Аймақтар • 22 Тамыз, 2019

Су қоймалары суға тәуелділікті шеше ала ма?

929 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында бүгінде су тапшылығын жою, сол арқылы суармалы алқаптың көлемін арттыру мәселесі өзекті. Бірінші кезекте көрші Қырғыз Республикасында орналасқан «Киров» су қоймасынан келетін суға тәуелділікті болдырмау үшін өңірде бірқатар жұмыс қолға алынған. Әйтпесе Алатаудың арғы бетін жайлаған айыр қалпақты ағайындардың кейде суды бекітіп, кейде суды мөлшерден көп жіберіп жататыны бар. Тіпті кейде шіліңгір шілдеде, еңбек нағыз қызған уақытта бөгендерді бекітеміз деп өңір диқандарын әбігерге салатыны да болады.

Су қоймалары суға тәуелділікті  шеше ала ма?

Мәселен, өткен жылдары «Киров» су қоймасынан су мөлшерден көп түсіп, Талас өзені тасыған болатын. Одан Жамбыл ауданының аумағы арқылы ағып жатқан Аса өзені де тасып, жағалауды шайып кеткен еді. Алайда «Киров» су қоймасына деген тәуелділікті түпкілікті жою бір күннің шаруасы емес. Сондықтан бүгінде өңірдегі алқаптарды тиімді пайдалануда, оны кәдеге жаратуда су мәселесінің алға шығуы заңдылық.

Жамбыл облысы Алатаудың арғы бетінен келетін суға тәуелді. Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ре­­сурс­тары комитетінің су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Шу-Талас бассейндік инс­пек­циясы басшысының орынбасары Гүлмира Имашеваның айтуынша, өткен жылы Жамбыл облысына «Киров» су қоймасынан 530 млн текше метр су келген. Негізі аталған су қоймасының сыйымдылығы – 550 млн текше метр. Биыл екіжақты келісім бойынша 560 млн текше метр суға шарт жасалыпты. Өз кезегінде мұның жергілікті шаруаларға тигізер пайдасы орасан. Алып қойманың суы Талас өзені арқылы төмен түсіп, одан Байзақ, Жамбыл аудандарының алқаптарына жайылады. Бір ғана Талас ауданындағы 62 мың гектар жердің тіршілігі осы «Киров» суымен тікелей байланысты. «Қырғыздар жағы су көбейіп кеткен кезде бізге де көп су жібереді. Бүгінде секундына 47 текше метр су түсіп отыр. Барлық жұмыстар келісімшарт аясында атқарылуда», дейді аталған инспекция басшысының орынбасары Гүлмира Имашева.

Өңірде «Киров» су қоймасына тәуел­діліктен арылу мақсатында салы­нып жатқан су қоймаларының саны артуда. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу бас­қармасына қарасты «Жамбыл су қой­ма­лары» коммуналдық мекемесінің теңгерімінде өткен жылы 73 су қой­ма­сы мен бөгеттер болса, биылғы жылы оның саны 107-ге жеткен. Енді алдағы уақытта Меркі ауданында 4 су қоймасы салынатын болады. Ол үшін арнайы ғылыми жұмыстар да жүргізіліпті. Егер аталған нысандар салына­тын болса, онда оған 5 млн текше метр су жиналып, суармалы жер көлемі 1325 гектарға дейін ұлғаяды деген жоспар бар.

