Аймақтар • 20 Тамыз, 2019

Ұлы даланың тілде өрілген тарихы

598 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Бүгінгі күні ұлттың, нақтылап айтқанда, қазақ халқының өзін өзі іздеуі, өзіндігін табуы айрықша өзектілікке ие болып отыр. Ғылымда ұлттың өзіндігін айқындауды «ұлттық бірегейлік» деп атау орныққан. Бір қарағанда бұл жеңіл, ешқандай күрделілігі жоқ мәселе болып көрінуі мүмкін. Ал шынтуайтына келгенде, қазақты қазақ етіп тұтастырып тұрған не, қазақ ұлтының тек өзіне ғана тән, өзгелерден ерекшелеп тұрған басты айырымы неде, қазақ десе ойымызға не оралады, көз алдымызға қандай түсінік-елес үйіріледі, қазақты ұлт ретінде ұйыстырып тұрған басты қандай құрал, қазақты алға құлшындыратын, рухына қуат, көңіліне шабыт беретін қандай қасиет деген сауалдар тізбегі көлденең шыққанда, абдырап, кәдімгідей ойланып қалатынымыз белгілі. Сөз жоқ, бұл сұрақтарға көңілге қонымды, уәжі толымды, қисынға нанымды жауап іздеу және табу, бұлтартпас фактілерге сүйеніп тұжырымдау өзекті де қажетті мәселелердің қатарында.

Ұлы даланың тілде өрілген тарихы

Ұлттың алға жылжуы үшін де, бет алар бағытын адаспай табуы үшін де, дамуға қуат алуы үшін де, ұлт болып ұйысып, мызғымас беріктігін үнемі қамтамасыз етіп отыруы үшін де оның өзіндігін табуы мен тануы, оны жүрегінің түбіне орнықтыруы, санасына сіңіруі ерекше маңызды.

Өйткені өзін өзі таппаған, өзінің кім екенін, қай шамада тұрғанын белгілей алмаған ұлт та, адам да ұзаққа бара алмайды. Тиянағы, сүйенері болмаған соң, ісінің берекесі, болашағының баяны аз, бұлдыр болады.

Әдетте, «Тарихты жеңімпаз ұлттар жазады» деген қағида бар. Бұл ауыр үкім­дей естілгенімен, өзегінде шындығы бар сөз. Апайтөс Еуразияның ұлан-ғайыр кеңістігінде аруақты ата-бабаларымыз – Көк түріктер алып қағанаттар құрып, дүниенің жартысына билігін жүргізіп тұрғанымен, ол дәуреннің де заман өте келе көзден бұлбұл ұшып, басынан бақ тайған кездері де жоқ емес. Өйткені Көк аспан астында мәңгілік ешнәрсе жоқ. Сағымдай құбылып, сан түске бөленіп, өзгеріп тұрған дүние. Дегенмен «Орнында бар оңалар» деген. Еңсеміз түссе де, еліміз орнында, шек-шеті жырымдалса да, жері­міз орнында. Өткенімізге үңілу, тарихы­мыз­ды түгендеу бағытындағы бүгінгі әрекет­теріміз осының өтеуіндей заңды іс бол­мақ.

Елбасының осы өзекжарды сауал­дар­ға қайта-қайта оралып, оларды бас­тама, бағдарлама ретінде ел талқы­сы­на, атқарар шаруа, темірқазық бағдар ретінде Үкімет алдына үнемі ұсы­нып отыруы да тегін емес. Кезінде Елба­сы­мыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынып, рухани құн­ды­лықтарымыз бен жәдігерлерімізді түген­деуге арналған «Мәдени мұра» бағдар­ламасынан өзек тартқан бұл үрдіс бүгінде арналанып, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалары арқылы нақты тапсырма-бағдарламаларға ұласып отыр. Бастапқыда халқымыздың бай рухани мұрасын жинақтауға, іздестіруге мән берілсе, енді осы мұраны игеруге, мұралануға және оны өмірімізге ендіруге жұмылдырып отыр.

Бұл үрдіс қай жағынан алғанда да қисынды. Елдегі барлық жағдай, атап айтқанда, демографиялық, ұлттық, мәдени, экономикалық факторлардың барлығы да ескеріліп, солардың ыңғайына қарай табиғи эволюциялық қалыпта, сабақтаса өрбітілуде.

Әлбетте, оқиғаларды тым асық­ты­­руға да, кейде тым сақтық танытып кешеуіл­де­туге де болмайды. Елбасының қазақ хал­қы­ның даналық дүниетанымынан бойына сіңірген мол пішіп, кеңінен қамтитын парасаттылығы, ұзақты аңғарып, алысты шолар көре­ген­ді­лігі, сындарлы сәттерден жол табар тәжірибелілігі, ұрымтал сәтті тап басар шешімтал қайраткерлігі осыдан көрінеді. Бір қарағанда тап осы мезетте тиімсіз болып көрінетіндей болғанымен, ұзақ мерзімде есептегенде түбі қазаққа қайыр болатындай кейбір қадамдарға барып жатқандығы да сондықтан деп білеміз.

Осы орайда ойымды мен Елбасының соңғы кезде жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында тағы да өрбітпекпін. Мақала екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» деп аталып, онда осынау Ұлы дала төсінде даңқты бабаларымыздың жасаған заттай және материалдық игілік­те­ріне ерекше тоқталған.

Екінші бөлім «Тарихи сананы жаң­ғыр­ту» мәселесінің қадау-қадау жолдарын көрсетуімен құнды. Жоқтан бар жасамай, тарихымызда, өткен тұрмысымызда ізі қалған, бірақ тарих көшкінінде көмес­кі­лен­ген мұраларымызды шаңынан ажыратып, алмастай жарқыратып жұрттың алдына тартар кезіміздің келгенін, өзгенің жылтырағына алтын деп тамсанудан арылуымызды қадап тұрып айтқан.

Елбасы бұл мақаласында жалпы ұлт тари­хына, оның жасампаздық қабі­ле­тіне, бү­гінгі күнге берер қасиетіне, оны қа­растыруға жалпы бағдар, негізгі бағыт берді. Оны таратып айту, тарқатып жа­зу, же­тілдіру, іске асыру жолдарын тұ­­жырымдау ғалымдардың, арнаулы ма­ман­дар­дың, көзі қарақты жандардың міндеті, ал іске асыру – Үкіметтің шаруа­сы.

Осы орайда мұны мен тіл арқылы негіздеуге, тіл арқылы тарқатуға қатысты ойларымды ортаға салмақпын.

Біздіңше, тарихтың үш түрлі қызметі бар: өткеніңді тану, тағылым алу және та­мырға жалғану арқылы қуаттанып, құл­шы­ну.

Міне, бұл үшеуін де туған тілден табуға да, тағылым алуға да, тамырлануға да болады.

Яғни, Елбасы мақаласының басты айтпағы – тарихты тану, тағылым алу және тарату. Сонымен

 

Тарихты тану

Қасиетті кітаптарда әуелі Сөз болғаны, содан кейін барлығы жаратылғаны туралы айтылады. Ислам діні: «Әлем Алланың «Бол!» деген әмірі арқылы бар болып тұр» дейді. Бұл тұжырымды ғылым да жоққа шығармайды. Түрлі ғылым салаларының осы бағыттағы зерттеулері мен ашқан жаңа­лықтары аталған сырлы сөздің ақи­қат­­тығына дәлел боларлық тиянақтарға жа­­қын­дап келеді.

Амери­калық әйгілі ғалым, қоғам қай­­рат­­кері, философ, тілші Ноам Хомс­­­кий­дің лингвофилософиялық концеп­циясына сәйкес, тілдің басты функциясы қарым-қатынас құралы болу емес, негізінен ол – ойлау мен өзіндік ойды жеткізу, жарық­қа шығару құралы. Бұдан шығады, тілде өмір құбылыстары мен заттар әлемі көрі­ніс тауып қана қоймайды, дүниеде жоқ құ­былыстардың өзі тіл арқылы ойда мо­дель­де­неді де өмірде заттық қалыпқа айналады.

Рене Декарт та тілді ойды еркін жеткізу құралы ретінде қарастырады. Ол тілдің пайда болуын механикалық, физио­ло­гиялық тұрғыдан түсіндіруге, соның нәтижесі ретінде қарастыруға келіспейді. Оны ұшқарылық, негізсіз деп санайды. Бұл ой­ды В.Гумбольд та қуаттайды.

Ал жануарлар тілін механикалық әдіс­пен түсіндіруге болады. Жануарларда тіл – коммуникациялық қызмет атқарады. Жан­уар­лардың сөйлеу қабілетіне ие болмауы, олар – тән мен жанның қосындысы. Ал адам – тән, жан және рухтан тұрады. Тіл арқылы ойлай алады, абстрактілі ойлау қабі­летіне ие, ойдан ой өрбітіп, пікірден пі­кір туғызады.

