Жұмысшы кадрларын әзірлеу
Жұма, 18 қаңтар 2013 7:45
Бұл іс қайтсе жақсарады?
Бүгінгі кезеңде қай іске де кәсіби көзқарас қажет. Баяғы коммунистік партияның үстемдік құрып тұрған кезінде отандастарымыздың арасында қара жұмысшы деген сөз бен тіркес жиі қолданылатын. Міне, өздеріне осындай айдар тағылған «қара жұмысшылар» көп жағдайларда барып кел, алып кел дегендей қолбаланың орнына жүргені де жасырын емес.
Жұма, 18 қаңтар 2013 7:45
Бұл іс қайтсе жақсарады?
Бүгінгі кезеңде қай іске де кәсіби көзқарас қажет. Баяғы коммунистік партияның үстемдік құрып тұрған кезінде отандастарымыздың арасында қара жұмысшы деген сөз бен тіркес жиі қолданылатын. Міне, өздеріне осындай айдар тағылған «қара жұмысшылар» көп жағдайларда барып кел, алып кел дегендей қолбаланың орнына жүргені де жасырын емес.
Үнемі үздіксіз алға даму үстіндегі бүгінгі қазақстандық қоғам талабы мұндай ескі көзқараспен мүлдем сыйыспайды. Сондай-ақ, егемен елімізде қара жұмысшы деген атаудың келмеске кеткеніне де біраз уақыт болып қалды. Қазір республикада жұмысшы мамандығына деген көзқарас түбірінен өзгерді десе де болады. Бүгінде өндірістің кез келген саласының көсегесін өздері таңдаған мамандықтарын кәсіби тұрғыдан жан-жақты меңгеріп, озық технология мен қазіргі замандағы техника тілін жетік білетіндер ғана көгерте алады.
Сондықтан да, республикада өндіріске қажетті мамандар әзірлеу деңгейін көтеру, оның сапасын арттыру қажеттілігі туып отыр. Бұл міндет ендігі жерде әлеуметтік серіктестік және теория мен практиканың үйлесімділігі негізінде жүзеге асырылмақ. Сонымен бірге бүгінде дуальдық білім беру жүйесін де жан-жақты өрістету өмір мен өндірістің өз сұранысынан туындап отырғаны да аян. Дуальдық білім беру деген не?
– Бұл техникалық және жұмысшы кадрлар әзірлеу ісінің бүгінгі заманғы озық жүйесі. Мұндай жағдайда арнаулы оқу орындарындағы теориялық білім беру тәсілдері өндірістік кәсіпорындарда практикалық қадамдармен тығыз ұштастырыла жүргізіледі. Осындай бүгінгі заман талабына сай Орал өңіріндегі колледждер мен бірқатар кәсіпорындарда дуальды оқыту әдісі енгізілді, – деді газет тілшісіне Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің бастығы Жұмабай Есқалиев.
Облыста осындай озық жүйені орнықтыруда өзге әріптестеріне үлгі көрсетіп жүрген арнаулы оқу орындары қатарында Орал политехника колледжін атауға болады. Оқу орнының директоры Қанат Қырықбаев атап көрсеткендей, мұндағы оқытушылар теориялық және практикалық мәселелердің бірлігін көздеуге баса назар аударып келеді. Бұған колледждің оқу-материалдық базасы да сәйкес.
Тағы бір айта кетерлік мәселе, әлеуметтік серіктестігі жоқ кәсіптік білім беру ошағының болашағынан үміт ету қиын. Бұл тұрғыдан да Орал политехникалық колледжінің жұлдызы жоғары. Олардың қатарында Орал өңіріндегі іргелі кәсіпорындар – «АгроРемМаш» және «Электромонтаж» АҚ, «Отделстрой», «Домостроитель», «Әлім» және «Болашақ» құрылыс компаниялары бар. Мұнда әр кәсіпорынға тәжірибе алуға бөлінген болашақ мамандар саны үшеуден аспайды. Мұның өзі тәжірибе алу сапасына тек оң әсерін тигізеді деуге болады. Ал қалған оқушылар практикалық сабақтарды колледждің өзіндегі өндірістік базадан өтеді екен. Жоғарыда айтып өткеніміздей, колледж базасы соңғы үлгідегі техникалармен және қажетті құралдармен жабдықталған.
