіндегі қоры 25 млн тоннаға жуықтайды. Жыл сайын кемінде 7 млн тонна көлік дөңгелегі істен шығады. Батыс елдері жылжымалы автотехниканың резеңке бөлшектерін қайта өңдеу мәселесін жолға қойғалы қашан?! Ал Қазақстанда қауіпті қалдықтарды өңдеу бағытында нендей жұмыстар атқарылды?

Қалдық өңдейтін кәсіпорын неге құлдырады?

Миллиондап алған несие миллиардқа айналды

Бас шаһарда велосипед жолақтарына, балалар ойын алаңдарына, сондай-ақ жүгіруге арналған саябақ сынды адам қарасы бір сәтке де үзілмейтін көпшілік орындарына қарап көз сүйсінеді. Ірі қалаларда мұндай орындардың әлеуметтік маңызы зор. Сол себепті дүние жүзіндегі мегаполистер бұл бағытқа айрықша ден қойған. Алаштың елордасында да осы мәселе ескерусіз қалған жоқ. Әсіресе, адамдардың қауіпсіздігі мен сапа тұрғысында ұпайымыз түгенделіп жатқаны қуантады. Қарапайым ойын алаңын алып қарасақ, бүлдіршіндердің жарақат алу қаупі барынша төмендегенін байқайсыз. Өй­ткені онда резеңке түйіршік­тері­нен тұратын арнайы жабынды тө­селеді. Ал бұл шикізаттың 90%-ы Ержан Жарылқасын басқа­ра­тын қайта өңдеу зауытында шығарылады. Ерек­шелігі сол, мұнда ме­ханикалық ұсақтау тәсілі қол­данылады. Бұл – шикізатты өң­деу­дегі экологиялық таза әдіс.

– Қазір еліміздің астанасынан бөлек, Алматы және басқа да қалаларда қауіпсіз ойын алаңдары орнатылып жатыр. Кезінде бұл бастаманы біздің кәсіпорын көтеріп, балалар алаңдарын құрастыруға қатысты ортақ стандарт енгізуге атсалыстық. Сондай-ақ резеңке үгіндісінен тоқыма түгі шығарылады. Бұл шикізат та көптеген салаларда қолданылып жүр. Мысалы, оның көмегімен құрылыс тақтайшасын әзірлеуді жолға қойдық. Басты артықшылығы, май және басқа да ылғалды өзіне сіңіріп алады. Жасыратыны жоқ, бүгінде кәріз құдықтарының қақпағын ұрлау жиілеп кетті. Осыған байланысты, резеңке шикізаттан қақпақ жасау өндірісін іске қостық. Осы өнімнің барлығы ескі дөңгелек қалдықтарынан дайындалады, – дейді Kazakhstan Rubber Recycling компаниясының құрылтайшысы Ержан Жарылқасын.

Ол 2009 жы­лы Қазақстан даму банкінен шамамен 900 млн теңге көлемінде несие алып, бас қалада бірегей кәсіпорын ашқан. Аталған қара­жат­қа автокөлік дөңгелегін өңдейтін заманауи германиялық қондырғыны орнатып, ісін бас­тайды.

Алайда баламасы жоқ зауыт қазір жабылудың аз-ақ алдында тұр. Бұған АҚШ валю­та­сы­ның құны күрт көтерілгені себеп. Неге десеңіз, кәсіпкер қар­жы ұйымынан несиені ал­ған­да доллар бағамы 160 теңгені құраса, қазір бұл сома 380 тең­генің айналасында құбы­лып тұр. Қазақстанның инвес­тиция­лық қоры қарыздың 50%-ын тең­гемен, 45%-ын шетел валюта­сымен қайтаруды мін­детте­ген. Іскер азамат Прези­дент­тің долларсыздандыру жөнін­дегі Жарлығын негізге алып, бере­шек­ті ұлттық ақшамен белгі­леуді өтінген еді. Бірақ қаржы инс­титуты ұстанымдарын өзгерт­пей, тиісінше берешек мөл­шері геометриялық қар­қын­д­а ұлғайғанын айтып, мұңын біл­дірді компания құрыл­тай­шысы.

– Қанша жерден қарызды өтеуге тырыссақ та, бұл мүмкін емес. Ойлап қараңыз, кезінде 1 АҚШ доллары 160 теңге болса, қазір – 380 теңге. 930 млн тең­ге несие алдық. Қазір бұл сома 2 млрд теңгені құрайды. Айыр­машылығы айтарлықтай. Осы дау-дамайға қарамастан, 2009 жылдан бері 20 мың тонна көлемінде қауіпті қалдықты өңдеп шықтық. Оның көпшілігі елорда бойынша жиналған жа­рам­сыз қалдықтар. Бұл арқы­лы жергілікті әкімдік 740 млн теңгеден астам қаражат үнем­деді, – деді Е. Жарылқасын.

