Спорт • 22 Тамыз, 2019

Білекті балуандар Нұр-Сұлтанда белдеседі

237 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Күрес әлеміндегі басты спорттық оқиғаға да бір айдан аз уақыт қалды. 14-22 қыркүйек аралығында Қазақстан елордасында грек-рим, еркін және қыздар күресі бойынша әлем чемпионаты өтетіні туралы бұған дейін де жазған болатынбыз. Нұр-Сұлтандағы турнир келесі жылы Жапония астанасы Токиода өтетін Олимпия ойындарына жолдама беретін алғашқы іріктеу сайысы болатындығымен ерекшеленеді.

Білекті балуандар  Нұр-Сұлтанда белдеседі

Әлем чемпионатында Олимпия ойындарына жолдама алу үшін елорда­ғы «Барыс Арена» мұз сарайында 100 елдің мыңға жуық ең мықты деген балуаны күш сынасады. Мұндай ауқым­ды спорттық іс-шара спорт қауым­дас­тығында үлкен қызығушылық тудырады. Сонымен қатар жаһандық бірін­шілікке 200-ге жуық БАҚ өкілдері тіркеліп, 7000-нан астам жанкүйер бай­рақ­ты бәсекеге билет алып үлгерген.

Елордамызға балуандардан бөлек, әлемдік дәрежедегі мәртебелі меймандар да атбасын тіремек. Олардың арасында аралас жекпе-жектің (UFC) ауыр салмақтағы чемпионы Дэниель Кормье, сондай-ақ Халықаралық Олимпиада комитетінің басшылығы да келеді деп күтілуде. Чемпионатқа қатысушылар арасында да көптеген атақты спортшы бар. Еркін күрес өкілдері арасында 97 кило салмақтағы ресейлік «Танк» Абдулрашид Садулаев пен америкалық Кайл Снайдер арасындағы белдесуді жанкүйерлер тағатсыздана күтіп отыр. Сондай-ақ италиялық Франк Чамизо мен америкалық балуан Джордан Барроуздың арасында да бозкілем үстінде тамаша белдесу өтуі мүмкін. Үш дүркін Олимпиада чемпионы, грек-рим күресі бойынша кубалық Михайн Лопез Нұр-Сұлтанға Олимпиада жолдамасын жеңіп алу үшін және Олимпиаданың төрт дүркін жеңімпазы, ерлер мен қыздар арасындағы алғашқы және жалғыз ба­луан жапондық Каори Ичоға теңесу үшін келеді.

Ал кү­рес түрлерінен әлем чемпио­на­тын ұйымдастыру комитетінің төрағасы Ерлан Қожасбай күрес тари­хын­­дағы ең ауқымды әлем чемпиона­тын өткізуді жос­парлап отырмыз дейді. «Ал­да жауапты ic-шара күтіп тұр. Біз оған толығымен дайынбыз деп сенім­мен айта аламын. Алдымызда қойыл­ған мақсат – күрес тарихындағы ең ауқымды әлем чемпионатын өткізу. Қазақ­стандық балуандарға келер болсақ, бірне­ше күн бұрын 65 кило, 86 кило, 92 кило және 125 кило салмақтарында еркін күрес шеберлері арасында қоры­тын­ды белдесулері өткізілді. Осы сал­­мақтарда екі үміткерден болды. Алайда ұлттық құраманың бас бап­ке­рі Әсет Серікбаев және кеңесші-жат­тықтырушы Маирбек Юсупов бас­қа­ратын жаттықтырушылар штабымен екі рет жеңіске жеткен, әділ таңдау нәти­же­сі бойынша, әлем чемпионатында еліміздің намысын қорғайтын ұлттық құраманың соңғы құрамы анықталды. Жаттықтырушылар құрамы өзінің жоға­ры біліктілігіне сай, балуандарымызды дұрыс функционалды, физикалық және моральдық-психологиялық күйде әлем чемпионатына жеткізуіне үміт артып, спортшыларымыздың сапалы және әдемі өнер көрсететіне сенімдіміз», деді ұйымдастыру комитетінің төрағасы Ерлан Қожасбай.

