Қоғам • 27 Тамыз, 2019

Сапаны қадағалау – рецепсіз сатумен байланысты емес

461 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биылдан бастап қазақстандықтарға дәрі-дәрмектерді рецепсіз сатуға шектеу қойылды. Өйткені Денсаулық сақ­тау министрі Е.Біртанов барлық дәрі­ханаларға дәрі-дәрмекті арнайы рұқ­сатсыз сатуға тыйым салды.

Сапаны қадағалау   – рецепсіз сатумен байланысты емес

Денсаулық сақтау министрінің орынба­сары Ләззат Ақтаеваның айтуы­на қарағанда, бұл шешім Президент Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды тұғыр­намасында айтылған: «Дәрі-дәрмек сапасын бақылауды күшейту және бөлшек сау­дадағы оның бағасын реттеу туралы» талабын іске асыру шараларының шеңберінде қабыл­данған.

Президенттің дәрі-дәрмек сапасын қада­ға­лауды күшейту керек деген талабын рецепсіз сатуға тыйым салу арқылы орын­даудың қандай жөні бар екенін түсіне алмадық. Министр сапаны тексерткісі келсе бірнеше препараттар алып, арнайы зертханаларда тексертпей ме? Егер бір дәрі-дәрмектің құрамы түйіндемесінде көрсетілген сапаға үйлеспейтін болса, ондайды сатуға тыйым салуға болады. Ал енді дәрінің сапасын анықтау мен оны рецептпен сатудың қандай байланысы бар?

Рецепке құнттылығы жоқ кісілер өзіне аса қажетті препараттарға алған рұқсат қағазын да қалтасына салып жүре қоймайды. Ал ауыл адамдарына оны жазып бере қоятын дәрігер де қолға түспейді. Тіпті қалалы жерлерде де бірнеше жылдан бері қолданып жүрген дәріңе рецепт ала қою оңай емес. Жақындап кетсең болды, қазір емханалар әбден тексермей ешқандай рецепт жазбайды. Рецепт алудың осындай қиыншылықтары бар.

Дәріні рецепсіз беруге тыйым салудың жалпы халыққа тигізетін зиянын басымыздан өткізіп отырған жанның біріміз. Бірнеше жылдан бері түрлі себеппен қан қысымым аяқ астынан көтеріліп кетеді. Ондайда каптоприл деген халық арасында «жедел жәрдем» аталып кеткен бір препаратты аузыма сала қоятынмын. Айналайын, айналасы 15-20 минутта қысымды қалпына келтіреді. Осы уақытқа дейін оны барлық дәріханалар емін-еркін сата беретін. Тіпті рецепті қашан алғаным, қайда қойғаным да есімде жоқ.

Өткен жолы, еңбек демалысымда облыс орталығынан ауылға бармақ болып, жолға шыққан едім, қан қысымым аяқ астынан көтеріле қалғаны... Жолдағы дәріханаға кіріп ала қояйын десек... Қайдағы... министрдің бұйрығы бар, біз оны бұза алмаймыз деп сатпады. Бетіміз қып-қызыл болып, бір Аллаға сыйынып аудан орталығына зорға жеттік. Мақсатымыз дәріні осындағы дәріханадан ала қою еді. Министрдің бұйрығы мұнда әлі жете қоймаған шығар деген үмітте едік. Бірақ бұлар да сата алмаймыз деп шалқасынан түсті. Әйтеуір, провизор құдайға қараған жан екен, жағдайды түсінген соң ғана «ешкімге айта көрмеңіз» деп жасырып сатты...

Осындай жағдай жалғыз біздің басымызда емес шығар. Сондықтан адам өзіне не қажет екенін біліп тұрса, жедел көмек бере­тін препараттарды еркін сатуды тоқтауға бол­май­тынын министрліктің ескеруі қажет деп ойлаймыз.

Әрине құрамында түрлі зиянды эле­мент­тері бар, мас қылатын есірткі заттары, естен тандыратын компоненттері бар дәрі-дәрмектерді еркін сатуға болмайды. Алайда, барлық дәрі-дәрмекті рецепке байлап тастау – адам денсаулығын сақтауға қам­қорлық деп ешкім айта алмас. Өзін өзі бақылаусыз емдеп, денсаулығын құртатын сауатсыз адамдар бізде жоқ. Тіпті дәрігер жазып берген рецептердегі дәрі-дәрмектің өзін біздің халқымыз сақтықпен ішуге үйренген. Өйткені бір сырқатқа ем болатын препарат екінші жақтан зиян болып жататынын жақсы біледі. Орыстың «где лечит, где колечит» деген мәтелін де көпшілік біледі. Сондықтан біз­ді денсаулықтарын қапияда жоғалтып алуы мүмкін ақылсыз бала-шаға деп ойламау керек.

Ал Президенттің талабын дұрыс түсініп, препараттардың сапасын зертханаларға салып, тексеру, қайсыбірінікі түйіндемеге сәйкес болмай жатса, сатуға тыйым салу – министрліктің міндеті. Сонымен бірге Президент бөлшек саудадағы бағаны реттеу керектігі жөнінде де талап қойды. Оны атқару да осы министрліктің міндеті. Жақын тұрған екі дәріханадағы бір препараттың бағасы екі түрлі екендігін көзіміз көріп жүр. Бәрі де дәрі-дәрмекті бір жерден алады, алай­да халықтың денсаулығының есебінен «тез байығысы» келетін кейбір дәріханалар оған қосатын өзінің табысын аспандатып қойып жатады. Міне, осындайларды тізгіндеу керек.