Руханият • 27 Тамыз, 2019

Адам деген даңқым бар

908 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

(Абайдың 175 жылдық мерейтойын өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның отырысынан соң Жидебайда туған ойлар)

Адам деген даңқым бар

Білімге ғана ұмтылғын,

Құлы болма құлқынның.

Жүсіп Баласағұн

(Х ғасыр)

 

Нұр-Сұлтан

қаласына мені Абайдың 175 жыл­дық мерейтойын өткізу жөніндегі мем­ле­кеттік комиссияның отырысына ша­қыр­ған. Мәжіліс біткен күні жедел Семейге ұштым. Тоқсан төрт жасында қайтыс болған шешемнің қырқын өткізу керек еді. Аяулы анамның ақылды жанары мені отыз сегіз күн бойы селт етпей бағып тұрған. Семейден Нұр-Сұлтанға баруға үйде ұшып жүрген жаны разы болмаса да, Абай бабасының жолына қайда да көлденең тұра алсын. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» – деп толғанған бабасына қарсы тұру имансыздық болар еді. Мемлекеттік комиссияны өткізген басшы адамдар, далбаса сөзге дес бермей, шымыр, ойлы тілектерге арқа сүйеген. Бұл комиссияның алғашқы отырысы болатын. Содан да әркім өз ойларымен әлек болып, тегеурінді, ашық, айқын ойларын кейінге қалдырған. Әркім өз ойларын оңашада електен өткізуді көздеген. Бұл дұрыс шешім болатын.

Абай бабамның 150 жылдық мерейтойы қалай өткенін мен жақсы білемін. Ұлы қазақ ақынының тойына арнап Абай мен Шаһкәрімнің басына зәулім ескерткіш орнатылды. Алып далада аппақ алып қос күмбез көз тартады. Әдемі кітаптары көп тиражбен жарық көрді. Абайдың өлеңдері мен қарасөзін Халықаралық Абай клубы орыс, ағыл­шын, француз, неміс тілдерінде кітап қылып басты. Әлемнің атақты аудармашылары ақын шығармаларын келістіріп аударды. Лондонда Абай үйін аштық. Оған да жиырма бес жыл өтіпті. Келесі жылы Абай бабамыздың 175 жылдығын атап өтпекпіз.

Біз Абай Құнанбайұлы туралы Мұхтар Әуезовтің атақты «Абай жолы» ро­ма­­нынан оқыдық. Тәкен Әлім­­құловтың «Жұм­бақ жан» атты кө­лем­ді эссесін де қуана қарсы алғанбыз. Баспалар Абай шығар­маларын кітап қылып басудай-ақ басуда. Мәдениет министрлігі де Абай­дың творчествосын елге кеңірек таратудан талған емес.

Мен Лондонда Абай үйін ашар алдын­да да, ашқан соң да, еңбектерін орыс, ағылшын, неміс, француз тілдеріне аудар­ған соң да, Абай бабамның рухани ұстазы кім? Қандай кітаптар оқыды (орыс жазушыларының кітабы емес)? Сол кітап­тардың аты қандай еді? Автор­лары кім еді? деген сұрақтарға қама­лып әуреге түсе­тінмін. Жаным қина­­латын. Абайдың ұлы­лығын ұғу үшін, оқыған кітаптарымен таны­су керек еді. Абай романы бойынша, баба­­мыз­дың оқығаны орыстың ұлы ақын­да­ры – Пушкин, Лермонтов, Крылов. Абай бабам­­ның жанына қорек болған қандай кітаптар? ХІХ ғасырда Дешті-Қыпшақ даласындағы медреселер­де кімдердің кітабы оқылды? Қандай пән­дер жүргізілді?

Бұхара мен Самарқандқа арнайы бардым. Душанбеде болдым. Дін адамдарымен сөйлестім. Бірақ сұрақтарыма дәлелді жауаптар таба алмадым. Өз бетіммен көне шағатай, парсы, араб кітаптарын оқу­ға тіл білмедім. Бірде Лондондағы Би-Би-Сиде істейтін ақын досым Равиль Бухараев мені Қазанның мың жылдық ме­рей­тойына шақырды.

Равильдің әкесі мені тоқсан жастағы бұрынғы Қазанның имамымен таныс­тырды. Жанымды жеген сұрақтарымды имамға қойдым.

– Ертең кел, – деді имам. – Мен біраз қағаздарды, кітаптарды ақтарып көрейін.