Бұл үшін адамның, ұлттың өзін өзі тауып, тануы айрықша өзекті. Өзін таны­ған­да ғана дүниеден адам тиянақ табады, сүйе­нетін тірекке ие болады.

Өзін өзі адам, ұлт қалай таба алады?

Әрине оның жолы көп. Материалдық, заттық мәдениеттерді зерттейді. Тарихты қарастырады. Ұлы есімдерге сүйенеді. Архивтерге үңіледі.

Мұның себебі неде? Біздіңше, бұлар мынадай сұраныстардан туындап отыр: тарихи санаға мұқтаждық, ел болуға ұмтылу, елдікті сақтап қалу, бәсекеге төтеп беру.

Тіл – жанды архив, рухани қазына. Тілде көрініс таппайтын өмір құбылысы болмайды. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көтерілген мәселелердің барлығы да туған тілімізде өріліп жатыр. Тек соны көретін көз, сезетін зерде болса болғаны.

Бір ғана мысал келтірейік. Елбасы мақаласында айтылған Ұлы даланың көне заманнан бергі уақытта металл өндірген, алтыннан киім киінген ел болуы­на дәлел боларлық тілдік дәйектер өте мол. Осы металл балқыту, металл қорыту, металл өңдеу және металл атаулары бо­йынша қазақ тілінде терминдік атаулар легі ұшан-теңіз. Мысалы, қорғасын, мыс, қалайы, жез, мырыш, темір, сынап, күкірт, болат, шойын, т.б. болып тізіліп кете береді. Металл өндіру мен өңдеуге, қоспаларынан жаңа металдар алуға қатысты процестерді бейнелейтін атаулар мен ұғымдар саны қаншама. Металдардан алынған өнімдер мен бұйымдардың атауларының өзі қыр­уар. Ең қызығы, бұл атаулардың ешқай­сы­сы да кірме сөз емес, қазақтың төл атау­лары. Бұлардың терең қатпарларында «Өтүкен», «Ергенеқон» аңыздарындағы тау­дың қойнауын балқытып шыққан көне заманның ақиқат-елесі сұлбаланып көрі­не­ді. Жезқазған, Теміртау, Кен қазған, т.б. жер-су атаулары қаншама?

Қазақ ертегі-аңыздарында тұрақты кездесетін Оттау, Мұзтау, Жезтырнақ, «темір таяғы тебендей, темір етігі түй­ме­дей» болатын кейіпкерлер де осы сөзімізге дә­лел емес пе? Бұл бір ғана саладағы атауларымыз. Ал басқа сала­лар­да да осы тектес атауларымыз­да қи­сап жоқ. Сон­дық­тан осы бағыттағы зерт­теулерді кеңей­те түсу тілдік қазы­на­­мыздың талай құпия қат­пар­­ларына жетелейтініне сөз жоқ.

Мұның анық-қанығы мен дәлел-дәйе­гін Елбасы мақалада ұсынған «Архив – 2025» жобасын іске асыру арқылы тауып, тиянақтауға болады. Әрине қазынамызды, заттай деректерді архивтен іздеген орынды. Сонымен қатар тілдік архивімізге де үңілген маңызды. Осыған орай Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты біраз жылдан бері дайын­дап келе жатқан «Қазақ тілінің ұлттық корпусы» жобасы аталған олқылықтың орнын толтырады ғой деп ойлаймыз.

Сонымен қатар төл тарихымызды түгендеуде және толықтырып, тың деректермен байытып қайта жазуда тілдік мұраларымызды да тарихи дереккөз ретінде пайдалану жайын ойластырған жөн. Мұның жақсы үлгілерін Олжас Сүлейменовтің «АЗиЯ», «1001 сөз» кітап­та­ры, Ақселеу Сейдімбектің «Даланың ауызша тарихнамасы» (ДАТ) көрсетіп берді. Алдағы уақытта тарихшыларымыз заттай және жазба деректерден басқаны ғылыми дәйек деп танудан бас тарту қағидатын жұмсартып, қазақ халқының ғажайып тіл қазынасын, онда жасалған мол ауыз әдебиеті үлгілерін де тарихи дерекнама ретінде пайдалану әдістемесін, яғни тарихтың ізін тілден табу, тіл арқылы негіздеу әдістемесін тұжырымдауды қолға алса, туған тарихымыздың талай-талай құпия қатпарларын ашуға қол жеткізер еді деп есептейміз. Сонымен бірге тілдік зерттеулерімізге де басқаша қарайтын, жаңа парадигмамен зерттейтін кез жеткен секілді.

 

Тарихтан тағылым

Тіл арқылы тарихты тануға болса, тіл арқылы тарихтан тағылым алуға да болады.

Сөз жоқ, тарихымызда рухымыз асқақ­тап, шалқып, тасыған сәттеріміз де болды, рухымыз жасып, күңіреніп, күйзелген кездеріміз де жоқ емес. Бірақ Елбасы әркез қайталап айтып жүр­ге­нін­дей, «қазақ тарихында қазақ ұяла­тын­дай ешнәрсе жоқ». Керісінше, абыройымыз артқан мерейлі сәттеріміз көп.

Жоғарыда айтқанымыздай, қазақ тілі­нің бай қорында қазақ тарихының әр­түр­лі кезеңінің іздері жақсы сақталған. Бұдан біз көшпелі мәдениеттің, сонымен бірге отырықшылық тұрмысқа да тән мә­де­ниет­тің іздері мен белгілерін бай­қай­мыз. Қазақ тілі­нің бай болатыны да сондықтан.

Тарихтан алар тағылымымызды ұзақ­тан іздемей-ақ, халық даналығының қай­нары – мақал-мәтелдерден, батырлар жырларынан, ертегі-аңыздардан, тарихи жырлардан, әпсана-хикаялардан, қисса-дастандардан, би­лердің үлгілі сөздерінен, жыраулардың ма­ғы­налы жырларынан, дуалы ауыз абыз ақсақалдардың батасынан табамыз. Бұ­лар­дың барлығы да сан ғасырлық сүз­гі­ден сұрыпталып өткен, ұлтымыздың ұзына-бойғы тарихи тәжірибесін бойына бүккен және даналық тұжырымдарын қорытқан ғажайып көмбесі.

Осынау мол мұрамыз бүгінде жинақ­та­лып, тасқа басылып шықты. Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инс­ти­тутының ыждағатымен шыққан 100 томдық «Бабалар сөзі» ұлтымыздың ұлы қазынасына айналып отыр.

Ендігі кезекте осы мұраларымызды игеру, өскелең ұрпақтың санасына сіңіру, игі­лі­гіне жарату орайында атқарар істеріміз көп. Олардың да іске асыру жолын Елбасы аталған мақаласында нұсқап отыр. Бұл үшін «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Дала фольклорының антологиясы», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» жобаларын іске асыру ұсынылған.

Осы орайда тіл философиясын қалып­тас­тыру, герменевтикалық зерттеулер жүр­гізуге көңіл бөлу, төл тарихымызды та­ра­зы­лаудың жаңа концепциясын тұжы­рым­дау ерекше маңызды. Өйткені аталған жобаларда фактологиялық материалдарды, рухани мұрамызды осы кезге дейін қалыптасып қалған еуроцентристік біржақты қасаң көзқарас тұрғысынан бе­ретін болсақ, онда біржақтылыққа ұры­на­мыз. Яғни, тарих тағылымын да, Елбасы ұсынған тың ойлардың да астары мен мазмұнын жете ұғынбаған болар едік. Сон­дықтан аталған жобаларды іске асыр­ғанда Елбасының түпкі ойына жете мән беріп, барынша ұлтымызға пайдалы бо­ла­тындай, тарихтың тағылымын дұрыс па­йым­­дай отырып кірісу қажет. Еліміздегі фило­софия, әдебиеттану, тіл ғылымы, әлеуметтану, психология, өнер, т.б. сала­лар мамандарының бірлесе отырып тал­қы­лаулар мен пайымдауларға жұмыла кірісіп, ортақ бәтуалы байламға келетін тұс та осы кез.

Сонда ғана шын мәнінде тарихтан тамырлануға да, тарихтан рухтануға да зор мүмкіндік тумақ.

Әлбетте, тарихын таныған, тарихынан тағылым алған және сол арқылы тамырына жалғанған ұлттың алар асуы да, шығар биігі де мол болмақ. Ылайым, солай болсын деп тілейміз.

 Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі

институтының бас ғылыми қызметкері,

Халықаралық «Қазақ тілі»
қоғамының президенті, ҰҒА академигі