Қоғам • 22 Тамыз, 2019

Ұлттық дәстүр шетелдік өнерсүйер қауымның көңілін аударып отыр.

618 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Шабыт» шығармашыл Жастар фестивалінің 1-орын иегері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лау­реаты Гүлназым Өмірзақ – белгілі суретшілер мен қолөнершілердің отбасында дүниеге келіп, өз қолтаңбасын қалыптастырып үлгерген жас суретші. Бейнелеу өнерінің көшін көркем ізденістерімен толықтырып, дара қолтаңбасымен ерте мойындалған Гүлназым бүгінде шетелдік өнерсүйер қауымның да көңілін аударып отыр.

Ұлттық дәстүр шетелдік өнерсүйер қауымның көңілін аударып отыр.

Жақында ол белгілі суретші, «Қазақ елі» мону­ментінің авторы Сен­­­­бі­ғали Сма­­ғұлов бастап барған қа­зақ­­стандық суретшілер құ­рамында Кипр­де болып қайт­ты. Ресми шақырту биыл­ғы жылдың мамыр айында Forbes тізіміне кірген танымал бизнесмен, кипр­лық мил­лиардер Суат Гюнселден келіп түскен. Білім, денсаулық, банк, қонақүй қызметі, электр желілері се­кілді бизнестің сан түрімен айналыса­тын 63 жастағы Суат бей сапар­дың бар шығынын өз мойнына алып, тек Қазақ­стан сурет­шілерін ғана емес, түр­­кі елдерінің, әлемдегі мұ­сыл­ман мем­лекеттеріндегі өнер өкіл­­дерін де шақырып, басқосуды ха­лық­аралық сим­позиум деңгейінде өт­кіз­ген. Бауырлас елдердегі қыл­­қалам шеберлерінің мол шоғырын ша­­қырудағы мақсат – Суат Гюнсел ел үкіметімен бірлесіп, үлкен өнер мұра­жайын ашуды көздейді.

Әлемнің әр қиырынан келген әріп­тестерімен бірге Гүлназым да екі апта бойы сурет салып, түрлі тақырыпта туынды жазған шетелдік суретшілермен тәжірибе алмасқаны үшін шексіз риза. Симпозиум аясында алты суретшінің жеке көрмесі ұйымдастырылып, олар­­­­­­­­­дың қатарында Гүлназымның да­ шы­ғар­­машылығын та­ныстыруға мүм­кін­­дік алғаны қазақ суретшісінің айрықша қол­таңбасына көр­сетілген құрмет болса керек.

«Суретшілер симпо­зиумы керемет өтті. Ақтеңіз жаға­сында түрлі тақы­рыпта карти­налар салдық, мен үшін қазақ­стандық және шетелдік әйгілі суретшілермен қатар жұмыс істеу үлкен абырой болды. Бар өнерімді салып, еліміздің намысын қолдан бер­мес үшін күні-түні еңбек етіп, өз кар­ти­намның мазмұнды жазылуы­на көп көңіл бөлдім», дейді Гүл­назым. Оның айтуын­ша, мәртебелі меймандар қатарында бейнелеу өнерінің білгірлері, министрлер мен жоғары дәрежелі лауазымды тұлғалар арнайы келіп тамашалаған көрме жоғары деңгейде ұйымдастырылған.

Тынысы кең, қазақтың қай­таланбас ұлттық дәстүрі негізінде жасалған туындыларын әлем кеңістігіндегі өнер­дің бүгінгі бағыттарымен тоғыстыру – Гүл­­назымның бала күннен бергі ар­­маны. Буырқанған бояулардың құ­­пия­сын ашпаққа құштар бо­лып, шығар­машылық іңкәр­лікті күнделікті жұмыс ырғағы етіп белгілеген ол бұл арманын біртіндеп бағындырып келеді де. Түрлі-түсті бояу тілімен жан дүниесінің тол­қуы мен тебіренісін жеткізіп, оны ұлт­тық бедер-нақышпен үйлестіре білген Г.Өмірзақтың жұ­мыстары бүгінде Лондон, Люк­сембург қалалары мен Гер­мания, Франция, Түркия, Ресей ел­деріндегі өнер галереяларында сақтаулы тұр. Талғаммен салынған туындылары зама­науи дизайн сұра­нысына толықтай сай бол­ғандықтан бірқатар картинасы мем­лекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың интерьеріне қойылған.

 

АЛМАТЫ