Аймақтар • 23 Тамыз, 2019

Әлеуметтік бастамаларға қолдау қажет

241 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кереку өңірінде ҮЕҰ – бизнес – мемлекет серіктестігіне арналған «ASAR» IIІ республикалық форумы өтті. Жиынға облыс әкімі Болат Бақауов, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев, «Экологиялық ұйымдар қауымдастығы» басқармасының төрайымы Айгүл Соловьева қатысты.

Әлеуметтік бастамаларға қолдау қажет

Суретті түсірген: Руфина Торпищева

«Қазақстан азаматтық альянсы» бірлестігінің президенті Асылбек Қожахметов былтыр ашылған облыстық «Азамат­тық альянс» үйінің қоғам үшін ма­ңызды екенін атап өтті. Онда өңірдегі 12 қоғамдық ұйым­ның кеңселері мен залы, коворкинг орталығы орналасқан. Ме­йірімділер клубы, облыстық «Жасыл ел» жастар штабы, Гео­графия үйі, өңірлік «Жартылай қызыл ай» филиалы, «Үміт үз­беу» және басқа да белгілі ұйым­дар жұмыс істейді. Осы жерде кездесулер мен тренингтер өте­ді. Облыста барлығы 700-ден аса ҮЕҰ тіркелген. «Бизнестің кейбір саласын ынталандыру үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­порацияны қосу қажет. Оның әлеуметтік маңызы болуы тиіс. Бақылау кеңесіне кәсіби білік­тілігі бар азаматтық сектор мен «Самұрық-Қазына»,  «Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингі  өкіл­дерін қосқан дұрыс болар еді», дейді А.Қожахметов.

Форумға қатысушылар инно­вациялық жобаларымен таныс­тырды. Мәселен, Орал қаласынан келген «Арба» қоғамдық бірлес­тігінің төрайымы Гүлмира Бат­пақұлова «Ғибадат» және «Бәй­терек» бірлестіктері туралы әңгімеледі. Бұл ұйымдар жарымжан балалардың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған курстар мен қимыл-қозғалысы аз балалардың артық салмақ қосып алмауы үшін дұрыс тамақтану мақсатында ас мәзірін құруға көмектеседі.

«Елімізде қыркүйек айында «Отбасылық әлеуметтік кар­та» іске қосылады, – дейді  сарапшы Ләззат Нұрқатова. – Ел­басы партиялық форумда  әр отбасына дейін жету туралы айтты. Біздің қауымдастық сарапшылары карта индикаторларын әзірлеп, әр отбасы үшін шұғыл,  қанағаттанарлық, кризистік, орташа және жақсы анықтамаларын береді». Оның айтуынша, бір реттік қайырымдылық шарасы отбасын қиын жағдайдан шығармайды. Сондықтан бұл іске азаматтық сектор мен бизнес-қоғамдастық та қатысуы керек.

Ал  «Парус» демалыс айма­ғы­ның директоры Қайрат Сұлтанов өз кәсібін қалай құрғанын айтып берді. «Ақмола облысының Зеренді ауданында 20 жыл тұрып қалған пионерлік лагерьді сатып алдық. Демалыс аймағында жылына 10 мың адам демалады. Демалыс орнын жылыту үшін көмір жақтық. Экологиялық тиімділігі үшін газ тарттырып, қазандықтар да орнаттық. Заң жүзінде аумақта газ тартуға, электр желісін тартуға, құрылыс салуға тыйым салынады. Соңында күн панельдерін орнаттық, деген ол газ тарту, жылы су, энергия бойынша жобаларды жүзеге асыру туралы ұсынысын білдірді. Кәсіпкердің айтуынша «Жасыл» энергияға да инвестсубсидия бөлінуі керек. Сонымен қатар Қызылорда қаласынан Мая Нари­мова басқаратын «Жомарт» қоға­м­дық бірлестігі, ЕCO–ASAR бағытында баянауылдық Батыр­бек Арқарбайұлы  өз жобаларын ұсынды. АҚШ-тың USAID Халық­аралық даму агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласындағы кеңсесінің жетек­шісі Райан Уэддл бизнес серік­тестеріне тұрақты түрде көмек­тесу қажеттігін, бұл үшін «Аза­маттық альянспен» ортақ мүддеде жұмыс істеуі тиістігін жеткіз­ді. Ал С.Торайғыров атын­дағы университеттің Әлеуметтік мәселелер бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Дархан Қаржаубай бұл форумның студенттерге де пайдалы бол­ғанын атап өтті.

 

ПАВЛОДАР