Республикадағы кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарын аяқтаған түлектердің білімі мен біліктілігі бүгінгі талапқа сай ма? Олардың теория мен практиканы орындау қорытындысы қандай деңгейде? Мұндай сауалдар тәуелсіз бағалау жүйесі арқылы жолға қойылып, оның қорытындыларына кең жариялылық берілсе, мұндай көзқарас елімізде маман жұмысшы кадрлар әзірлеу ісінің сапасын көтеруге тек оң әсерін тигізбек. Әрине, мұндай жағдайда бәрінің мінсіз, кемшіліксіз болуы тіпті де шарт болмаса керек. Өйткені, өмір дағдысы қателіктер мен үстірттіктерден де үйренуге болатынын жоққа шығармайды.
Осы материалды газетке әзірлеу барысында аймақтағы техникалық және кәсіптік білім беру саласында әлі толық шешімін тауып үлгермеген мәселелер де бар екенін аңғардық. Атап айтқанда, Орал қаласындағы үш колледждің жатақханасы жоқ екен. Ал Ақсай техникалық колледжінің апатты жағдайда тұрғаны да алаңдатпай қоймайды. Сондай-ақ, Орал жол көлік колледжінде оқу шеберханасының жоқтығы оқу-тәжірибе үрдісінің терең толыққанды әрі жан-жақты болуына кері әсерін тигізбесіне кім кепіл? Облыс орталығындағы бірқатар арнаулы оқу орындарының жанынан қосымша құрылыстар, атап айтқандай, жаңа үлгідегі спорт залдарын салу қажеттілігі де талас туғызбайды. Өйткені, о бастан оқу мен спорттың егіз екендігіне ешкімнің таласы болмаса керек.
Республикада маман-жұмысшылар әзірлеу ісінде жоғарыда айтылғандай, әлеуметтік әріптестік мәселесінің маңызы жоғары. Әйтсе де, бұл істе шешілмеген түйіндер жеткілікті екенімен еріксіз келісуге тура келеді. Түптей келгенде, әлеуметтік әріптестік кәсіпорындар дегеніміз, арнаулы оқу орындарын бітірген түлектерге жұмыс берушілер емес пе? Олардың бәрі бірдей еліміздегі техникалық және кәсіптік оқу орындарын бітіргендердің біліктілігі мен олардың қолындағы сәйкестік сертификаттарының сапасына қанағаттанып отыр деп айтуға да ауыз бара бермейді.
Мұндай кереғарлық көп жағдайларда оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлерінің (мастерлердің) интелектуалдық деңгейінің төмендігі мен олқылығынан туындайтынын ұмытпайық. Әрине, бұл шешімі табылмайтын күрделі іс емес. Тек инженер оқытушылар өздерінің кәсіптік деңгейін көтеріп отыруға көңіл аударса жетіп жатыр. Бұл мәселенің мәнісіне Білім және ғылым министрлігі де назар аударса, онда ол кәсіби мамандар әзірлеу деңгейінің тереңдеуіне тек оң әсерін тигізер еді.
Әрине, ауызды қу шөппен сүрте беруге де болмас. Батыс Қазақстан облысы әкімдігі жанында кәсіптік білім беруді дамыту жөніндегі аймақтық кеңестің жұмысында қолдауға тұрарлық жайттар бар екенін айтпай кету шындыққа қиянат. Облыста дуальдық оқыту жүйесін одан әрі кеңейтудің кең ауқымды бағдарламасы белгіленген. Соған сай республикалық трансферт есебінен өңірдегі он колледждің материалдық базасын жақсарту қолға алынбақ.
Өзінің биылғы «Қазақстан – 2050» Стратегиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев басым бағыттардың бірі ретінде – инженерлік білім беру мен заманауи техникалық мамандықтар жүйесін дамытуды атап көрсетті. Бұл міндет оларға халықаралық үлгідегі сертификаттар беру жолымен жүзеге асырылмақ. Мұндағы басты мақсат – білім мен кәсіби дағдыларды тығыз ұштастыру болып отыр. Ел экономикасына қажетті білікті маман жұмысшылар әзірлеу осы арнадан бастау алып, үндестік тауып жатса игі.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
Батыс Қазақстан облысы.