Тарих • 27 Тамыз, 2019

Тарихи 26 тамыз жайында

1998 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

26 тамыз – кеңестік қазақ мемлекетінің туған күні. Қазақ Рес­пуб­ликасының. Біздің кеңестік мемлекетіміздің. Біздің бүгінгі Қазақстан Республикасы атты тәуелсіз мемлекетіміздің ізашары болған таптық мемлекеттік бірліктің дүниеге келген күні.

Тарихи 26 тамыз жайында

Бүкілресейлік  Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесі 1920 жылғы 26 тамызда Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасын құру жөнінде арнайы Декрет шығарған еді. Бұл Ресей патшалығы жой­ған елдігімізді жаңа тұрпатта жаң­ғыртуға тырысқан Алаш-Орданы тұғырдан тайдырып, халқымызға мемлекеттілігін кеңестік негізде қалпына келтіруге мүмкіндік бер­ген большевиктік өкімет шешімі болатын.

Кеңестік Қазақ Республика­сының шаңырағын көтеруге заң­дық тұғыр соққан осы тарихи құ­жаттың қабылданғанына биыл, міне, тоқсан тоғыз жыл болды. Келесі жылы бір ғасыр толады.

Сонымен, 26 тамыз – қазақ халқының мемлекеттілік мәрте­бесін қайтаруына  жоғарыдан жол ашқан тарихи күн. Қызығы, кеңес өкіметінің аса мәртебелі басшылары қолымен маңызды биік пәрмен дүниеге келген осы­нау тарихи күн жетпіс жыл дәу­рендеген кеңес дәуірі кезінің өзінде қазақстандық Қазан туын асқақтатушылар тарапынан аса еленбеген-тін. Еленбеген.  Шын­туайтында, бұл датаны мемле­кеттілігімізді жаңғыртқан күн ре­тінде бірде-бір рет атаған да, тойлаған да емеспіз. Ал қазіргі тәуелсіздік кезеңінде оны мүлдем ұмыт қалдырып жүрміз. Дегенмен, мойындау абзал, қазақ елі үшін маңызы ересен зор болған сол тоқсан тоғыз жыл ілгерідегі ке­ңес­тік Декрет төңірегінде оның бір ғасырлық мерейлі датасы қарсаңында азын-аулақ ой қозғап, өткен жолымызға көз жүгіртіп қою, алдағы бір жыл ішінде сол сырлы құжат хақында атқаруға тиіс шаруаларымызды нобайлап алу парызымыз болуға керек.

Жалпы, қазақтың империя аранына жұтылған мемлекеттілігін жаңғыртуды көздеген аса маңызды оқиғалардың бәрі жиырмасыншы жүзжылдықтың алғашқы шире­гінде орын алғаны белгілі. Халқы­ның жер-суымен қоса рухани са­насы отарланып бара жатқанын өткір сезінген діни қызметшілердің жиырмасыншы ғасыр басындағы қарсылық әрекеттерінен қазақтың жаңа тұрпатты ұлт-азаттық қозға­лысы ұшқын алып, артынша бі­рін­ші орыс революциясының дүм­пуімен кеңірек қанат жайып та­рағаны, мақсатты бағдарламасын қалыптастырғаны мәлім.

Бүгінде Алаш қозғалысы деп аталатын бұл құбылыс жалпы­им­периялық революциялық қоз­ға­лыспен, империядағы жалпы­мұсылман қозғалысымен астаса өрістеді. Патшаны тақтан тай­дыр­ған екінші революциядан – 1917 жылғы ақпаннан кейін қазақ азаттық қозғалысы еркін дамып, жер-жерде өткен жиналыстарында келешек мемлекеттілік тү­рін таң­­дай бастады. Қазақ қайрат­кер­лері Құрылтайшы жиналысқа сенді.  Алайда, бұрынғы импе­рия ау­мағында орнауға тиіс мемле­кеттік құрылым түрін анықтамақ Құрылтайшы жиналыс идеясын үшінші революция – 1917 жылғы Қазан жеңімпаздары жоққа шы­ғаратыны байқалды. Сонда олар Құрылтайшы жиналысты күтпей-ақ, ұлттың азаттық қозғалысын межелі шыңына шығаруды батыл қолға алды...

