Аймақтар • 20 Тамыз, 2019

ҚМГ Цифрлық трансформация бағдарламасының Жол картасы мақұлданды

433 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

16 тамызда «ҚазМұнайГаз» ҰҚ АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаевтың төрағалығымен өткен Трансформация және жаңғырту жөніндегі кеңестің кезекті отырысында ҚМГ цифрлық трансформация бағдарламасының 2019 – 2024 жылдарға арналған Жол картасы мақұлданды. Бұл туралы аталмыш компанияның жұртшылықпен байланыс департаменті хабарлады.

ҚМГ Цифрлық трансформация бағдарламасының Жол картасы мақұлданды

Жол картасы ҚМГ цифрлық трансформация бағдарламасының  қоржынына кірген жобалар мен шараларды іске асыру жоспарының мерзімдерді мен түйінді көрсеткіштерін нақтылайды. Сондай-ақ картада әрбір жобаның немесе шараның белгіленген мерзімде сапалы аяқталуы үшін жеке жауапкершілік жүктелген «ҚазМұнайГаз» топ-менеджерлерінің тізімі бекітілді.

Еске сала кетейік, Бағдарламаға 14 жоба мен 14 шара енгізілген. Олар өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жоғары өнімділік мәдениеті, корпоративтік және өндірістік бизнес-процестердің реинжинирингі, бизнеске арналған сатып алулар мен цифрлық шешімдердің жаңа үлгісін енгізу сияқты трансформациялық бастамаларды іске асыруға бағытталған.

Сондай-ақ, кеңесте бұған дейін өткен жиналыстарда берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысы, жалпы Бағдарламаны орындау барысы қаралды. Атап айтқанда, «Интеллектуалды кен орны» және «Негізгі бизнес-функцияларды трансформациялау және ERP енгізу» жобаларын іске асырудың ағымдағы мәселелері талқыланды. Бұдан басқа, «ҚМГ мұнай өңдеу зауыттарында өндірістің оңтайлы жоспарлануын енгізу» жобасының нәтижелері туралы есеп тыңдалды. Жоба аясында 2018 – 2019 жылдары Атырау мұнай өңдеу зауытында, Павлодар мұнай-химиясы зауытында және «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-де «Spiral Plan» бағдарламалық жасақтама негізінде өндірістік жоспарлаудың автоматтандырылған жүйесі енгізілді. Аталған жүйені пайдалану мұнай өңдеу кәсіпорындарына өңдеу тереңдігін ұлғайтуға, өндіріс барысында қолданылатын отын көлемін және шикізат шығындарын, сондай-ақ операциялық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.

Жаңғырту жөніндегі кеңесте цифрлық трансформация жобаларын іске асыру кезіндегі тәуекелдерді басқарудың тәсілі таныстырылды. Бұл тәсіл дербес белсенділікті көздейді және мерзімдері, құны, мазмұны мен сапасы сияқты кез келген жобаның мақсаттарына жету жолындағы қандай да бір тәуекелдерді дер кезінде анықтауға және оның жағымсыз ықпалын азайтуға бағытталған.

 

Маңғыстау облысы