Шексіз еркіндік дегеніміз – хаос
Сәрсенбі, 6 ақпан 2013 7:28
«Қазақстан-2050» Жолдауындағы дінге қатысты стратегиялық тағылым
Құранда Хақ Тағала: «Бір ел іштей өздерін өзі өзгертіп түземейінше, Алла ондай елді өзгертпейді», дейді. Яғни, елдің парасат-пайымы оянуы қажет. Бірақ соны оятатын, түрткі болатын елдің қаймағы, зиялысы, ел басшылары. Иә, біздің ел егеменді ел болғалы бері талай белестерден асып, сан биіктерге Хақтың қалауымен қол жеткізді. Әйтсе де қазіргі таңда еліміздің жарқын болашағының алдында бөгет пен қауіп тұр. Дегенмен, Құдайдың қалауымен көп кешікпей мұны да асып өтетінімізге сенімдімін. Сол сенімімді молайтып, түнгі аспаннан шоқ жұлдыздардай жарқырап жаныма жылу болған себептің бастысы – Елбасының жаңа Жолдауындағы дінге қатысты бекем пікірлері мен өткір тұжырымдары және алға қойған мақсаттары.
Сәрсенбі, 6 ақпан 2013 7:28
«Қазақстан-2050» Жолдауындағы дінге қатысты стратегиялық тағылым
Құранда Хақ Тағала: «Бір ел іштей өздерін өзі өзгертіп түземейінше, Алла ондай елді өзгертпейді», дейді. Яғни, елдің парасат-пайымы оянуы қажет. Бірақ соны оятатын, түрткі болатын елдің қаймағы, зиялысы, ел басшылары. Иә, біздің ел егеменді ел болғалы бері талай белестерден асып, сан биіктерге Хақтың қалауымен қол жеткізді. Әйтсе де қазіргі таңда еліміздің жарқын болашағының алдында бөгет пен қауіп тұр. Дегенмен, Құдайдың қалауымен көп кешікпей мұны да асып өтетінімізге сенімдімін. Сол сенімімді молайтып, түнгі аспаннан шоқ жұлдыздардай жарқырап жаныма жылу болған себептің бастысы – Елбасының жаңа Жолдауындағы дінге қатысты бекем пікірлері мен өткір тұжырымдары және алға қойған мақсаттары.
Елбасы сөзінің басын: «Бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр» деп бастайды. Президенттің «өткір тұр» дегені көп жайдан хабар береді. Осы орайда есіме Хакім Абайдың: «Бір күшті көп тентекті жыға алмай жүр, Іште жалын дерт болып, шыға алмай жүр», деген өлең жолы оралды. Иә, біз – іргесі бекіген Қазақстан деген мұсылман елміз. Жиырма жылда ел ішінде «көп тентек», яғни жалған діни ағымдар көбейді. Біз күшті болсақ та оларды жыға алмай келеміз. Неге? Міне, осы сауалға келесі сөз жауап береді. «Жастарымыздың бір бөлігі өмірге осы жат жалған діни көзқарасты көзсіз қабылдайды, өйткені, біздің қоғамның бір бөлігінде шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз». Ендеше, ең басты себеп «иммунитеттің әлсіздігі». Ал ол қандай иммунитет? Әрине, ата-баба дәстүрін қадірлейтін ханафи бағытындағы мұсылмандық иммунитет. Ал осының болмауына мемлекеттен қандай да бір тосқауыл болды ма? Атап айтқанда, жастардың діни білім алуына, мешітке, медресеге баруына бөгет жасалды ма? Әлбетте болған да, жасалған да жоқ. Ал жұмыр басты пенде ешқашан дінсіз өмір сүре алмайды. Әсіресе, жастар. Һәм жастар сезімге берілгіш болғандықтан, «келіннің бетін кім ашса, сол ыстықтың» кебін киіп, өз дінін, өз мәзһабын, ата салтын білмегендіктен, «жат та жалған діни көзқарасты көзсіз қабылдайды». Мысалы, Түркияда халық жаз айларында балаларын көбінесе мешіттердің жанындағы Құран курстарына жіберіп, саналарын ханафи бағытымен сығымдайды. Ал біз көп болса жазғы лагерьге жібереміз. Ал онда ешқандай да дін сабағы берілмейді. Біздер, ата-аналар, көбінесе ұрпағымыздың тән саулығына көп мән береміз де жан саулығына немқұрайлы қарап жатамыз. Ал сол жан саулығының басында дін және сол дін бояуымен боялған ата-дәстүріміз тұр.
Жолдаудағы сөз әрі қарай: «Біздің Конституция сенім бостандығына кепілдік береді, бұл – факт. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, шексіз еркіндік деген болмайды. Ол дегеніміз – хаос. Барлығы да Конституция мен заңдар аясында болуға тиіс», деп жалғасын табады. Бұл жерде Елбасы жоғарыдағы жалған діндердің қаншалықты аядан тыс кеткендігін ашып көрсетеді. Елімізде көптеген діни жалған секталар бар. Олар діни сенімді «шексіз еркіндік» деп ұғынады. Мысалдап айтсақ, елдегі сатанистер, иеһовалар, тіпті ислам атын жамылған радикалдық ағымдар осыған жатады. Бірі нәпсіқұмарлықтың шегінен шықса, енді бірі елдің байрағын, заңын танымай, ел қорғаудан бас тартады. Ал ислам атын жамылған радикалдық ағымдар бәрінен да асып түсіп, жарылыс жасауға дейін барады. Алайда, дін дегеннің өзі – адамдарды түзеп, шектейтін заңдар жиынтығы. Жер шары бір сәт шегінен шықса, ақырзаман орнайды. Қоғам берілген адамдық шегінен шықса, құрдымға жол тартады. Шексіздік көлікті апатқа ұшыратады. Ал «Ол дегеніміз – хаос». Иә, шексіз еркіндік дегеніміз – хаос. Тіпті дінге негізделмеген философиялық шексіз ойлар да тұңғиық түбіне тартып, ұйыққа батырып, жарға соқтырады. Сол себепті, демократия дегеннің өзі – жүгенсіздік деген ұғым емес. Ендеше, сіз елдегі жалған діни секталардың қоғамға қаншалықты зиянды екенінің есебіне жетіп көріңіз. Елбасы осы сөздерімен зиялысын да, мемлекеттік қызметшілерді де, жалпы алғанда, ел халқын ойлылыққа, салиқалылыққа, арлылық пен жігерлілікке шақырады.
Елбасы ешкімнің санасы мен жүрегіне және рухани әлеміне Ата Заңның тұсау болмайтындығын тағы да баса айтып: «Әркімнің таңдау құқығы бар», дейді. Алайда сол таңдауда сырттан бір күштің, алданыстың ықпалы болмауы қажет. «Діни таңдауға өте үлкен жауапкершілікпен қарау керек, өйткені, адамның өмірлік салты, тұрмысы, көп жағдайда бүкіл өмірі соған байланысты», дейді осы орайда Президент. Иә, адамның өмірі сол өзі ұстанған дініне байланысты. Тіпті бір діннің ішіндегі ағымдарына қатысты. Мысалы, біздің ел бір кездері «қазақ» деген ел болып шаңырақ көтергенде Ислам дінінің ішіндегі ханафи мәзһабы болып құрылды. Әрі ханафи мәзһабы төрт мәзһабтың ішіндегі кең әрі көп тараған мәзһаб болғандықтан, бізге кеңінен жетіп жатты. Қазақтың бүкіл салт-дәстүрі, болмысы, құндылықтары сол мәзһабқа қарай өрбіді. Сол себепті бүгінгі таңда біз осы мәзһабты ұстанбай, келесі бір мәзһабты ұстанатын болсақ, онда бізге өзгеше бір ұлт болуға тура келеді. Ал бұл – ата-бабамыздың құндылығынан ажырау деген сөз. Мысалы, келін бетін ашу, тұсау кесу, сәлем салу, тіпті жылқы етін жеуге дейін айырмашылық болар еді. Сол себепті, Елбасы айтқандай, «Бүгінде, интернет пен жоғары технологиялар ғасырында, ақпараттар тасқындаған заманда, «сүзгі» – адамның ішінде болу керек». Ол «сүзгі» адамның көкірек көзі. Өзінің алдымен кім екендігі, ата-бабаларының қандай ел болғандығы, санасында жиналған тұжырымы арқылы есеп беріп, өзі таңдаған дінді ұстанса, болашақта кім және қалай болып қалыптасатыны хақында ой қорытуы. Сол себепті адам дінді шет мұсылман елінен үйренсе де, өзінің ата-баба салтымен, солардың ұстанған мәзһабымен жүргені жөн.
Халқымызға тән мәдени құндылықтардың жоғалуына көңілі қамыққан Мемлекет басшысы: «Ішкі «сүзгі» сұрақтар қойып отыруға тиіс: аналарымыз, әпке-қарындастарымыз, қыздарымыз орамалға оранып алып, басқа халықтардың киімін кигені бізге керек пе? Бізбен бір дастарқанда отырып тамақ ішпеуге тиіс пе? Көлік жүргізбеуі керек пе? Мұның бәрі – басқа елдердің орныққан дәстүрлері, біздің даламызда ондай дәстүрлер ешқашан болған емес. Классиканы оқыңыздар, фильмдерді көріңіздер», деді.
Біздің халық қашанда жауынгер халық болғандықтан, ұлдарымыз тұрмақ қыздарымыз да ат үстінде жүріп жаумен ерлерше соғысқан. Қазақ халқы ешқашан мұсылмандықтан шыққан жоқ, қайта соны өзінің мәдениетіне айналдырды. Сол себепті әйелдің көркі болған орамалын көркемдікпен, әсемдікпен кие білген. Мұндай халық мұсылман әлемінде кемде-кем. Әрі ислам дінінде әйел затына қара жамылып үйде отыр деген қағида жоқ. Қайта ілім, еңбек мұсылман ер мен мұсылман әйелге парыз дейді. «Біздің әйелдерде ұлттық тәкаппарлық, қалыптасқан киіну стилі бар, оны олар ибалылықпен ұстана біледі және біз, ерлер, әйелдердің осы қасиетін жиі теріс пайдаланамыз».
Қазақ қауымы сәби қыздан бастап ақбасты әжеге дейінгі аралықтағы әйел адамның өзіне сай бас киім үлгісін жасаған. Сөйтіп, ислам шариғатына сайма-сай әйел адамның бас киіміне қатысты теңдессіз киім үлгісін, мұсылманша киіну мәдениетін қалыптастырған. Мәселен, сәби қыздарға әр түрлі теңге, моншақпен әшекейлеген, үкі, үлпілдек қауырсын қадаған тақия, кепеш кигізген. Бойжете, бәлиғатқа тола келе, жас бойжеткендер қазақтың әр тайпаларының өз-өз үлгісіне сай әр түрлі зерлі қыз тақиялар, құндыз бөрік, кәмшат бөрік киген, моншақпен әшекейленген кестелі орамалды шекелете тағатындар да болған. Ал, бойжеткен қызға құдаласып, қалыңдық атанған сәттен бастап оның басына әйгілі әсем сәукеле кигізілетін-ді. Сәукеле, өзіміз білетіндей, өте биік үшкіл төбелі, не түрлі меруерт, маржан, моншақтармен сәнделген тақияның ерекше түрі. Сәукеленің төбесінен төмен кең мол етіп түсірілген жаулық пердесі болған.
Қалыңдық ұзатылып барған жерінде желек деп аталатын қызыл жаулық перделі бас киім киген. Ал сәбилі болған сәтте келіншек кимешек киінген. Ал кимешек үстінен орайтын ақжаулық, шұлауыш деп аталатын кең мол ақ мата болған. Келіншек кимешектен әже кимешекке дейінгі аралықта жасқа сай өз үлгісі де қалыптастырылған. Міне, бұлар – қазақтың өз стилі, баға жетпес құндылығы. Егер осының бәрін тастап, шет елдің ұлтына тән етіп киінетін болсақ, онда біздің ұлттық құндылығымыз қайда қалмақ? Құранда Хақ Тағала адамдарды ұлттарға бөліп, бір-бірін танысын деп жаратқандығын айтады. Ендеше, біз осыны сақтауымыз қажет.
«Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген». Бұл – бүгінгі таңдағы ең негізгі нәрсе. Және қазақ болып қалуымыздың да басты қағидасы. Көңіліме ең көп қуаныш ұялатқан сөздің бірі – осы сөз. Яғни, осы арқылы «Қазақстан-2050» межесі айқындалды. Біз ханафи болып қалсақ қана ұрпағымызды «Бабаларымыз ұстанған ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негіздей» аламыз. Елбасы сөзін мықтай түсіп: «Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін – ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал», дейді. Біздің діни ар-ождан бостандығы туралы заңымыз осыны меңзейді. Ендеше, Елбасы да бізге осыны тез арада іске асыруымыз қажеттігін алға тартып отыр.
Әлемде Ханафи мәзһабының негізгі ұстаздарының басым көпшілігі қазақ топырағынан шыққан. Мысал ретінде Сығынақи, Кердери, т.б. атауға болады. Демек, біз осы Жолдауға орай сол ғалымдардың қолжазбаларынан ықшамдап мектеп пен жоғары оқу орындарына Ханафи жолын ұлттық салт-дәстүрмен салыстыра отырып оқулықтар енгізгеніміз абзал. Елдегі радикалдық ағымдардың алдын алудың бірден-бір әдісі де осы бағдарлама болмақ. Әрі Ханафи мәзһабын терең білетін теологтарды мемлекеттік мекемелер мен органдарға бөлім ашып тартса, осы стратегияның орындалуына септігін тигізер еді деп ойлаймын. Иә, бүгінгі таңда біздің жарқын ел болып, ата-бабамыздың жолын жаңғыртуымызды қаламайтындар бар. Осыны терең түсінген Елбасы: «Қазір кейбір сыртқы күштер жастарымызды ислам дінінің хақ жолынан адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысуда.
Мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктерден бойымызды аулақ салуымыз керек», деп бізді қырағыландырады. «Соқыр фанатизм біздің бейбітсүйгіш халқымыздың психологиясы мен діліне мүлде жат. Ол Қазақстанның мұсылмандары ұстанатын Ханафи мазһабына қарама-қайшы».
Дін атын жамылған радикалдық ағымдарға, әсіресе, жастар не үшін еліктейді? Оның басты себебі, мектеп мен жоғары оқу орындарында діни үгіт, профилактиканың аздығында деп ойлаймын. Бүгінгі таңда мектепте дін тарихы пәні енді. Алайда ол ханафилік бағытты үйретудің үштен бірін де қамтымайды. Сол себепті нақты оқулықтар мен теолог мамандар әзірлеу қажет. Әрине, жастар арасында бүгінде діни экстремизм профилактикасы бар. Бірақ ол аз және оған қатысатын жастар да аз әрі еріксіздей көрінеді. Керісінше, жастар арасында діни экстремизмді үгіттейтін топтардың күші басым секілді. Осыны терең түсінген Елбасы: «Біз қоғамда, әсіресе, жастар арасында діни экстремизм профилактикасын күшейтуіміз керек», деп нақты шешімділік көрсетеді.
Елбасы егеменді ел болғалы бері елімізді әлемге бейбітсүйгіш ел екенін көрсету жоспарларын жасап, соларды іске асырып келеді. Солардың бірі – жаппай қырып-жою қаруынан бас тарту болса, екіншісі Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу. Олай болса, Президент атап көрсеткендей, «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі беретін артықшылықтарды да пайдалануымыз керек».
Қорыта айтқанда, дінге қатысты Қазақстан-2050 межесі нақтыланды. Ендеше, бірлесіп көтерген жүк жеңіл деп бәріміз бірігіп іске көшкеніміз абзал.
Мұхитдин ИСАҰЛЫ,
«Нұр» Қазақ-Египет ислам университеті ректорының ғылыми кеңесшісі.
Алматы.