Руханият • 21 Тамыз, 2019

«СҚ»-дан шыққан самдағай

226 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ара-тұра үлкендер аузынан жай айтыла салғандай көрінетін қарапайым тіркестерге бала жастан қанық боп өскенмен, олардың астары терең мән-мағынасын есейе келе ұғып, базбіріне пәлендей ден қоймаған шақтар да болғаны қашанда көкейде.

«СҚ»-дан шыққан самдағай

Сонау ел басына сұрапыл ауыртпалық түскен соғыс жылдарында майданға кеткен боздақтарының өлі-тірісін білмей, күдік-күмән шырмауында жүретін ата-әжелердің ертелі-кеш «е, құдай, көрсеткеніңе шүкір» немесе екі сөздерінің бірі «тәубе» болатын сабыр-шыдамдылықтары неткен ірілік, беріктік еді десейші. Ой, дүние-ай! Екі не үш ұлының бірі майданнан мүгедек боп оралғандағы қуаныш-қанағаттары өзінше. Екі-үш боздағы із-түзсіз кеткен кейуаналардың бертінге дейін тіршілік еткені жадымызда. Бұларды ауызға алу себебіміз, фәни жалған қашанда солай екенін көріп-біліп, куә боп келе жатқанымыз және қаншама көз көрген, бір дәуірде ғұмыр кешіп, қатар жүрген замандас үлкен-кішілердің бірі ерте, бірі кеш мәңгілікке кетіп жататыны орны толмас өкініш, қасірет екенін ұғыну одан да өткен қасірет екені. Өйдеп-бүйдеп жұбатасың өзіңді де, өзгені де. «Тірі адам тіршілігін жасайдыға» иек артасың. Басқадай қолдан келер не бар? Әйтсе де...

Бақиға аттанғандар ішінде орны бөлек, санада сақталып, рухы жан-тәніңмен бірге жүретін ерен жандар болатыны аян. Өз басым үшін сондайлардың бірі – өмірінің соңғы бес-алты жылында жақын жүріп, зәредей сыр бүкпей, етене араласқан белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, философ-ғалым, ғылым докторы, профессор, кәсіби журналист, кісілігіне кішілігі сай, қарапайым, зипа, асқан білімпаз, еңбекқор, «Социалистік Қазақстанда» бөлім бастығы, Орталық комитетте нұсқаушы, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары, бірінші орынбасар, Көкшетау облыстық партия комитетінің хатшысы, Жоғары партия мектебінің ректоры, «Мысль» журналының бас редакторы секілді лауазымдар атқарған Әбдеш Қалмырзаев. Ол жөнінде көзі тірісінде де, бақиға озған соң да азын-аулақ жазған жайымыз болған-ды. Сондықтан бірді-екілі болмаса, оларды қайталап жатудың реті де, жөні де жоқ. Көзі тірісінде (қайтыс болғаннан соң да) айтылғандай, бізді табыстырған – ұлы әнші Ермек Серкебаев. Әншінің өзі емес, ол жөнінде жазылған эссе-сұхбат кітап. Әне, Ермек Серкебаев өз қолымен сыйлаған сол кітапты (айтуынша) бір түнде оқып шыққан бойда маған жолыққан Әбекең адалынан ақтарыла ағынан жарылып: «Мен бұлай жаза алмас ем» дегені, әрине тектілік, қарапайымдылық, кішіпейілдік болатын. Біреулер көзге ілмеуі мүмкін өзгенің еңбегін риясыз бағалау. Сирек құбылыс. Әбдештей тұлғаға сыйымды жай. Кітапты өз тарапымнан елпілдей ұсынғандар ішінде бетін ашпағандар болғанын да несіне жасырамыз. Бірақ ешкімге өкпе-реніш жоқ. Көпе-көрінеу білмегенсіп, естімегенсіп, көзге ілмегенсігендерге екібастан үзір. Үш рет басылды, төртінші рет шығарған да артық болмас еді деген Мұхтар Құл-Мұхаммед інім хабарласар деп ойлап жүремін (ол екінші рет басылуына сеп жасаған еді).

Қайталап айтсақ, Ерекеңнің (Серке­баев) арқасында Әбе­кең­мен (Қал­мыр­заев) жік-жапар­сыз табысып, достас­қа­нымыз өзінше, оны қайдам, ал мен көп нәрсеге көзім ашылып, рухани байығанымды айтып келемін, ғұмыр жеткенше айта да беретін шығармыз. Сол бес-алты жыл ішіндегі Әбекеңнің басынан өткен ыстық-суықтар, маған арқа сүйеп, сеніммен қарағаны – бәрі есте, санада. Ендігі бір-екі ауыз лебізді оның көзі тірі кезін­дегі және қаза болған соң баспасөзде жарияланған құс­ни­хат­та айтылғандай әуенде баяндап байқайық.

Аруағыңнан айналайын, Әбеке!

Осынау өзіңе деген шағын арнауды адамға өлшеп берілетін өмірдің алдамшы, жалған екенінен бастағанның өзіндік себебі жоқ емес. Зымыраған уақыт сенің арамыздан кеткеніңе алты-жеті жыл болғанына белгі қоятын кез де келіп қапты. Апырай, ә?! Ол жөнінде таяуда шаңырағыңның шамын сөндірмей, түтінін түтетіп, ұрпақтарыңа бас-көз боп, орныңды жоқтатпай, аруағыңды көз ілмей күзетіп отырған, өзім үзбей хабарласып тұратын құдай қосқан қосағың Үрзада айтты. Біз де шамалап жүретінбіз. Үрзаданың айтқаны да дұрыс болды. Басына барып қайтсам деуім мұң екен, Үрзада көлік дайын, апарып қайтады деді.

Ұзамай жүргізуші хабарласып, баратын уақытты белгі­ле­дік те, мешітке тарттым. Онда Құран бағыштаған соң Кеңсайға жөнелдік. Асып та, тасып та тұрмаған ескерткіш-белгі басында дұға оқып, өзіңмен іштей тілдестік, сыр шертістік. Ескерт­кіш­тегі екі тармақ өлең жолда­ры көзіме оттай басылды. Қайта-қайта оқыдым. Кезінде оны (өзіңмен қатар мәңгі ұйқыда жат­қан) Қадыр сынды дарынды, көрнекті ақынның өлеңінен алға­ным еске түсті.

Кеңсайдан оралған бойда Үрзадаға хабарластым. Ол бұған дейін сан рет сөз боп жүретін жағдайды айтты: «Тұрған үйге ескерткіш-тақта қою үшін қайтыс болған соң бес жыл өту керек екен, міне, бес жылға бір айға жетер-жетпес уақыт қалды. Қалай болар екен, жоғары жаққа айту керек пе, не дейсіз? – деп. «Әбекеңді көзі тірісінде Елбасы талай рет қабылдап, орден, медальмен марапаттап, құрметтеуші еді ғой. Белгілі тұлға. Қам жемесеңіз де болады», – дедім оған Әбекеңнің атақ-абыройына сүйеніп, өзімше үлкен сеніммен. «Дегенмен, сөзі өтетін біреудің есіне салып, ертерек қам жасаған дұрыс көрінеді. Кімге айтсақ екен?» – деген соң, «Алматының әкіміне айтыңыз, қабыл­дауына жазылыңыз»,– дедім (тағы да берік сеніммен).

Міне, Әбеке! Баяғыша құснихат арқылы сырласудағы қыс­қаша айтарым осы. Айт­пақ­шы, көзің тіріде бірінші кітабы шыққан орысша үш том­ды­ғың­ның екінші кітабы жарық көріпті. Үрзаданың айтуынша, қар­жы­ны өздері тауыпты. Қап-қап уәде бергендердің шамасы жетпеген сияқты. Оқасы жоқ. Ал енді, Әбеке...

Мұндағы ахуалға келсек, өткен жолғы аруағыңмен сырласуда айт­қан­дар­ға қосып-алар еште­ңе жоқ. Соларды осы жолы тағы қайталасақ артық еместей.

«...Мұнда ма? Сол баяғы қалып. Қу тірлік. Фәнидің жал­ған­дығын біле тұрып «боқ бат­пақтан» (Бельгердің сөзі) шық­пайтындар да аман-сау, шап­қы­лап жүр. Ауыздарында – Алла, тілдерінде – ғайбат. Ақылға жүйрік. Көлгірлік көлдей. Кит етсең, орып жіберуге дайын. Солай... солай... иншалла... Тәубе!.. Тәубе!..».

Үрзада өзіңді жиі айтады. Күрсінеді. Қайтсін, сағынады да. Біз де...

Рухың шат болсын!

 

Зәкір АСАБАЕВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Жобалау академиясының академигі