Қазіргі кезде өңірдегі егіс алқаптарын ұлғайту, бөгеттер мен байлам­дарды жүз пайыз пайдалану мәселесі күн тәртібінде тұр. Соны­мен қатар өңірдегі барлық су қойма­ла­рының жай-күйі де бақылауда. «Жамбыл су қоймалары» мекемесі өнді­рістік-техникалық бөлімінің басшысы Мақсат Жұматовтың айтуынша, ағымдағы жылдың өзінде өңірдегі 20-дан астам су қоймасына жоспарлы жөн­деу жұмыстары жүргізіліпті. «Ал өткен жылы 10,1 млн теңгеге 2 су қоймасына жөндеу жұмысы жоспарланған болса, «Жамбыл су қоймалары» мекемесі ақшаны үнем­­­деп, баға сұрату тәсілі арқылы 5,5 млн теңгеге 5 су қоймасын жөн­деген. Биыл­ғы бірінші жартыжылдықта өз күші­міз­бен 4 су қоймасын жөнге кел­тірдік. Тағы екеуіне «Талас-Аса» меке­месімен бірлесе жөндеу жұ­мыс­­тары жүргізілуде. Бұдан бөлек, биыл жергілікті бюджеттен бөлінген 61,2 млн теңгеге облыстағы тағы 17 су қоймасына жөндеу жұмыстары жал­ға­суда», дейді М.Жұматов. Жалпы «Жамбыл су қоймалары» мекемесінің тең­геріміндегі су қоймалары мен бөгет­тер 5 аудандық бөлімшеге бөлін­ген. Бұл бөлімшелерде 36 адам еңбек етеді. Енді мекеменің материалдық-техникалық базасын күшейту мақса­тын­да облыстық бюджеттен 38 млн теңге бөлініп, арнайы техникалар мен құрал-саймандар алыныпты.

Өңірдегі шаруаға қолайлы аймақ­тың бірі – Байзақ ауданы. Аудан­да­ғы «Көшеней» су қоймасының сыйымдылығы 800 текше метр болса, бүгінде оның 45 пайызына су толған. Мұнда екі техниканың күшімен бөгеттер нығайтылып, басты шлюз қақпа дәнекерленіп, бекітіліпті. Осы уақытқа дейін мұнда тек 60-70 па­йыз ғана су жинауға болатын болса, енді жөндеуден өткен соң 100 пайыз толтыруға мүмкіндік бар. Аудандағы 100 гектар алқаптың бо­­йына аталған қойма арқылы су берілуде. Сонымен қатар аудандағы «Шәлке» су қойма­сы­ның 148 метр жеріне жөндеу жүргізіліп, бөгет қойылған. Аудандағы «Кеңес-1» су қоймасының да 7 метр жері бетондалған. Мұнда жөндеу жұмыстарын жүргізген «Аса-Талас» мекемесі жоспарланған 1 млн 125 мың теңгені үнемдеудің нәтижесінде 425 мың теңге ұтып алып, бөлінген қаржының 62 пайызын үнемдеген.

Бұдан бөлек Талас ауданындағы «Бөлек­қызыл» су қоймасының сыйым­ды­лығы 16 млн текше метрді құрайды. Бүгінгі таңда мұнда демеушілердің тарапынан жөндеу жұмыстары жүргізілуде. «Жамбыл су қоймалары» мекемесі Талас-Сарысу бөлімшесінің басшысы Кенжебек Омарқұлов «Бөлекқызыл» су қоймасы бүгінде ауданның Әбілда, Көшек және Бөлтірік ауылдарын сумен қамтып отырғанын айтты. Егер мұндағы су азаятын болса, ауылдардағы құдық сулары да тартылып қалады екен. Себебі егістік пен малдың ырысы осы суда болып тұр. Алайда көктемгі судан жырылған жерлердің көлемі үлкен болғандықтан, оны қалпына келтіру де оңай болмай тұрған көрінеді. Шамамен 50 мың текше топырақ қажет болса, бүгінде 25 мың текше топырақ төгіліпті. «Сондықтан да жергілікті халық мұндағы жөндеу жұмыстарының аяқталуын тағатсыздана күтуде. Су арнасына толса, шаруалар тағы 100 гектар жерге егін егіп, жерді тиімді пайдалануға ниетті», дейді Кенжебек Омарқұлов. Жалпы Талас ауданында 17 су қоймасы болса, оның 14-і «Жамбыл су қоймалары» мекемесіне қарайды. Кенжебек Омарқұловтың айтуынша, егер аталған мекеменің теңгеріміне тағы да бірқатар ірі транспорт пен техника алынса, мекеменің өз күшімен-ақ жөндеу жұмыстарын жүргізуге болады екен. Аталған мекеменің бөлім басшысы Мақсат Жұматов та егер КамАЗ, механикалық тиегіш, каток, трал сынды ауыр техникалар алынса, мекеменің өзі-ақ жөндеу жұмыстарын жүргізе беретінін айтты. Алайда бұл мақсатқа 75 млн теңге қажет болып тұр.

