Аймақтар • 23 Тамыз, 2019

Солтүстіктің сүбелі үлесі

411 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Солтүстікқазақстандықтар да Арыс қаласында болған апатты жағдайға қабырғалары қайысып, алғашқылардың қатарында көмек қолдарын созуға асыққан болатын. Жер-жерлерде ұйымдастырылған қайырымдылық акцияларына жекелеген адамдар, кәсіпкерлер, зейнеткерлер қызу үн қосып, 100 тоннадан астам гуманитарлық жүк жіберді.

Солтүстіктің сүбелі үлесі

Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов жарылыстан зардап шеккен жұртшылыққа барып, қайырымдылық шаралары жалғасатынын мәлімдеген-ді. Іле-шала құрылысшылар Түркістан облысына аттанып, «Оңтүстік» шағын ауданын қалпына келтіруге белсене кірісті. Бұл аумақта 371 үй орналасса, 198-і зақымданған. Облыс әкімінің орынбасары Антон Федяев жетек­шілік еткен штаб құрамына құрылыс, мем­лекеттік сәулет-құрылыс бақылау, төтен­ше жағдайлар, тағы басқа департаменттер мен басқармалардың өкілдері еніп, жергілікті жағдаймен жете танысқан соң тапсырмаларды дер кезінде әрі сапалы орын­даудың іс-қимыл жоспарын түзді. Бұл бо­йынша жүктелген міндеттер толығымен атқарылды.

Құрылыс басқармасы басшы­сының орынбасары Қайрат Мұстафин келтірген мәліметтер бойынша қазынадан бөлінген және қайырымдылық қорынан жиналған қаражатқа үйлердің шатырлары жөнделіп, терезелер мен қасбеттер ауыстырылған. Көп балалы отбасылар мен аз қамтылған жандарға, мүгедектерге бірінші кезекте көмек көрсетілген. Бұдан бөлек қосымша 20 баспананы қалпына келтіру жұмыстарын өз міндеттеріне алып, оны да толығымен атқарып шыққан. Сөй­тіп теріскейдің құрыш қолды құры­лысшылары маңызды учаскелерде уақытпен санаспай еңбек етіп, тұрғын­дар­дың алғысына бөленді.

Қызылжар ауданына қарасты «Сол­неч­ный» сауықтыру лаге­рін­де 48 арыстық бала бір ай бойы алаңсыз дем алып, үйлеріне сергек көңілмен оралды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы