29 Қаңтар, 2013

Суландыру ісіне сауатты көзқарас қажет

471 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Суландыру ісіне сауатты көзқарас қажет

Сейсенбі, 29 қаңтар 2013 7:29

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жыл са­йын ресми сөйлеген сөздерінде, ха­­­лық­­қа арнаған жолдауларын­­­­­­да ел экономикасының дамуын­да, халықтың әлеуметтік жағ­да­йын жақсартуда сапалы сумен қамтамасыз етудің алатын орны және оны тиімді пайдала­ну ісін жетілдірудің мәні зор еке­нін үнемі айтып келеді. Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында да бұл мәселеге ерекше тоқталды.

 

Сейсенбі, 29 қаңтар 2013 7:29

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жыл са­йын ресми сөйлеген сөздерінде, ха­­­лық­­қа арнаған жолдауларын­­­­­­да ел экономикасының дамуын­да, халықтың әлеуметтік жағ­да­йын жақсартуда сапалы сумен қамтамасыз етудің алатын орны және оны тиімді пайдала­ну ісін жетілдірудің мәні зор еке­нін үнемі айтып келеді. Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында да бұл мәселеге ерекше тоқталды.

Қазіргі кезде су қоры көпте­ген бағыттарда жылдан-жылға мол мөлшерде пайдаланылуда. Ға­лым­дардың анықтауынша, дүние жүзінде тек өткен XX ғасырда халық са­ны 4 есе өссе, пайдаланылған су мөлшері 15 есе артып, 400 тек­­ше шақырымнан 6000 текше шақырымға жеткен. Осыған ор­ай көптеген елдерде тұщы су тап­­­­шы­­­­­­­­лығы үлкен проблемаға айналуда.

ЮНЕСКО-ның кейінгі кездегі болжамы бойынша, 2030 жылға дейін әлем халықтарының жартысына жуығы тұщы су тапшылығына ұшырайтын болады. Қазірдің өзінде 900 миллион адам ауыз суға зәру болып отыр. Осындай қиындықты ескере келе БҰҰ ХХI ғасырды тұщы су дәуірі деп жариялады.

Қазақстанда да жер бетіндегі ағынды тұщы су қоры мол емес. Оның үстіне бұл судың мөлшері жыл сайын азайып келеді. Өткен ғасырдың орта кезінде еліміздегі жалпы өзен суларының орташа жылдық ағыны 120 текше шақы­­­­­рым­нан астам болса, қазір ол 100 км3 шамасында ғана. Өйткені, бұл сулар республикаға елеулі мөл­­шерде трансөзендер арқылы көрші елдерден – Қытайдан, Орта­лық Азия республикаларынан (Қыр­ғызстаннан, Тәжікстаннан, Өзбекстаннан) және Ресейден ке­леді. Сырттан келетін өзен су­ла­ры­ның жалпы мөлшері сол жылдар аралығында климаттың өзгеруі, таулы аймақтардағы мұз­­дықтар суының біраз кемуі және аталған елдерде жер бетіндегі суларды пайдаланудың көбеюі салдарынан 44-45 км3-ге дейін азайды. Оның үс­тіне республика жерінде де та­би­­­­­­­ғи су ағыны 56 км3-ге дейін кеміді.

Елбасы әлемдегі, біздің елі­міз­дегі осындай және басқа да қо­лайсыз өзгерістерге тоқтай, су­­ды пайдаланудағы жетістіктер мен кемшіліктерге талдау жасай келе, сонда да болса республикамызда «…елеулі қоры бар жерасты суларын өндіру мен үнемді пайдаланудың ең озық технологияларын енгізу қажеттігін» көрсете отырып, өзі жариялап отырған Стратегиясында «2050 жылға қарай Қазақстан сумен қамтамасыз ету проблемасын түбегейлі шешуге тиісті» деген оң шешімге келді. Президентіміздің осы аса ба­­­­­ғалы шешіміне біз сенеміз және қолдаймыз. Оны болашақта елі­міздің жан-жақты дамуында мәні зор аса жауапты міндет деп түсінеміз.

Сол міндеттің нақтылы орындалуында қандай жолдар бар екеніне мақала авторы – республиканың су проблемасын, оның ішінде, әсіресе, жерасты суларын зерттеп, пайдалану бағыттарында көп жылдар бойы еңбек етіп жүрген маман ретінде төменде қысқаша тоқталып өтуді жөн көріп отыр.

Республикамыздың бір негізгі су көзі трансшекаралық өзендер суы. Оның мөлшері жылдан-жылға азайып келе жатқаны жөнінде жоғарыда сөз болды. Болашақта да оның кеми беретіні айқын. Солай болса да қазіргі қабылданған немесе жақын жылдарда қабылдануға тиісті мемлекетаралық келісім-шарт­тарды іске асыру арқылы оны мүмкіндігінше жоғары мөл­шерде сақтап қалу келешекте республикамыздың су қорына қосылатын жетістік болмақ.

Бұл бағытта еске алатын бір жағдай – трансөзендердің біздің жерімізге келетіндерімен қатар Қазақстанмен көршілес елдерге кететіндері де бар. Олардың қа­та­рына солтүстікте Ертіс, Есіл, Оба­ған, Тобыл, Ор, оңтүстікте Текес, басқа да аздаған кішігірім өзендер жатады. Бұл өзендердің сыртқа кететін жалпы жылдық қоры 40 км3-ден кем емес. Кейбір елдерде іске асырылған халықаралық келісім-шарттар бойынша, сол өзендер су ағынының жартысына жуығын біздің елімізде пайдалануға болады. Бұл аз емес. Келешекте ол біздегі су қорына қосылатын қазіргі Сырдария немесе Іле өзендері ағы­нынан астам мол су көзі болар еді.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев айтқандай, Қазақстанда зерттеліп анықталған жерасты суларының нақтылы болжамдалған қоры аса мол. Ғалымдар мен өндіріс ма­мандарының ұзақ жылдар бойы жүргізген зерттеулері нә­ти­же­сін­­­­де анықталған бұл сулардың әр жылда пайдалануға болатын қол­­данылмалы ресурсы 40 км3-ден кем емес. Ал оның жыл­­­­ма-жыл толықтырылып отыра­­­тын табиғи қоры одан да мол. Сондықтан да бұл еліміздің аса құнды сар­қыл­мас байлығы. Бұл су көзінің ар­­­­тық­шылығы – ол басқа жақтан кел­мейді, негізінен республика аймағында пайда болады. Ол су­лардың тағы бір артықшылығы жер қойнауында жататындықтан ластану көздеріне ұшырамаған, таза су.

Әрине, жерасты сулары да рес­­пуб­ликамыздың барлық өңі­рін­­де біркелкі таралмаған. Оның 70 пайыздан астам бөлігінде олар бірқалыпты кең таралған бол­­са, оңтүстік және оңтүстік-шы­ғыстағы таулы аудандарда аса мол мөлшерде қалыптасқан. Тек батыста – Маңғыстау, Үстірт жоталарында, Каспий бойындағы ойыста, басқа да аздаған ойпат жерлерде жер асты тұщы суы мол емес.

Жер асты тұщы су ресурстарын пайдалану мөлшерін анықтау мақсатында жүргізілген арнайы барлау жұмыстары арқылы толық дәлелденген қор қазірдің өзінде 17 км3 шамасында. Оның есепке алынған және алынбаған әр бағытта пайдаланылатын қорының жылдық мөлшері 1,5-1,7 км3-ден аспайды. Тым аз. Алдағы міндет – сол, азды көпке айналдыру. Оны іске асыру үшін кейінгі 10 жылдан астам уақытта екі бағдарлама: 2002-2010 жылдарда «Ауыз су», ол белгіленген межеге жетпей, «Ақ бұлақ» бағдарламасы қабылданды. Кейінгісі бойынша, қала халқы – 100 пайыз, ауыл 80 пайыз шамасында таза тұщы сумен қамтамасыз етілуге тиісті. Ал ауылда, соның ішінде жер суаруға қажет су елі­мізде пайдаланылатын барлық судың 75-80 пайызын құрайды. «Қазақстан-2050» Стратегиясында оны 2040 жылға дейін жүзеге асыру міндеті қойылған. Оны шешу мүмкіндігі мол.

«Ақ бұлақ» та бұлақ – жер асты суы. Оның екі түрлі болатыны ежелден белгілі. Бірі «тұма» – жер бетіне шығып жатқан «ақпа бұлақ» та, екіншісі – «қайнар» – көзін ашқанда жер бетіне атқылап шығатын су.