 

Қарыздың жартысын да өтемеген

Дегенмен, қарсы тарап бұл айтылғандармен келіспейді. «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айдос Бекбосынов, кәсіпорынды аяғына нық тұрғызу үшін бір емес бірнеше рет қайта қаржыландыру жүргізілгенін жеткізді. Соған қарамастан, бо­рыш­кер несиені уақтылы өте­меді дейді.

– Kazakhstan Rubber Recycling банк алдында келісімшарт бойынша уағдаласқан міндетін орындамай келеді. Осыған байланысты кәсіпорынға қатысты өндірістік істі бастауға тура кел­ді. Серіктестікке мүлдем қол­дау көрсетілмеді дегенмен келі­су қиын. Нақтырақ айтсақ, екі мәрте қайта қаржыландыру шарасы орындалды. Біріншісі 2014 жылы жүргізілді. Сол бойын­ша қарызды 2021 жылға дейін ұзартқан едік. Соның өзінде шамамен 70 млн теңге қарыз­дың тек 4 млн 400 мың теңге­сін ғана төледі. Осыдан кейін ұзақ мерзімді келіссөздер өткізі­ліп, 2017 жылы тағы да қайта қар­жы­ландыруға жол берілді. Бірақ тиісті 80 млн теңгенің тек 17 млн сомасы қайта­рылды. Қарыз қайтару мерзі­мін 2023 жылға дейін шегерт­кені­мен, бірде-бір төлем жасалған жоқ. Нәтижесінде қарызды сот арқылы өндіріп алдық. Олар істі оңалту бойынша құзыр­лы органдарға үш рет өтініш біл­дірді. Десе де сот екі мәрте өті­нішті қабылдамай қойды, – деді А.Бекбосынов.

 

Гәптің бәрі операторда ма?

Мәселенің мәнісіне бойлай келе, осыған қатысы бар тағы бір ойыншы анықталды. Серіктестік басшысының сөзіне сенсек, істің шатқаяқтауына РОП операторы кінәлі. Бұл қатты қалдықтар бойынша төлемдерді қабылдайтын Қазақстандағы бірыңғай оператор. Осы диспетчер дөңгелек ре­­зең­кесінің бір килосын 37 тең­геге бағалайды екен. Соның 3,50 теңгесі ғана өңдеуші кәсіпорынға тиесілі.

– РОП кез келген себепке бай­ла­нысты ақша төлемейді. Соңғы рет тендер өткізді деген же­леумен бізді кері қайтарды. Ол жекеменшік компания. Неге тікелей келісімшарт тәртібін құп­тамайды?! 37 теңгенің ішінде 7 теңгесін олар өздеріне қал­ды­рады. 3,50 теңге бізге қайта өң­деуге берілсе, қалған 26,50 тең­гені тасымалдаушы ұйым­ға төлейді. Бүкіл Қазақстан бойынша пайдаланылатын ре­зең­ке шикізаттың 90%-ы біздің кә­сіпорынның өнімі, – деп нақ­тылады Е.Жарылқасын.

 

Экологтар кәсіпорынды қолдайды

Отандық экологтар осы үлгідегі өндіріс орындарын қыспаққа алғаннан гөрі керісінше дамытудың амалын ойластырып, аталған ресайклингтік компанияға қолдау көрсету керегін айтады.

– «Байтақ болашақ» эколо­гия­лық альянсы бұл мекемені толық қолдайды. Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнесті қолдау керек деп айтқан еді. Ұлықтау рәсімінде Мемлекет басшысы экологияны қорғау мәселесіне ерекше ден қойған болатын. Қалдық өңдеу мәселесіне ерекше тоқталғаны есімізде. Соған қарамастан, бүгін қайта өңдеуші кәсіпорындар қысым көріп отыр. Бұл қиын жағдай. Адамдарды жұмыспен қамтып, салық төлеп отырған зауыт. Мұндай үлкен кәсіпорынды ұстау оңай шаруа емес. Бір жарым жыл бойы жұмыс істемеген. Бұл инвестициялық қордың кәсіпкерліктің дамуына жасаған нақты залалы, – деді «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының төрағасы Азаматхан Әміртаев.

Сөз орайы келгенде айта кетейік, автокөлік дөңгелектері табиғатта өздігінен ыдырауы кемінде 100 жылға созылады екен. Ал оны өртеу қоршаған ортаға тіпті зиянды. Себебі ауа атмосферасына бифенил, антрацен, пирен сынды зиянды заттар тарау қаупі басым. Қазіргі таңда ескі дөңгелек қалдықтарын өңдеп, одан аяқ-киімнен бастап түрлі тұрмыстық заттарға дейін жасалады. Осыны есепке алсақ, өңдеуші орындардың көптігі артық етпейтіні анық. Дегенмен, нарықтағы бәсекелестік пен заң шеңберінен аттауға тағы болмайды.