Аймақтар • 27 Тамыз, 2019

Салынған жолдар сын көтермейді

730 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Астана іргесіндегі Қосшы ауылында биыл 12 көшенің жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оған бюджеттен 2 млрд 100 млн теңге қаражат бөлінген. Салынып жатқан жол­­­дардың сапасына Ұлттық жол активтері сапа орталығы мен қоғам белсенділері тексеріс жүргізіп, біраз сын айтты. Оның ішінде былтыр ғана қолдануға берілген Сүйінбай көшесінің тоз-тозы шығып, үгітілген ас­фальт­тарына куә болып қайттық.

Салынған жолдар сын көтермейді

Алдымен Тұран және Сүйінбай көшелері тексерілді. Сүйінбай кө­шесін визуалды тексеру кезінде асфальттардың шытынағаны бірден көзге түсті. «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы бұған дейін осы көшелерден 60-тан астам сынама үлгілерін зертханада тексеріп, 13 материалдың жобалық талаптарға сәйкес келмейтінін анықтаған. Мыса­лы, табиғи құм-қиыршық тастың орнына ұсақталған құм төселген. Жол жиегі мен арықтардың салынуы да талапқа сай емес. Сонымен қатар ортаңғы және жоғарғы қабат арасында битум эмульсиясы салынбаған. Осы сияқты 20-дан астам ескертуді жауапты мердігер ұйым назарға алмай отыр.

«Жол активтері ұлттық сапа ор­та­­лығы» РМК Бас директорының міндетін атқарушы Замир Са­ғы­нов: «Қиыршық тас салынбай, то­пы­рақтың үстіне бірден асфальт орналастырған. Стандарт бойынша жол салудағы алғашқы негізі жоқ. Жолдың төменгі жағын қазып қарайық. Бос, сондықтан су жиналып тұр», деді. Сондай-ақ мердігер компания Республика кө­шесінде 640 метрге жөндеу жұ­мыс­­тарын жүргізу керек болған, іс жүзінде тек 440 метрге ғана асфальтбетон салған. Алайда, құжат бойынша барлық қаражат игерілген. Салынған жолдардың сапасыз еке­нін айтып, наразылық білдірген ауыл тұрғындары да бар. Шәмшия Атабаеваның айтуынша, бұған дейін жергілікті тұрғындар халықтан ақша жинап көлік жалдап, қиыршық тас төсеген. Әсіресе көктем кезінде бат­пақтан әбден мезі болған жұрт осылай өз  қаражаттарына жол салған.

− Бастапқы салынған дайын тас­тардың үстіне асфалт төседі. Басқа ай­мақтардағы салынып жатқан жол­­­­­дарды көріп жүрміз. Жаппай қа­зып, барлығын талаптарға сай етіп жасайды. Біздің жолдарды дұ­рыс салған жоқ. Бір жылдан кейін жүруге жарамсыз болып жатса, таң­ғалмаймын, − дейді ауыл тұрғыны. Салынғанына көп болмаған жолдың үгітіліп, астынан тас шығуына негізгі себеп – ауыр жүк көліктерінің жиі қа­тынауы. Целиноград аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Арман Жұмағұлов бұл өңірде қытай­лық кәсіпорындардың ауыр жүк көлік­терінің тұрағы орналасқанын алға тартады.

− Байқаған болсаңыздар, біз кіре­бе­ріске жүк көліктерін жүргізбес үшін белдеу қойдық. Себебі жол сапасын құртатын көбінесе сол ауыр жүк тасы­малдайтын көліктер. Мысалы, ауыр жүк көлігінің салмағы – 10 тонна болса, оның тиеген жүгі де 10 тоннаға шамалас. Ал салынған жолдармен ары кеткенде 8-9 тонналық көлік жүруі керек. Сондықтан мер­дігер компания биыл жолды өз қаржысына қайтадан жөндеп жатыр, − деді А.Жұмағұлов. Оның айтуынша, Сүйінбай көшесіне салынған жол 4 санатқа жатады. Яғни, бөлінген қаражаттың мөлшеріне қарай деңгейі де төмен болып отыр. Бұл жолдар сондықтан да ауыр жүк көліктеріне шыдас бермейді. Салын­ған жол сапасының негізгі сарапшысы – уақыт десек, мердігерлер тарапынан берілетін кепілдік – 2 жыл ғана. Бұл уақыттан кейін оның жағдайына жауапты ешкім өз мойнына алмайтыны анық.

Өз кезегінде БАҚ өкілдеріне жауап берген жол салған мердігер компания­ның өкілі Сергей Кононов: «Кепілдік аясындағы жөндеу жұмыстарын өзім жасап жатырмын. Ал былтыр жолды салған кезде бұл нысанда жұмыс істеген жоқпын. Сондықтан жолдың қаншалықты жұқа немесе қалың болғанын айта алмаймын», деп ақталды. Қалай болғанда да бөлінген қаражат то­лықтай игерілді. Қажетті жоспар бекітілді. Енді жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған жолдарды әкімдік қабылдап алуы тиіс. Одан бұрын тұрғындар мен қоғам белсенділері жол сапасына қатыс­ты фактілер ескерілсе екен деген уәждерін білдірді. 

Қоғам белсендісі Мұсағали Дуан­беков: «Жолдың негізі іргетасы дұ­рыс жасалмаған. Себебі айналасын­да су бар. Ертең күн суытып аяз түс­кенде  асты жарылып шыға келе­ді. Сондықтан бұл жолдарды қайтадан жасау керек. Оны жасаған мер­дігер­лер міндетті түрде жауап беруі тиіс. Оған миллиондаған ақша кетті. Оның нақты есебі берілуі тиіс. Ал жол жөн­деуші мердігер компания мен аудандық әкімшілік өкілдері жолды осындай аянышты күйге түсірген жүк көліктері деп отыр. Сапасы жағына жауап бере алмағасын, бар кінәні адамға емес, көліктерге артты», деп өз ойын білдірді.

Жалпы жол сапасына жауапты мекеме басшысы  еліміздегі осындай жергілікті жерлердің 90 па­йызы талапқа сай еместігін айтты. Сондықтан мұндай рейдтер алдағы уақытта еліміздің барлық аймағында жүргізіледі. «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұржан Темірхановтың айтуынша, жүргізілген тексерістер нәтижесі бойынша ескерту айтылған мердігер кәсіпорын алдағы уақытта жіберілген олқылықтардың орнын толтыруы тиіс. «Жол салу ісінде мер­­дігер кәсіпорындардан біз стандарт бойынша бекітілген талаптарды сұраймыз. Болмаған жағдайда, қандайда бір сәйкес келмейтін жайт­тар бойынша айтамыз. Себебі бола­шақ­та салынған жолдың халыққа ұзақ жыл қызмет етуі маңызды. Сондықтан мердігер кәсіпорындар бізге үрке қарамай, керісінше бір­лесіп жұмыс істеуіміз керек», дейді. Ра­­­сында, жыл сайын қазынадан қаражат бөліне бермейді. Сондықтан берілген мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, сапалы, біраз жылға қызмет ететін жолдардың дұрыс салынуын талап ету орынды-ақ. Жасыратыны жоқ, еліміздегі «бармақ басты, көз қысты» әрекеттері жиі тіркелетін жол саласында ақпарат ашықтығы қаражаттың қайда, қалай кеткені жабулы күйінде қалады. Бұл ақпарат мердігер ұйым мен әкімдік арасында ғана қалып қояды. Сондықтан «ақша бөлінгенімен жолдың сапасы сын көтермейді» деген қара
бояуы қалыңдау пікірдің тууы заңды. Елорданың іргесінде орналасқан Қосшы кентінде салынып жатқан 12 көшенің жолдары негізгі жоспар бо­йынша кем дегенде 5-6 жылға жарамды болуы тиіс. Бірақ жоғарыда аталған ескертулер ес­керіліп, қателіктер жөн­делмесе, Сүйінбай көшесі сияқты бір қыстан кейін асфальты шашылып,  бөлінген миллиардтаған қаражат далаға кетеді деген сөз.