Орынборда жиналған ІІ Жал­пы­қазақ съезі делегаттары 1917 жылғы 12 (25) желтоқсанда жа­ңа Ресей құрамында болатын мем­лекеттік бірлігінің шаңырағын кө­теріп, Бүкілқазақтық «Алаш-Орда» Халық Кеңесін – қазақ ав­тономиясының үкіметін сай­лады.  Сөйтіп тарих сахнасына этностық өз атымен шығып, төрт ғасыр дербес өмір сүргеннен ке­йін алпауыт империя аранына жұтылған ұлттық мемлекеттілік әлденеше ондаған жылдан соң, заманауи тұрпатта жаңғыртылды.

Бірақ ғұмыры ұзақ болған жоқ. 1917 жылғы 25 қазан (7 қа­раша) төңкерісін жасап өмірге келуімен дүниені дүр сілкіндірген тапшыл большевиктік билікпен 1918 жылғы сәуірде Алаш-Орда делегациясы келіссөз жүргізген, сонда кеңестік басшылық ІІ Жал­пы­қазақ съезінің шешімдерін мойындағандай болған. Алаштық делегация Кіші Совнаркомда  авто­номияның басқару құрылымын кеңестік рельске жақындату жо­басын жасаған, делегацияға оны жүзеге асыруға қажет мол қаржы берілген. Алайда, кері қайтқан де­легация қазақ шегіне жетер-жет­песте-ақ большевизм көсемдері «ұлтшыл буржуазиямен» ымыраға баруға болмайтынын мәлімдеп, жер-жердегі өкілдеріне тиісті нұс­қауларын жолдаған-ды...

1918 жылдың басында таға­йындалған Дала өлкесінің комис­сары, сол жылғы мамырда құ­рыл­ған Ұлт істері жөніндегі ха­лық комиссариатының Қазақ бө­лімі ел ішінде совдептер (депу­таттар кеңесі) насихатын кү­шей­те түсті. Шығыс Алаш-Орда өкілдері кеңес өкіметі жағына шыға бастады. 1919 жылғы 10 шіл­­­деде Предсовнарком (Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы) Ленин өлкені әскери-азаматтық тұрғыда басқаруды жүзеге асы­руға тиіс ең жоғарғы билік ме­ке­месі Қазақ революциялық ко­ми­тетін құру жайындағы дек­ретке қол қойды. Құрамына қа­зақ ұлт-азаттық қозғалысының бұ­рынғы қайраткерлері де кірген Қазревкомның қарамағына Астра­хан губерниясындағы қазақ аумақ­тары мен Орал, Торғай, Ақмола, Семей облыстары берілді. Қазақтың өзге террриториялары 1918 жыл­ғы 1 мамырда жарияланған Түркіс­тан Республикасының құзы­рын­да болып, 1917 жылдан бастал­ған ал­ғашқы ашаршылық зардабын ше­гіп жатты.

Қазревком қилы келіссөздер­ден кейін Батыс Алаш-Орданы бар­ша құрылымымен кеңеске қа­ратты, содан соң, 1920 жылғы 9 нау­­рызда Алаш автономиясының, оның өкіметінің, бөлімшелерінің таратылғаны жөнінде шешім шы­­­­ғарды. Осылайша, Алаш өкі­ме­ті жеңілді, тарих сахнасынан кетті. Шүкір, бірақ Алаш идея­сы жеңілген жоқ. Ол кеңес платфор­ма­сына шыққан азаматтардың санасында лаулап, онымен рух­тан­ған күрескерлер әрдайым ел­дік мүддені нысана етті. Ұлт қай­раткерлерінің қатысуымен ке­ңестік қазақ автономиясын даяр­лау ісі даңғыл жолға түсті, бұл рет­те Қазревком қыруар жұмыс жүргізді. Қазревком белгілеген өкілдер болашақ автономия аума­ғын нақтылауға байланысты ор­та­лықта өткен мәжілістерге қа­тысты. 1920 жылғы 17 тамызда  Сов­нарком Қазақ Республикасы ха­қындағы құжаттың жобасын қарап, мақұлдады.  

Осылардан кейін тарихи Декрет дүниеге келді. Бүкілресейлік Орта­лық Атқару Комитеті (ВЦИК) жә­не Халық Комиссарлары Ке­ңесі (Совнарком) 1920 жылғы 26 тамызда Совнаркомның 1919 жылдың 10 шілдесіндегі дек­ре­тін дамыта қарап, Қазақ Рес­пуб­ликасын құру жөнінде қаулы алды. 

Автономиялық Республика Ресей Социалистік Федеративтік Кеңестік Республикасының бөлігі ретінде құрылды. Құрамына Пав­лодар, Семей, Өскемен, Зайсан, Қарқаралы үйездерінен тұратын Семей облысы, Атбасар, Ақмола, Көкшетау, Петропавл үйездерінен және Омбы үйезінің бір бөлігінен тұратын Ақмола облысы берілді. Омбы үйезінің Қазақ және Сі­бір бөліктерін дәл межелеуді Қаз­ревком мен Сібіревком өзара ке­лісіп жүзеге асырады деп ескер­тілді. Республикаға, сондай-ақ Торғай (Қостанай, Ақтөбе, Ыр­ғыз, Торғай үйездерімен), Орал (Орал, Ілбішін, Темір, Гу­рьев үйездерімен) облыстары, Каспий сырты облысының Маң­ғыстау үйезі, осы облыстағы Крас­новодск үйезінің 4-ші және 5-ші Адай болыстары, Астрахан губер­ния­сынан Синеморская болысы, Бө­кей ордасы, 1-ші және 2-ші Теңіз жағалауы округтеріне жапсарлас бұрынғы қазыналық оброк жер­лерінің аумағы берілді. Теңіз жағалауы жолағы және Сафронов, Ганюшкин, Николаев болыстары Қазревкомға қаратылды. Астрахан атқару комитеті жанынан  халқы аралас облыстардың өзара қа­рым-қатынастарын мұқият рет­ке келтіру үшін Қазревком мен Астрахан аткомы өкілдері кіре­тін комиссия құру көзделді. Ал сол сәтте Түркістан Республика­сының құрамында тұрған қа­зақ территорияларын Қазақ Рес­публикасы құрамына қосу сондағы халықтың ерік-жігері нәтижесінде жүзеге асырылады деп белгіленді.

26 тамыз Декреті бойын­ша «жергілікті Совдептер, Орта­лық Атқару Комитеті және Қа­зақ Социалистік Советтік Респуб­ликасының Совнаркомы» Қазақ Республикасының басқару орган­дары болып табылатын. Осындай құрылымды толық заңдастыру мақсатымен Қазревком 1920 жыл­ғы 4–12 қазанда Қазақстан Советтерінің Құрылтайшы съезін өткізді де, өкілеттігін тоқтатты.

Съезд Қазақ Республикасы ең­бекшілері құқтарының дек­ла­ра­циясын қабылдады. Декла­рацияда Ресей Федеративтік Рес­публикасының құрамында Қазақ Автономиялық Республикасы­ның құрылғаны конституциялық тұрғыда жария етілді. Республика азаматтарының негізгі құқтары мен міндеттері, мемлекеттік билік органдары, сайлау жүйесі мен оның принциптері,  жер саясаты, соттың ұйымдастырылуы мен қызметінің жүйесі белгіленді. Республиканың жоғарғы билік органдары – Орталық Атқару Комитеті (Қазатком) мен Ха­лық Комиссарлары Кеңесі (Халком­кеңес) сайланды.

Мұның бәрі жұртшылық та­ра­пынан жақсы қабылданды, қа­зақтың кеңестік ұлттық мем­ле­кеттілігінің жария болуы отарлық қапастан шыққан халықтың ұлттық жаңғыру жолындағы алғашқы қадамы ретінде бағаланды.

Бірақ қазақтың ұлттық мемле­кеттілігі 1920 жылы жария болды дегенмен, іс жүзінде ұлттық мемлекеттілік үшін күрес ешқашан толастаған жоқ.  Республиканың шығысында да, батысында да шекаралар біртіндеп нақтыланып жатты. Қазреспублика аумағында 1921–1923 жылдары үлкен ашар­­шылық болды. 1924 жылы Орта Азияда жаңаша тұрпатта ұлт­тық-мемлекеттік жіктеу жүр­гі­зілді. Межелеуден соң оң­түс­­тік қазағы жер-суымен респуб­ли­каға қосылды. Енді Қазақ Рес­пуб­ликасы Үлкен Түркістан өлке­сінде шаңырақ көтерген мемле­кеттік құрылымдардың ішіндегі халқының саны жағынан да, жерінің көлемі жағынан да ең көрнектісіне айналды. Бірақ ол Өзбек, Түрікмен республикалары тәрізді Кеңес Одағын құрушы одақтас республикалар қатарына жолатылмай, бұрынғысынша, РКФСР құрамында қалдырылды. Сонда Үлкен Қазақстан Кеңесте­рінің 1925 жылғы 1-ші (жалпы реті бойынша 5-ші) съезінде бұрын жай ғана жарияланған Қазақ Ұлт­тық Республикасының енді іс жү­зінде құрылғаны жөнінде бар дауыспен атап айтылды. Орысша «киргиз» деп айтылып-жазылып келген халық пен мемлекет атауы ресми түрде «қазақ» атауына ал­мастырылды. Республиканың ұлт­тық сипатын нақты іспен тия­нақтауды көздейтін бірқатар маңызды қарар қабылданды. Өкінішке қарай, олардың бәрі бірдей большевиктік орталық та­ра­пынан қолдау таппады.

Бұрынғы империяны халық кө­ңілінен шыққан кеңестік би­лік торымен шырмаған кеңес өкі­метінің құлақ күйін коммунистік  партия келтіріп отырғаны мәлім. Ал большевизмнің компартиясы өзінің табиғатынан қатаң орталық­тандырылған империялық пар­тия болатын. Тиісінше, оның так­­тикалық есеппен құрған ұлт­тық құрылымдарының баршасы коммунистік манифесте тұжы­рымдалған «жұмысшыларда отан жоқ» қағидасына адалдық­пен, әрдайым дүние жүзі пролетар­ларын бірігуге шақырып ұранда­татын. Жергілікті жұрттың таптық тұғырдан титімдей де ауытқымауы сенімді көздер арқылы қатаң қа­дағаланып тұратын.  Осындай идеологиялық ахуалда Қазақстан­ды басқаруға 1925 жылы жібе­рілген «көлденең көк атты» жер­гілікті коммунистердің сана-се­зімін, ойлау көкжиегін бір арна­ға түсіру, көндікпейтіндерін қыз­меттен, елден аластау, алашор­дашы делінетіндермен ымырасыз күресу саясатымен қатар қазақтың ұлттық мүддесіне кереғар солақай реформаларды ойындағыдай жүргізу арқылы республиканы 1931–1933 жылдарғы алапат ашар­шылыққа душар етті.

Халықты Ұлттық Апат ұйы­ғына тіреп, жойылуға тақалтқан эмиссардың қателіктерін тү­зеу­ге орталық екінші бір «сенім­ді өкілін» жіберді. Оның басшы­лығымен ел еңсесін көтерді. Тірі қалған жұртты қайраттандыру, босқандарды елге қайта жинау,  құлаған дәстүрлі шаруашылықты жандандыру, әсіресе мәдени ре­­волюция жасау нәтижелері жұртты сүйсіндірді. Халықты қы­­надай қырған мемлекеттік қылмыс іздерін бүркемелейтін жаңа тарихи шешім қабылданды. Қазақ Республикасына одақ құру­шы мемлекет тәжі кигізілді: 1924 жылы барлық талапқа сай бо­лып тұрғанына қарамастан бе­ріл­меген одақтық мәртебе бір мү­шелден кейін берілді. Жасанды ашаршылық салдарынан қазағы азшылыққа, бірақ көшпенділіктен кетіп, отырықшыға айналған, биік өнерінің арқасында «қа­раң­­­ғы халық ішіндегі социа­лизм жетістіктерін» айдай әлем­ге әйгілеген салтанаттан соң бе­рілді.  Бұл дәрежені аспаннан түс­кендей етіп 1936 жылғы 5 жел­­­­тоқсанда қабылданған КСРО Кон­ституциясы сыйға тартты. 1920 жылғы 26 тамыз Декретінен бас­талған кеңестік автономиялық қазақ мемлекеті осылай, 1936 жыл­ғы 5 желтоқсандағы сталиндік Конституция бойынша жаңа са­паға көтеріліп, «республикалар одағын құрушы социалистік тәуелсіз мемлекеттердің біріне» айналды. Бұл кеңестік қазақ мем­лекетінің тарихындағы орасан зор белес, ерекше мәнге ие тарихи оқиға еді. Бұл – мемлекеттік тә­уел­­сіздігіміздің 1991 жылғы 16 жел­тоқсанда конституциялық заң­мен бекітілуін мүмкін етіп, 1936 жылы соғылған бекем заңи тұғыр болатын. 

Артынша саяси репрессиялар науқаны, екінші жаһандық соғыс, халық шаруашылығын қалпына келтіру, индустрия ошақтарын өркендету, даңқты тың эпопеясы орын алды. Тыңгерлер дейтін романтикалық ат иеленген жаңаша отарлаушылар шалқытқан қоныс-мұхит айдынында оқшау шағын арал іспеттене қарауытқан  қа­зақ ауылдары біртіндеп жалпы­адамзаттық ұранға құлап жатты. Халықтың сана-сезімі, мәдениеті өзгерді, орысша сауаты артты, коммунизмге бір тілмен бару ар­­манға айналды. Экономика қа­уырт өсті, республикада әр он жылда жорымалы түрде бір ин­ду­стриялы Қазақстан салынып тұрды. Бірақ республиканы сон­шама ірі жетістіктерге жеткізе тұ­ра, кеңестік биліктің қазақ ұлт­тық мүддесін шектеуге түсіруі елеу­сіз қала бермеді: елге теңдік берген сталиндік конституция қа­былданғалы бері жарты ғасыр өткенде қазақ жастарының әйгі­лі Сексен алтыншы жыл желтоқ­санындағы саяси көтерілісі орын алды. Тоталитаризм ыдырай бас­тады...

Тәубе, ұлтымыздың  тотали­тар­лық билік бұрмалауларынан жан-дүниесі сырқырай ауырып, айтып-жеткізгісіз қасірет шегуі өтеусіз қалмады: кеңестік қазақ мемлекеті тәуелсіз даму сынды жаңа сапалық деңгейге ауысуға беттеді. Ауысты. Алға жаңа мақ­саттар тартылды. Болашаққа се­німмен беттеу үшін өткен жолды жақсы білу керектігі, әркімнің өзін-өзі тарихпен тәрбиелеуінің маңыздылығы, тоталитаризм бүр­кемелеген қаралы тарихтан сабақ алуды тәртіпке айналдыру жөн болмағы айқындалды. Ал бұл – мақсатты түрде ілгерілеуге қажет шарт.

Осы орайда 26 тамыз сырына терең бойлап, келе жатқан ға­сырлық датасы қарсаңында мем­ле­кеттілігімізді жаңғырту жо­лын­дағы күресімізді зерттей түс­кеніміз дұрыс болар еді. Жетпіс бір жыл өмір сүрген қазақтың кеңестік республикасының бас­тауына үңіліп, империя жойған ұлттық мемлекеттілігімізді қал­пына келтіру, жер-суын, халқын жиып, шек-шекарасын анықтап белгілеу жолында жанын берген азаматтарымыз бен олардың ең­бектерін саралау әм әділ баға­лау әлі күнге дейін толық зерт­телген жоқ. Солардың жанқияр­лық қызметтері, мың-сан саяси құрбан, миллиондаған ашар­шылық құрбандары біздің тәуел­сіздігімізге жол салды, соны осы алдағы бір жылда, кеңестік қазақ мемлекетінің жүз жылдығына де­йін әділ де жан-жақты зерделеуді борышымыз деп ұғайық.

 

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты