Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша Балқаш-Алакөл экологиялық департаментінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру аясында “Инновациялық жобаларды экологиялық-экономикалық бағыттау” атты кеңейтілген өңірлік кеңес болып өтті. Кеңеске Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы С.Мұташев, Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстары экология департаменттерінің басшылары, Ұлттық банк және екінші деңгейдегі банктер филиалдарының, үкіметтік емес ұйымдар мен ірі табиғат пайдаланушылар өкілдері қатысты.
Аталмыш кеңесте ірі табиғат пайдаланушылардың табиғат қорғау іс-шараларын және өндірістік экологиялық бақылау бағдарламаларын орындауы, индустриялық-инновациялық дамудың 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасымен іске асырылатын мемлекеттік экологиялық сараптамаларға мониторинг жүргізу, өндірістік қалдықтар және оларды тұтыну жөніндегі мәселелерге ерекше назар аударылды.
Соңғы жылдары экономикалық дағдарысқа қарамастан, табиғат пайдаланушылардың өз есебінен табиғат қорғау іс-шараларын қаржыландыру көрсеткіші артып келеді. Балқаш-Алакөл экология департаментінде 2008 жылы 1-ші санаттағы 18 ірі кәсіпорынның жұмсаған қаржылық көрсеткіші 1 миллиард 795 миллион теңге болса, 2009 жылы экономикалық дағдарысқа қарамастан, 185 табиғат қорғау іс-шарасына 2 миллиард 85 миллион теңге бөлінді.
“Алматы электр стансалары” акционерлік қоғамына қарасты жылу-электр орталықтары ТЭЦ-1, ТЭЦ-2, ТЭЦ-3 және батыс жылу кешенінде 2005-2009 жылдар аралығындағы жоспарланған табиғат қорғау іс-шаралары толықтай орындалды. Сонымен бірге, министрлік өз назарын табиғат қорғау іс-шараларының сомаларына емес, олардың орындалуы мен қол жеткізген экологиялық тиімділігіне аудармақ.
Алматы облысында өңірлік маңызды инновациялық жоба – 13, облыстық – 5, Алматы қаласында 1 жоба іске қосылмақ. Осы күнге дейін 12 нысан экологиялық сараптаудан өтті. Іле ауданындағы Фармацевтика зауыты, “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық транзиттік дәлізі, Алматы қаласы мен Алматы облысындағы трансформаторлық кіші стансалар, “Бейнеу-Бозой-Ақбұлақ” газ құбыры, Жамбыл ауданы Қопа ауылындағы тас өңдеу зауыты, Ескелді ауданындағы ГЭС-4, Жетіген-Қорғас темір жолы, Мойнақ ГЭС-і сияқты ірі жобалар бар.
Кеңесте Экологиялық кодекстің 51-бабының 4-тармағына сәйкес мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу міндетті болатын шаруашылық және өзге де қызмет жобаларын мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысыз қаржыландыруға және іске асыруына тыйым салынатыны атап өтілді.
Елбасымыздың тапсырмасына орай, Қоршаған ортаны қорғау министрлігі табиғат қорғау іс-шараларын іске асыруға, экологиялық инновацияларды енгізуге, технологиялық кешендер мен экологиялық жабдықтың өндірісі бойынша зауыттарды құруға бағытталған “2010-2010 жылдарға Жасыл даму” мемлекеттік бағдарламасының жобасын әзірледі.
Бүгінде өндірістік және тұтынған қалдықтарды есепке алу, өңдеу және залалсыздандыруға қатысты кәсіпорындар мен өндіріс ошақтарының, автокөлік құралдарының пайдаланған қалдықтарын көметін аймақаралық полигонның жоқтығы үлкен мәселе болып отыр. Алматы облысында қатты қалдық көмілетін 513 полигон бар, оларда жылына 562,5 мың тонна қалдық жинақталады. Бүгінде оның жалпы көлемі 8 млн. тоннаға жеткен көрінеді.
Кеңес барысында атқарушы органдарға істегі полигондарды экологиялық талаптарға қатаң сәйкес келтіру үшін, коммуналдық қалдықтардың сұрыпталуын, шығарылуын, сақталуы мен залалсыздандыруын ұйымдастыру, оларды өндеуге қатысты жауапкершілікті арттыру ұсынылды.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.