Кейінгі ұзақ жылдар бойы жер асты суларын ретті де рет­­­сіз пайдалану нәтижесінде бұ­­­лақтардың екі түрі де үлкен өз­геріске ұшыраған: деңгейлері төмендеп, табиғи өнім­діліктері азайған, көп жағдайда жер қойнауына тереңдей еніп кеткен. Енді сол су көздерінің орналасу жағдайларын, өнімділігін, сапасын, қорын анықтап, негіздеп барлау жұмыстарын жалғастыра отырып, оларды жаңа озық технологиялар қолдану арқылы өндіру қажет. Осылайша, дәлелденіп, негізделген мол жер асты су көздерін жер бетіне шығарып, ысырапсыз тұтыну орындарына жеткізу – жауапты міндет.

Бұл арада тағы бір айтатын жайт – оңтүстік таулы аудандағы мол жерасты суын елді мекендерде, қалаларда, өндіріс орындарында құбырлар тартып, жақын арада Балқаш, Ертіс бойындағы суға тапшы елді мекендерде ауыз су ретінде молынан пайдалану мүмкіндіктері бар. Осыны іске асыра отырып,  бұрын пайдаланып келген жер бетінің суларын босату арқылы ағыны кеміп бара жатқан Ертіс, Іле өзендерін толықтыруға қосымша жағдай жасалады.

Республикада келешекте пайдаланылатын су қорын молайтудың басқа да жолдары бар. Олардың бірі – су қорын жасанды жолмен толықтыру, артық шығынсыз пайдалану. Бұл бағытта да мүмкіндік аз емес.

Жылдың әр мезгілінде, әсіресе, көктемде, қар еріп, жауын-шашын молаюы салдарынан су тас­қыны болып, елді мекендер шы­ғынға ұшырауы жиі болатыны бел­гілі. Сол суларды жергілікті жер бедерінің ыңғайлы (ойыс) жер­­лерін пайдалана отырып жинау, тиісті жағдайлар жасау арқылы жер қойнауына сіңіру мөлшерін көбейтетін болсақ, қаншалықты қосымша су қоры пайда болар еді. Екінші жағынан алыстан арнайы әкелінген таза ауыз суларды ірі елді мекендерде, қалаларда, өндіріс орындарында көлік құралдарын, машиналарын, басқа да көліктерді жууға, жаз айларында қорадағы бау-бақшаларды суаруға пайдалануды тоқтатсақ, үйге кіргізілген құбырлардың шүмегін дер кезінде жаппай, ағызып қоюды тоқтатар болсақ қаншама су үнемделер еді.

Өндіріс орындарында суды айналмалы түрде және қайталай екінші рет пайдалану әдістері әр елде, бізде де көптен бері іске асырылған. Бұл әдісті жаңартып, кеңінен жалғастыра беру суды үнемдеудің тағы бір тиімді жолы.

Әлемдегі қай елде болмасын жер суаруға өте көп су жұмсалады. Тұщы суға тым тапшы Израильде, Сауд Арабиясында, Біріккен Араб Әмірліктерінде, басқа да біраз шетелдерде көптен бері тамшыла­тып суару әдісін тиімді пайда­­­­­­ла­ну арқылы арнайы суармалы жер­­лерден үзбей мол өнім алып та, бұл бағытта суды аз мөлшерде жұм­сап та келеді. Бұл әдіс біздің елде де – оңтүстік, оңтүстік-батыста біраздан бері қолданыла бастады. Бірақ, ондай жерлер әлі аз. Бұл әдісті келешекте кеңінен әрі тиімді іске асыру арқылы суармалы жерлерден мол өнім алумен қатар, осы бағытта пайдаланылмақ судың мөлшерін едәуір азайтуға болады.

Су проблемаларындағы бас­­қа кейбір жағдайларға тоқ­тал­май-ақ бұл жөніндегі не­гіз­гі пі­кір­лерімізді қорыта айтқанда, «Қазақстан-2050» Стратегиясында белгіленген мерзімдерде қа­жет­ті су қоры (көбінесе жер қойна­уында) жеткілікті, оны пайдалану мүмкіндіктері де бар. Қазіргі жетіспейтіні – соларды дер кезінде тиісті мөлшерде іске асыра алатындай білгір ғылыми-өндірістік мамандар, заманауи технологияны меңгеретін кадрлар мен керекті сапалы аспаптар, құрал-жабдықтар. Сондықтан, бұл жетіспеушілікті кешіктірмей жою шараларын іске асыру қажет.

Жұрымбек СЫДЫҚОВ,

академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,

Қазақстан ғылымына еңбегі сіңген қайраткер.