Қазіргі таңда әлем біріншілігіне қатысатын еркін және қыздар күресінің толық тізімі жарияланды. Еркін күрестен Қазақстан командасының бас бап­ке­рі Әсет Серікбаев Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионатына қатысатын бал­уан­­дарды атады. Жоғарыда атап өткен­дей бапкерлер кеңесі 65, 86, 92 және 125 килодағы үздік балуанды анықтау үшін қосымша белдесулер ұйымдастырды. 65 килода Дәулет Ниязбеков пен Саятбек Оқасов күресіп, тәжірибелі Дәулет жеңіске жетті. Ол осы салмақта әлем чемпионатына қатысу құқығын жеңіп алды. Сондай-ақ 86 килодағы Әділет Дәулембаев пен Азамат Дәулетбеков арасындағы белдесудің жеңімпазы болып Әділет танылды. 92 килодағы Ералы Әбдірашев пен Нұрғали Нұрғайыпұлының арасындағы кездесу соңғысының жеңісімен аяқталды. 125 килода Олег Болтин Юсуф Батырмұрзаевтан басым түсті. Осылайша, әлем чемпионатына қатысатын балуандар қатарына қосылды.

Еркін күрестен лицензиялық әлем чем­пионатына қатысатын Қазақстан құ­рама­сының тізімі: Нұрислам Санаев (57 кг), Расул Қалиев (61 кг), Дәулет Ниязбеков (65 кг), Нұрғожа Қайпанов (70 кг), Данияр Қайсанов (74 кг), Ғалымжан Өсербаев (79 кг), Әділет Дәулембаев (86 кг), Нұрғали Нұрғайыпұлы (92 кг), Әлішер Ерғали (97 кг) және Олег Болтин (125 кг).

Сондай-ақ бас бапкер Әсет Серікбаев біздің балуандардың басты қар­­сы­ластары туралы өз пікірімен бө­ліс­ті. «Әрине, әлемде мықтылар өте көп. Еркін күрестен Ресейдің бәсі мықты екенін білесіздер. Одан бөлек, Грузия, Әзербайжан, Иран құрамаларында белгілі бір салмақтарда әлем үздіктері бар. Біздің спортта америкалықтардың атой салатынын білесіздер. Дегенмен, мен жігіттерге сенемін. Бізде де жақсы балуандар көп. Ешкімді бөліп-жарғым келмейді. Менің алдымда бәрі тең, бәрі бірдей. Кілемге шығатын жігіттердің барлығына да үлкен үміт артып отырмын», деді Ә.Серікбаев.

Қыздар күресінен Қазақстан командасы бұл күндері Ресейдің Сочи қала­сында оқу-жаттығу жиындарын өткізуде. Бас бапкер Нұрлан Аман­қо­совтың айтуынша, әлем чемпионатына қатысатын құрам белгілі. «Сочи қала­сын­да Ресей, Венгрия, Эстония және Финляндия құрамаларымен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатырмыз. Дайындық жақсы қарқынмен бас­талды. Әлемдік сын қарсаңындағы соңғы жиынды елде өткіземіз. Нұр-Сұлтандағы әлемдік сынға қатысатын құрам 90 пайыз анықталды. Тек 53 килода кімнің кілемге шығатынын шешкен жоқпыз. Осы жиыннан соң нақты белгілі болады», деді бас бапкер.

Қыздар күресінен әлем чемпионатында ел намысын мына балуандар қорғайтын болады: Валентина Исламова (50 кг), Марина Седнева (55 кг), Эмма Тисина (57 кг), Мадина Бақбергенова (59 кг), Аяулым Қасымова (62 кг), Айна Теміртасова (65 кг), Ирина Казюлина (68 кг), Жәмила Бақбергенова (72 кг) және Эльмира Сыздықова (76 кг).

Айта кетейік, грек-рим, еркін және қыздар күресінен әлем чемпионаты Қазақстан астанасында 14-22 қыркүйек аралығында өтеді. Билеттерді
Kassir.kz, Ticketon.kz және Zakazbiletov.kz сайттарынан сатып алуға болады. Әлем чемпио­наты билеттерінің құны 1000 теңгеден басталады.