Жүрегіме үміт ұялады. Түні бойы ұйықтай алмай дөңбекшіп шықтым. Ертеңінде Равиль екеуміз имамның үйіне бардық.

– Жоғарылаңдар, отырыңдар. Әуелі шай ішейік. Сендер қонақсыңдар. Равиль­ді көр­мегеніме де отыз жыл өтті білем.

– Қырық жыл болды, – деді Равиль.

– Уақыт желден де жылдам, – деді имам.

Шайдан соң үлкен үстел басына жай­ғас­тық. Үстелдің үсті көне кітаптар мен көне жазбаларға толып тұр еді.

– ХІХ ғасырда Орталық Азия, Дешті-Қыпшақ даласындағы мед­ре­­селерде шәкірттер көтеріңкі білім алған. Кейбір пәндердің атын жазып алың­дар. Араб филологиясы. Парсы филологиясы. Түрік филологиясы. Құран. Құранды талқылау. Құран тафсир­ла­ры. Пайғамбардың хадистері. Имам Ағзам Әбу Ханифаның мұсылманның теологиялық және құқықтық оқулары, Насаафидің «Сенім символы» кітабы. Сонымен бірге сопылардың да оқулары өткізілген. Шәкірттер көп оқу оқыған. Имам Ағзам Әбу Ханифаның еңбектері кең тарады. Қызылдар келген соң, медреселер, мешіттер жабылды. Құран қудаланды. Шығыс білімі зынданға тас­талды, – деп бөгелді имам. – Көне кітап­тар Қазақстанда да көп болар. Бізде де көп. Бірақ оларды оқитын адам жоқ. Біздер жалқаумыз. Еріншекпіз. Бүгінгі жас­тарға кітап керегі жоқ. Олардың өмі­рі теле­фонға қадалып отыру ғана. Біз бір әлембіз, жастар екінші әлем. Бірімізді бірі­міз ұқпаймыз.

Енді ұқпайтын да шығармыз, деп ойладым. Бұл жан түршігетін ой еді.

Қазаннан Лондонға ұшып бара жатып Абай Шариғатты (заң) өтті, Тарихатты (жол) өтті, Мағрифатты (Алланы тану) өтті, неге ақиқатты өтпеді деп ойладым. Бұл да мазасыз, көңіл алаңдатар, жан қинар сұрақ еді. Омар Хайям да, Абай да ақи­қатты өтпеді. Ұлы ақындардан ақи­қат­ты өткен жалғыз Джалаледдин Руми ғана еді. Ақиқатқа сопылық арқы­лы ғана жету мүмкін. Ақиқат бесігі – сопылық. Енді Омар Хайям мен Абай сопылыққа неге жетпеді? деп қинала ойлай бастадым. Жауа­бын таба алмадым. Басым айналды.

Бірнеше минуттан соң, Семейдің әуежайына қонамыз, – деп ескертті стюардесса.

 

Семейге

шешеме көңіл айтуға Сібір елінен түркі тілдес – якут, хакас, тува, сібір татары, сібір ноғайы – бір топ жазушы, ға­лым достарым арнайы келді. Бұл топ өз елде­рінің бүгінгі күнгі классиктері, белгі­лі тұл­ғалары болатын. Олардың ішінде Москва­ның әдебиет институтында менің проза семинарымда оқыған шәкірттерім де бар еді.

Олардың қай-қайсысы да, Абайды қазақтың данышпаны, кемеңгері, рухани көшбасшысы санайтын саналы суреткерлер болатын.

Мен оларды Жидебайға, Шыңғыс тауына бастап апардым. Мәскеуде оқтын-оқтын кездесіп қалғанда, Жидебайға бізді шақырыңыз – деп қолқалаушы еді. Сол тілеудің жолы шешемнің қырқын өткізген соң түсті.

 

Жидебайдың

ыстықтан сарғайып кеткен кең қоры­ғын­да бой көтерген аппақ қос күмбез сағым құшағында еркін теңселіп тұр еді. Биік күмбездер Абай мен Шаһкәрімнің асыл ескерткіші болатын. Жаным сая тап­пай жалғыздықтан жабырқаған ке­зім­де, күпті көңілге жұбаныш табар жерім Жиде­бай ғана. Абай бабамның «мың­мен жалғыз алыстым кінә қойма» – деп күңі­ре­нетін тұсы да осы Жидебай қорығы болған.

Алып аппақ күмбездер сағым құша­ғын­да тербеле теңселеді. Ыстық күн астында Жидебай қорығы алып мұхит, ал қос аппақ күмбездер сол мұхит үс­тін­де жүзіп келе жатқан алып кеме сияқ­ты көрінеді.

– Бірде-бір халық өз елінде ақындарына дәл осындай ғажап ескерткіш тұрғызып көрген жоқ, – деді якуттың үлкен жазушысы, ойшылы Николай Логинов. Бәрі келіскендей болып бас изесті.

– Бұл ғажап күмбез ескерткіштің екі кемшілігі бар, – дедім.

Олар маған аңтарыла қарап қалды.

– Бірінші кемшілігі, ұлы Абайдың қабірін сипап ойға беріліп отыра алмай­сың. Екінші кемшілігі, зәулім ескерткіштің астында үлкен кітапхана бол­уы керек еді. Оған ақша да бөлінген. Өкінішке қарай, оны ел қазақтары тұрғыза алма­ды. Осы екі өкініш менің жанымды жейді, жүрегімді қажытады, – дедім.

Менің достарым үндеген жоқ. Менің ойымды олар үнсіз ұққан. Сонан да менің жүрегімді жаралағылары келмеген.

Сібірлік әдебиетшілер мұндай ескерт­кіш дүниеде жоқ. Ақынға деген құрмет осындай-ақ болса керек дескен.

– Ақынға көрсетілер ең үлкен құрмет, ақынның сөзін санасына жеткізіп, жүре­гі­нен өткізер оқырман түлеп, шыңдалып шығуы болып табылады. Ақынын таны­ған халық – киелі халық. Ақынын таны­ма­ған халық, киесінен айырылған тобыр ғана!

Менің қонақтарым үндеген жоқ. Сар­ғай­ған Жидебай жазығына олар та­ма­­­ша­­лай қадала қарап қалған. Ал олар­дың жүрегінде туған халықтарына деген сұрақтары дүр көтеріліп кеткенін менің жаным сезген. Түбіміз түгесілген, тамы­рымызға балта тиген, жарықшақ түскен, қираған түркі әлемнің шаршап-шалдыққан ұрпағы Жидебайдағы Абай­дың алып ескерткішінің алдында үнсіз тұр едік.

Екі күн Шыңғыстаудың ішіне еніп алып еркін араладық. Шыңғысханның әске­рінен қалған молаларын көрдік. Тасқа салынған көне суреттерді тама­ша­ладық. Кең жазықта, кімдер әкелгені белгісіз, алып тастар көзге ұрады. Шаһ­кә­рім бабамның Саят қорасынан жарты бұрышы ғана қалған үй орнын көрсеттім. Отыз жыл бойы сүйегі құрғақ құдықта қалған, алпыс жыл бойы еңбектері туған әдебиетінен аластатылған, ұлы ақын, терең ойшыл адамның жиырма жыл оңашада күн кешкен, тұрған, еңбек жаса­ған үйін қайта көтеріп, қалпына келтіруді ойына алмаған тобықтыларға ызам келетін. Тобықтының үлкендеріне де айт­тым, жастарының естеріне де салдым, ешқай­сысы қозғалмады. «Абай қор елде туып, қор елде өлді» – деп қапа шеккен Шаһкәрім өзінің де қор елде туып, қор елде өлетінін білмеді. Білсе де жұртын жамандыққа қимаған болар. Елінің жанын қинағысы келмеген болар. Орыстың құлдығында, белсенді есуас қазақтардың қоршауында қалған есті адам не айтпақ? Аштықтан қырылып жатқан халқына пана бола алмай қан жұтқан асыл ақын кімге шағынбақ?!.

Абайдың 100 жылдығын, 125 жыл­ды­ғын, 150 жылдығын, енді міне 175 жылдығын тойламақпыз. Алайда жүз жыл бойы қазақ ұлы ақынның ата-баба­сының басына барып мінәжат етпеп­ті. Абайдың атасы Өскенбай да, әкесі Дешті-Қыпшақтың аға сұлтаны бол­ған Құнанбай да, балалары да Бөрлі қорығында жатыр. Қазақ елінің басшылары, Семейдің ел ұстаған атқамінерлері тобықтының пантеонына барып құран оқымапты. Осыдан кейін біз қалай ел боламыз? Қалай халық болып жарытамыз? Өксіген өкініштен өлердей болып аза тартқаннан басқа біздің қолдан не келеді?.. Түк те келмейді... бо­йына қасиет қонған ойлы адамдар айтудай айтты, ел басылары біздің сөзімізді де, өзімізді де не қылсын?..