Жамбыл ауданында орналасқан «Көктем-2» бөгенінде қазір 66 па­йыз су бар. Аталған бөгеннің жалпы сыйымдылығы 500 мың текше метрді құрайды. Жалпы Жамбыл ауданында 21 су қоймасы бар болса, оның 8-іне «Жамбыл су қоймалары» мекемесі жауапты. Негізінен, Жамбыл облысында су қоймалары жыл санап жөндеуден өткізіліп келеді. Мәселен, «Шәлке», «Көшеней» су қоймаларынан бөлек, Меркі-Т.Рысқұлов аудандық бөлімшесіне қарасты «Ақермен-2» және «Әлденбай» су қоймаларына, сонымен қатар, Жамбыл-Жуалы аудандық бөлімшесіне қарасты «Пионер» су қоймасында да жөндеу жұмыстары жүргізілген. Тағы бір айта кетерлігі, Жуалы ауданы бойынша 4, Жамбыл ауданы бойынша 1 және Меркі ауданы бойынша 2 су қоймасын қайта қалпына келтіру жоспарланған. Аталған су қоймалары қалпына келіп, оған 2,8 текше метр су жиналса, нәтижесінде суармалы алқап 3 мың гектарға дейін артатын болады. Алайда бұл жұмыстардың уақтылы әрі сапалы атқарылуы «Жамбыл су қоймалары» мекемесінің материалдық-техникалық базасының қауқарына байланысты болып отыр.

Сонымен қатар өңірде иесіз бө­гет­тер мен су қоймалары да бар­шы­лық. Оның нақты саны әлі анық­та­лу үстінде екен. Бүгінде оларды да республикалық меншікке өткізу жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы Сарысу ауданындағы «Бүркітті» су қоймасы республикалық меншікке өтсе, биыл Талас ауданындағы «Жар­тас» су қоймасы өткен. Тағы бір айта кетерлігі, өңірде бөгендердің саны көбейгенімен, оның сапа мәселесі де назар аударарлық. Мәселен, ілгеріде Алматы облысындағы «Қызылағаш» және Қарағанды облысындағы «Көкпекті» су қоймаларының бұзылуы салдарынан жергілікті халық жапа шеккен еді. Әуелі, сондай қиын жағдайды болдырмау мұнда да бірінші мәселе. Айталық, Талас ауданындағы «Бөлекқызыл» су қоймасына секундына 150 текше метр су келіп, салдарынан бөгетті жырып кеткен еді. Сондықтан көктемгі еріген қар суларын қоймаларға жинау кезінде де қауіпсіздіктің қамта­ма­сыз етілгені дұрыс. «Жамбыл су қоймалары» мекемесінің бөлім басшысы Мақсат Жұматовтың айтуынша, облыста су қоймаларының техникалық жағдайы 10-15 пайыз қанағаттанарлық болғанымен, оған 50-60 пайыз ғана су толтыруға болады екен. Ал жүз пайызға дейін шығуына әлі біраз уақыт керек. Өңірде көбейіп келе жатқан су қоймалары келешекте «Киров» су қоймасына деген тәуелділікті жоя ала ма, жоқ па, ол да уақыттың еншісінде.

 

Жамбыл облысы