Ол халқымыздың дараларын тасқа тіл бітіріп, мүсін өнерінде суреттеді. Әсіресе Алматы қаласындағы Абай, Шоқан, Тараз қаласындағы Жамбыл ескерткіштері ұлттық рухани айбынымыз секілді көрінеді. Қазақтың ұлттық кәсіби мүсін өнерінің іргетасын салған талантты мүсіншінің өмірден озғанына он жыл болып қалыпты. Оның шәкірттерінің бірі Тілеуберді Бинашев мүсіншіге ескерткіш қойылуы тиіс екенін әр жерде айтып жүретін.
Хакімжан Есімханұлы – Қостанай топырағының перзенті. Тобыл бойында өсті. Қостанай қаласының 140 жылдық мерекесі шеңберінде Хакімжан Наурызбаевтың жас мүсінші Гүлфия Мелдеш жасаған тас бейнесі облыс орталығындағы Пушкин және Алтынсарин көшелерінің қиылысынан орын алды. Хакімжан Наурызбаевты және оның шығармашылығын білетіндер мүсіннің өте табиғи жасалғандығын, өзіне өте ұқсайтынын бірден байқайды. Өмірде ұлылық пен қарапайымдылықтың ағайын екенін дәлелдеп кеткен мүсіншінің ойлы жүзінен ол тағы бір кесек туынды жасауға кірісетіндей сезіледі.
– Қазақ өнері тұңғыштарының бірі Хакімжан Наурызбаев өзінің туған жерінің төрінде тұратын болды. Лайығы қашаннан да осы еді. Енді облыс орталығында Хакімжан ағаның атында көше болуы тиіс. Ерекше дарын иесінің есімі туған жерінде ұлықталмаса, ол бәрімізге де сын емес пе?! – деді ескерткіштің ашылу салтанатына қатысқан белгілі актер Асанәлі Әшімов.
Ескерткіштер қаланың сәні ғана емес, ол кейінгі ұрпаққа рухани азық, патриоттық тәрбие беруге қызмет етеді. Тәуелсіздік алған жылдардан бері Қостанай қаласында Ахмет Байтұрсыновқа, Бейімбет Майлинге ескерткіш, Шайсұлтан Шаяхметовке, Кәмшат Дөненбаеваға мүсін орнатылды. Олардың қатарын атақты мүсіншінің мүсіні толықтырды.
ҚОСТАНАЙ