Әлем • 20 Тамыз, 2019

Индонезия астанасын ауыстырады

743 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көптен бері ел аузында жүрген бұл бастаманың да жүзеге асатын уақыты таяп қалды. Жақында Индонезия президенті Джоко Видодо парламенттен астананы Жакарта қаласынан көшіруге ресми түрде рұқсат беруін сұрады.

Индонезия астанасын ауыстырады

Индонезия тәуелсіздігінің 74 жылдығына орай, парламент алдында сөз сөйлеген президент Джоко Видодо ел орталығын Ява аралығындағы Жакартадан Калимантан аралына ауыстыруды ұсынды. Бірақ қай қаланың астана мәртебесіне ие болатынын нақтылап айтпады. Мемлекет басшысы жаңа астана ұлттық өзіндік ерекшеліктің символына айналатынын және Индонезия халқының экономикалық теңдік пен әділеттілікке деген ұмтылысын айшықтайтынын мәлімдеді.

Биыл қайта сайланған ел президенті астананы көшіру туралы мәселені сәуір айында көтерген еді. Сол кезде Джоко Видодо Жакарта бір мезетте екі бірдей маңызды міндеттің үдесінен шыға алмайтынын, яғни қаржылық әрі саяси орталық бола алмайтынын айтқан. Ол астанасын ауыстырған үш мемлекетті мысалға келтіріп, тыңғылықты дайындық болса, бұл ойды іске асыра алатындарын сөз еткен. Астанасын көшірген елдердің бірі ретінде Қазақстанды да атаған.

Арал-мемлекеттің астанасын Жакарта қаласынан көшірудің бірнеше себебі бар. Қазір бұл қала күрделі мәселелердің күрмеуін тарқатуға, инфрақұрылымын одан әрі дамытуға қауқарсыз болып отыр. Басты мәселе – астана халқының өте тығыз қоныстауы. Қала тұрғындарының тығыздығы шаршы километрге 15 мың адамнан келеді екен. Салыстырмалы түрде Қазақстанның ірі мегаполисі Алматы халқының шаршы километрге 2700 адамнан келетінін қаперге алсақ, Жакартадағы бұл көрсеткіштің қаншалықты дабыл қағарлық екенін аңғаруға болады. Жалпы, Жакарта қаласы орналасқан Ява аралы Индонезия аумағының 7%-ын құрайды. Ал мұнда мемлекеттің 245 млн халқының 60 пайызы тұрады.

Халықтың шектен тыс қоныстануы қаладағы қайнаған тірліктің іркіліссіз ілгерілеуін тежейді. Мәселен, тұрғындардың көптігі көшедегі көлік кептелісі мәселесін одан сайын қиындата түсуде. Uber компаниясының зерттеуі бойынша Индонезия астанасында көлік жүргізушілер жылына шамамен 22 күн кептелісте тұралайды екен. Бұл – Азиядағы ең жоғары көрсеткіш. Астанадағы кептеліс елді 6,8 млрд доллар шығынға ұшыратады. Сонымен қатар Inrix компаниясының баян­дамасына сәйкес, Жакарта әлемнің ең тығыз мегаполистері рейтингінде 12-орынға жайғасқан.

Астананы ауыстырудың тағы бір факторы – қаланы біртіндеп су басуы. Жыл сайын мұхит суы орта есеппен 15 сантиметрге көтеріледі. Жағалауда ор­на­ласқан Жакартаның су астында қалатын жағдайлары жиі кездеседі. Маусымдық жауын-шашын кезінде су тасқынынан қала жұрты үнемі зардап шегіп жатады. Табиғаттың тосын мінезіне қоса, бас қала сейсмикалық қаупі жоғары жерде орын тепкен. Ғалымдар 2050 жылы Жакарта толығымен жер астына кетуі мүмкін екенін айтады. Жыл са­йын қаланың солтүстік аудандары 25 сантиметр жерге кіріп жатыр. Бұған қоса Жакартаның батыс бөлігі 15 сантиметрге, шығысы 10 сантиметрге батып барады. Ал шаһардың орталық аудандары жылына 2 сантиметрге, оңтүстігі 1 сантиметрге төмен тартып жатыр. 13 өзеннің тоғысқан тұсында жайғасқан қала тұтасымен батпақты жердің үстінде тұр.

Осындай олқылықтар мен қауіп-қатердің бәрін ескеріп, Индонезия билігі астана ретінде жаңа мекенді қарастырып жатыр. Жакартаның жағдайымен жақсы таныс елдің қазіргі президенті Джоко Видодо 2012-2014 жылдар аралығында астананың губернаторы болған. Ол осы айда қолайлы орын табу үшін Калимантан аралына барғанымен, жаңа орталық түсетін провинцияны әлі нақты айтпады. Бірақ кейбір дереккөздерде ел үкіметі астананы көшіруі мүмкін үш орынды таңдап қойғаны, олар Орталық Калимантан провинциясындағы Паланкарая қаласы, Оңтүстік Калимантан провинциясындағы Танах Бумбу және Шығыс Калимантан провинциясындағы Пенаджам ауданы екені хабарланды. Сондай-ақ мұхиттан алшақ тұрған Калимантан аралындағы Гунунг-Мас муниципалитеті мен Кутай-Картанегар ауданы да жаңа астанаға қоныс болуы мүмкін.

Бүгінгі таңда орталықты Жакарта қаласынан көшіру туралы кешенді жоспардың әзірленіп қойғаны туралы ақпарат бар. Жаңа астананың құрылысы 2021 жылы басталып, жобаға 32,5 млрд доллар жұмсалмақ. Елдің ұлттық даму министрі Бамбанг Броджонегоро Бразилия мен Қазақстанның тәжірибесіне сүйеніп, астананы көшіру ондаған жылға созылуы мүмкін екенін хабарлаған. Бірінші кезеңде жаңа қалаға шамамен 200 мың мемлекеттік қызметкерді және 25 мың полиция қызметкері мен әскерилерді, жалпы 1,5 млн тұрғынды қоныстандыру көзделіп отыр. Жаңадан салынған қала астана мәртебесін 2024 жылдан бастап алуы мүмкін.

Ал астананы жаңа орынға ауыс­тырғаннан кейін Жакарта қаласын елдің іскерлік, қаржылық және сауда орталығы ретінде қалдыру жоспарланған. Бұл бағыттағы жұмыстарға Аустралиядағы Сидней, АҚШ-тағы Нью-Йорк және Бразилиядағы Сан Паулу қалалары бағдар болмақ.