Қоғам • 22 Тамыз, 2019

Қайырымдылық іс-шарасы балаларға арналды

304 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі «University Medical Center» корпоративтік қорының Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында онкологиялық ауруларға шалдыққан балаларға арналған қайырымдылық шарасын өткізді.

Қайырымдылық іс-шарасы балаларға арналды

Шара аясында ІІІ Nur-Sultan Music Awards халықаралық музыка фестиваліне қатысушылар қатерлі дертке шалдыққан бүлдіршіндермен кездесіп, сыйлықтар тарту етті, сондай-ақ кішкентай емделушілермен және олардың ата-аналарымен бірге суретке түсіп, жылы лебіздерін білдірді.

«Өмірде адам денсаулығынан өзекті нәрсе жоқ. Жақындарың бар болса, денсаулығың сау болса, одан асқан арманның өзі де артық. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі қайырымдылық бағытта түрлі шара ұйымдастырып келеді. Оның көбін өздеріңіз де білесіздер. Осы ІІІ Nur-Sultan Music Awards халықаралық музыка фестивалі еліміздің, елордамыздың мәдени мәртебесін көтеретін көлемді фестиваль болады деп ойлаймын. Осы кешке қатысатын әншілермен сіздерді қауыштырғанымызға қуаныштымыз. Бастысы басымыз аман, деніміз сау болсын. Сіздер де тезірек жазылып кетіңіздер», деді Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нарима Абылқызы.

Сонымен қатар Нарима Абылқызы онкологиялық ауруларға шалдыққан балалармен кездесу өткізуге фестивальға келген өнерпаздар өздері ниет білдір­генін жеткізді.

«Концерт басталмай тұрып, осы кішкентай балаларымызға келіп, өздерінің ақ тілектерін айтып жатыр. Әрине бұл жақсы бастама деп айта аламыз. Бұл жерге байқауға қатысушы барлық үміткер жиналмады, себебі олардың көбісі біздің қаламызға әлі келмеді. Дегенмен, онкологиялық ауруларға шалдыққан балаларға бұл кездесу үлкен серпін бергеніне сенімдімін», деді ол.

Жалпы, қала әкімдігі ұйым­дас­тыр­ған қайырымдылық шарасына әншілер Chingiz (Әзербайжан), Шахзода (Өзбекстан), Markus Riva (Латвия), CYGO (Белоруссия), сонымен бірге МузТВ телеарнасының директоры Арман Давлетяров, МузТВ телеарнасының продюсері әрі жүргізу­шісі Андрей Разыграев қатысты.

Ал Nur-Sultan Music Awards халықаралық музыка фестивалі «Барыс-Арена» мұз айдыны сара­йын­да өтетінін айта кетелік. Оған Грузия, Франция, Италия, Латвия, Әзер­бай­жан, Өзбекстан, Украина, Ресей және Қазақстаннан миллиондаған жанкүйерлері бар танымал әрі дарынды әншілер қатысады. Сахна төрінде Григорий Лепс, LOBODA, Raim & Artur, Лолита, Ержан Максим, Дима Билан, Время и Стекло, Shanguy, Шахзода, Cosmos Girls, Markus Riva және Chingiz өз өнерлерін көрсетеді.