Жан қинаған қапалы ойларыммен, қасыма ерткен достарыммен бөліскем жоқ.

Шерменде болған түркі ұрпағының бір топ өкілі Шыңғыстаудың шыңына шығып тұрса да көз жасына ерік бермеді, іштен тынып сабыр сақтады.

 

Абай бейіті

Атам, маған бірде, сен дайындал, менімен бірге Жидебайға барасың, деді.

– Сіз ауырып жүрсіз ғой, – дедім.

– Ядролық сынақтар біздің түбімізге жетті... – деп бөгеліп барып, – Абай атамның басына барып түнеп қайтқым келеді. Осы сен нешеге келдің?..

– Осы күзде он үшке толамын.

– Он үште отау иесі дейді қазақ. Сен енді үлкен жігіт болдың. Менімен бірге жүр.

– Машинамен барамыз ба?..

– Жүрегімді тулатқан ойларымды Абай атама айтпақпын. Бұ күні көңілді күм­бір­леткен мұңыңды бөлісер бұ ауылда адам да қалмады. Атом бомбасы қатарымды қаусатып, жалмап бітті. Көк атымды жегіп, арбамен барамыз.

Екі күннен соң Қарауылдан Жиде­бай­ға арбамен жүріп кеттік. Кешке қарай Жидебайға жеттік. Жол бойы атам тіл қат­қан жоқ. Өз ойымен өзі болды. Мен де атам­ның мазасын алмадым.

Абай атамыздың төрт құлақты бейі­ті­не жетіп тоқтадық. Атам көк атқа шідер салып қоя берді. Өзі бейіттің ішіне еніп, қатқыл топырақты алақанымен ұзақ сипалап отырды. Мен де атамның тізесін басып, қасына жайғастым. Атам бір уыс топырақты алақан арасында уқалап үнсіз қалған. Біз солай ұзақ отырдық. Онан соң атам намаз оқыды. Ұзақ оқыды. Сәлден соң оң қабаттан Шолпан жұлдыз көрінді, сонда ғана атам маған бұрылмастан:

– От жақ. Шәугім қой. Жолға алған тамақты ыңғайла. Бар, бара бер. Мені Абай атаммен жалғыз қалдыр, – деді.

Өзі сол малдас құрған қалпы қозғал­ған жоқ. Қайта-қайта моланың қатқыл салқын тартқан топырағын сипалауын тоқтатпады.

Мен қараңғыда түртпектеп жүріп от жақтым. Мосыға шәугім қойдым. Төрт құлақты бейіттер түн ішінде үрей шақы­рып тұр еді. Мен арбаның үстіне дастарқан жайып, жолға алып шаққан бауырсақ пен етті қойдым. Атамның өткір пышағы ай астында жарқырап көрінді. Шай бұрқырап қайнаған кезде, бейіттен атам шықты. Қолына су құйдым. Онан соң атам ет турады.

– Сен отқа құрғақ талдар таста.

Құрғақ талдар лезде от алып, маңы­мыз­ды жарық нұрға бөледі.

Біз қап-қара аспан астында кешкі асқа отырдық. Қалың шоғыр бұлттар то­лық айды қайта-қайта бүркеп жауып тастап отырды.

Атам үн-түнсіз өз ойымен өзі болып кеткен. Аздан соң бұлттар ыдырап, жарық айдың мұнар сәулесі қараңғы далаға өзгеше өң берді. Ал менің көзім жұмылып бара жатыр еді.

Таңмен таласа тұрған кезімде атамды көре алмадым. Ал от жанып, шәугім шуылдап қайнап жатқан.

Төрт құлақты бейіттердің ішінен атам кө­рінді. Қолын артына қойып ақы­рын қоз­ғалады. Өмірден өткен адам­дар­дың басына барып намаз оқып шық­­қа­н­ын­ түсіндім.

Таңғы ас үстінде атам маған түстей қарап алып:

– Бұл жерде Абай атамызбен бірге әжесі, аналары жатыр. Қасиетті адамдар еді ғой, несін айтасың!.. – деп бөгелді. – Солармен арнайы қоштасуға келдім. Абай атаңа үкімет үлкен ескерткіш орнат­­пақ. Ол ескерткішті орнатса, қабірі тас­­тың астында қалады. Ал біз қайтып Абай­дың қабірінің топырағын сипай алмай­­мыз. Бұл күнә болады. Маған төрт құлақ­ты бейіт көтеріңдер. Қабірімді тас­пен жауып тас­тап жүрмеңдер. Білдің бе?

– Білдім ата.

– Қабірімнің топырағын сипауға келіп-кетіп жүр. Мен сені о дүниеде де кө­ріп тұрамын. Сенемісің маған?!.

– Сенемін ата.

Абай атамыздың қабірін сипап оты­рып, Абай атам шынында да атам екеу­мізді көріп тұр ма, деп шошына ойла­ға­ным есімде.

Сол жылы қыста атам өмірден өтті. Жан адамға тіл қатқан жоқ. Сөйлеуге ша­масы жетпей, бір жұтым суды жұта алмай қатты қиналған. Жастық астынан әзер қинала алып шыққан үлкен қолжазбаны маған берді.

– Өзің сақта, – деді. – Ешкімге көр­сет­пе. Кезі келеді бұл қолжазбаны сол кезде есті адамның біріне көрсетерсің. Мен жинаған көне кітаптар мен Құранды да көзің­­нен таса қылма. Көзіңнің қара­шы­­ғын­дай сақтап бақ. Қолжазба Шаһ­кә­рім қажының өлеңдері еді. Ал тарамыс саусақтары қолымды аялай сипай бер­ге­н­ін мен әлі сеземін.

 

Семейге

тамыздың ортасында қайта соқтым. Мем­лекеттік комиссияға айтқан ой-пікі­рім­ді тағы бір қадағалап, ой толға­мым­ды тағы бір тексергім келген. Бұл Семей, мен туған, жастық шағым, азаматтық таны­мым, алғашқы еңбек жолым, алғашқы әңгі­мелерім дүниеге келген ыстық, киелі ұя.

Ал бүгінгі Семей бөлек орта. Бар бай­лы­ғынан айырылған, келісті келбетін жо­ғалт­қан, бойына біткен асылын ұр­лат­­қан жүдеу қалашық қана. Бәрін ұр­лат­­са да жаны мен рухын ұрлатпаған қайсар ел. Жақсыға табынбаған, жаманға жалынбаған қасқыр жүректі халық. Әуе­жай­дың қарсы алдында таблоидқа бояу­мен салынған үш бейне көрінеді. Олар қазақтың сөз өнерінің көсемдері Абай, Шаһкәрім, Мұхтар. Үш алып тұлға. Үшеуі де тектілер тұқымынан. Сол үшеуі еш жанға ішін бермей, сыр ашпай, таблоидтан сізге сабырлы кейіппен тура қарайды. Мен оларға тура қарауға дәтім шыдамай, көзім­ді төмен салып кеттім.

Қаланың ортасындағы үйіме келдім. Осыдан дәл екі жарым ай бұрын осы үйден о дүниеге анамды аттандырғам. Танадай тыныштық тұнған үлкен пәтерде мен жалғызбын. Бұл пәтерге әкем де, анам да, үш інім мен жалғыз қарындасым да қайтып оралмайды. Олар келмеске кетіп, мені жалғыздық атты зынданда қалдырған. Төрде әкем салдырған Абай бабам­ның портреті ілулі тұр. Дәл осы пәтер­де Абай да жалғыз еді.

Кітап сөрелерінің ең жоғарысында жиырмасыншы ғасырдың басынан марқұм Молдаберген атам жиған көне кітаптар көрінеді. Құран да сонда, шағатай, араб, түрік тіліндегі, төте жазудағы, латын қарпымен басылған Алаш арыс­та­рының кітаптары қол жетпейтін биікте жайғасыпты. Енді ол кітаптарды ақта­ра­тын бұл пәтерде менен басқа жан жоқ.

«Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбен көрген біздің хайуан малдан не­міз артық» (жетінші сөз) деп Абай баба­мыздың қиналғаны қайда?

Билік тақта, халық тақырда жайғасқан арсыз заман. Ар-ұжданды адамзаттың дарға асқанына талай заман өтті. Бүгінгі адамдар ар-ұждансыз-ақ өмір сүруде.

Әбіш Кекілбаевпен Нұр-Сұлтандағы үйін­де кездескенімізде Абай туралы сыр бө­ліс­­кенбіз. Әр сөзін ойланып, салмақтап ба­рып сөйлейтін Әбекең:

– Абай өмірден өткелі жүз жылдан асты. Ал біздер, Абайдай ғұламаның жаз­ған­дарын ұғып, айтқандарын жанымызға жет­кізіп көрмеппіз. Абайдың «қор елде туып, қорлықпен өлгенін» өз атаң Шаһ­кә­рім қажы да көз жасы көл болып айтқаны қайда?..

– Қимас жанды қинап өлтірдік қой, Әбеке. Абай атам Он бірінші сөзінде «...Анттың, серттің, адалдықтың, ұяттың бір тоқтаусыз кеткені ме?» деп жұртына аяусыз сұрақ қойған. Есерсоқ жаулары осы сөзі үшін де Абайды кешірмеген. Өздері өлгенше Абайды табалауларын бір тоқтатпаған. Өздері өлген соң, олардың сойылын ұрпақтары көтерген.

Әбекең үндеген жоқ. Өз ойымен өзі болып, жалғыздық қойнауына түсіп жүре берген. Әлден соң ғана барып ақырын сөйлеп кетті.

– Роллан, Абайдың «Заман ақыр жастары» деген үлкен бір томдық әдемі, келісті кітабын маған қадағалап оқуымды сұрап бергенсің. Мен мұқият оқып шықтым. Кейбір сөздерін жөндеген болдым. Өзің көр. Дұрыс десең қабылда. Келіспесең қабылдама. Текстология деген үлкен ғылым.

– Ақынның кітабының текстологиясын ақын қараған дұрыс, – дедім.

– Бұл сөзіңде жан бар. Бірақ, ақын ғалым емес. Абайдың бір томдығын өзің шығардың, өзің қайтадан қолыңа қарындаш алып қарап шық. Дұрыс-ау деген кезіңде жақсы жігіттеріңе оқуға бер. Көңілге қарамай шындыққа жүгініңдер де. Бұл Абайдың тексті ғой. Сендерден кейін ешкім қарамайды. Қараса бүлдіреді. Қазақтың сөздігін дұрыстап жасай алмаған қазақтан не сұрайсың? Осының бәрі елдің көңіліне қарағанымыздың кесірі. «Қолымды мезгілінен кеш сермедім» деген Абайдың сөзі басымызға келді де тас-талқанымызды шығарғанын енді ғана түсіндік. Кеш түсіндік. Алланың жазымына не істейміз?..

– Әбеке, Асқар Егеубаев түзеп, мен соңынан тағы бір қарап  сұрыптаған текс­тер менде бар. Соны да қайта қараймын.

– Жеріне жеткізе қара. Бар ақылың мен қуатыңды Абай атаңның өлеңдеріне сал.

– Қара сөзіне де салмақпын. Редакция ке­рек ететін тұстары баршылық. Ұлы Абай поэзия тағынан табытқа құлай­тын­дар­дан емес.

– Дұрыс айтасың. Бұл сөзің ойға қонды.  

– Жолың болсын, Роллан. Құдай қолдасын сені. Әулие атаң желеп-жебеп жүрсін!.. – деп Әбіш ағам маған бата бергені әлі есімде.

Қадірлі Әбекең көп ұзамай қайтыс болды.

Қараңғы түсті. Бөлмеде шам жаққам жоқ. Сол қараңғы бөлмеде өзім үш тілде шығарған Абай бабамның «Адам деген даңқым бар» кітабын кеудеме басып, үнсіз отыра бердім.

Дешті-Қыпшақтың жүрегі де, жаны да, рухы да, туы да – ақын Абай. Абайдың сөзі жүректен жүрекке жетеді.

Абайдың сөзі мен ойы бізге сонысымен қымбат. Абайдың аңсай арман­дағаны халқының бақыты болды. Сол болашақтан тосқан бақытқа, қазақ еңбек­пен, рухани толысумен ғана жете­ті­нін Абай білді.

Он тоғызыншы ғасырда Абай бабам жалғыз еді.

ХХІ ғасырда есті қазақтар да, жалғыз­дық атты құдықта жанталасуда.

Қараңғы бөлмеде есті жалғыздардың да ит құрлы бағасын болдырмай, тығы­рық­қа тіреген қайран да, қайран заман-ай!.. деп бойынан тегеурінді тірек таба алмай аласұрған –

 

Роллан СЕЙСЕНБАЕВ