Аймақтар • 21 Тамыз, 2019

Қыңыр кісі – бір жақ...

967 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жұртшылықтың «Жас өркен» шағын ауданында салынып жатқан 900 орынды мектеп биыл пайдалануға беріледі деген қуанышы су сепкендей басылып қалған жайы бар.

Қыңыр кісі – бір жақ...

Оған болашақ білім үйіне барар жолдағы екі қабат бас­­па­надан көшуге үзілді-ке­сілді қарсылық білдіріп, жұрт­­та жалғыз шошайып қал­ғандай тірлік кешіп отыр­ған Ромахиндер отбасы себеп болып отыр. Көршілері түгел көшіп кеткен. Бүйректен сирақ шығарып отырған осылар ғана. Даудың басы отбасының қалалық әкімдік ұсынған өтем­ақыға келіспеушілігінен туындаған. Бір қызығы, бас­пана иелері бастапқыда үйдің сүрілуіне келісімін беріп, мәселе заң талаптары аясында толық шешіліпті. Сөйтіп үш бөлмелі екі пәтердің кілті қолдарына ұстатылыпты. Енді ресми құжаттар Әділет басқармасында тіркеуден, ал жер телімдері мемлекет мен­шігіне өткеніне қарамастан, анттасқан құдайы уәделерінен айнып қалса керек. 4 пәтер бе­рілмесе, шаңырақты босатпаймыз, тағы да соттасамыз десіп, тістесіп қалған. Отбасының адвокаты Амангелді Әбікеев үйдің жалпы көлемі 247 шаршы метр бола тұра, бар-жоғы 120 шаршы метрлік үш бөлмелі екі пәтер ұсынылғанын, өтемақы дұрыс есептелмегенін алға тартады.

БАҚ өкілдеріне берген сұх­батында қала әкімінің орынбасары Асқар Хабибуллин даулы мәселенің неден ушыққанын түсіндіріп берді. Оның айтуынша, екі қабатты үй 16 миллион 800 мың теңгеге бағаланып, тиісті құжаттарға қол қойылған. Отбасы үшін сатып алынған қос пәтердің құны 26 миллион теңгені құрайды. Ромахиндер үстіңгі қабатта тұрған, яғни 88 шаршы метр алаңды ғана пай­даланған. Астыңғы қабатта гараж, басқа да шаруашылық заттарын сақтайтын орындар орналасқан. Олар үшін өтемақы төленбейтінін ескергілері кел­мейді. Мұның алдында сот бұл отбасының талап-арызын қараудан бас тартқан бола­тын. «Жығылған күреске той­майдының» керімен тағы да шағым түсірген.

Асай-мүсейін асынып, бас­па­наны бұзуға келген мерді­герлік компания мамандарын ұлардай шулап, қарсы алған отбасы мүшелері кері кетуге мәж­бүр етті. Үйді сүруге кел­ген­дердің электр тогын ажы­ратуға ғана шамасы жетті.

«Қырық кісі – бір жақ, қы­ңыр кісі – бір жақ» демекші, ел ішін алатайдай бүлдірген бір отбасының кесірінен оқушылар асыға күтіп отырған білім оша­ғының құрылысы созылып кете­тін тәрізді.

 

Петропавл