Экономика • 27 Тамыз, 2019

Қытайлық инвесторлар АХҚО жұмысын оң бағалады

212 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайту мақсатында қытайлық инвесторлардың форумы өтті. Көршілес елдің іскер азаматтары «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысын жоғары бағалап, бірлескен жобаларды іске асыруға ниеттерін білдірді.

Қытайлық инвесторлар  АХҚО жұмысын оң бағалады

Қытай делегациясын дүниежүзілік «Бір белдеу, бір жол» ұйымы төрағасының орынбасары және Халықаралық инвестициялық қорларды басқару ұйымының президенті Ван Сяодун бастап келді. Ол «Бір белдеу, бір жол» бастамасы Қазақстан мен Қытайдың арасындағы ынтымақтастыққа оң ықпал етіп, интеграциялық үдерістерге қарқын беретінін айтты.

– Қазақстан Еуразия кеңістігінің дәл ортасында орналасқаны белгілі. «Астана» халықаралық қаржы орталығы – британдық құқық негізінде жұмыс істейтін бірегей автономды алаң. Мұнда тіркелген қаржы ұйымдарына барлық жағдай қарастырылған. Қолайлы цифрлы ортадан бастап, тиімді жеңілдіктерге дейін бар. Биыл екі мемлекеттің дипломатиялық қарым-қатынасының орнағанына 27 жыл толып отыр. Сондай-ақ ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің Назарбаев Университетте «Бір белдеу, бір жол» стратегиялық идеясын салтанатты түрде жариялағанына да 6 жыл болды. Екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстың орнаған күнінен бастап, өзара ынтымақтастық сан саланы қарқынды қамтып келеді. Келешекте мәдениет, денсаулық сақтау, туризм, экономика, цифр­лы технологиялар және биотехнология бағытында әріптестікті нығайта түсуді жоспарлап отырмыз. Қазақстан Қытайды Батыс Еуропамен жалғаған көпір іспеттес, – деді В.Сяодун.

Бұдан бөлек, қытайлық қаржыгерлер банк қызметі бойынша бірлесіп жұмыс істеуге әзір. Атап айтқанда елімізде Азия-Тынық мұхиты валюталық-инвестициялық банкі мен Дүниежүзілік бірлескен банктің бөлімшелері ашылуы мүмкін. Бүгінде қос тарап тиісті уағдаластыққа қол жеткізуге жақын. Аталған қаржы институттары бірінші кезекте отандық корпоративтік секторға қызмет көрсетуді қолға алмақ.

 – Қазақстандық әріптестерімізбен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бәрі сәтті өтсе, банк филиалдары Нұр-Сұлтанда ашылуы мүмкін. Біздің банк іскер ортамен жұмыс істеуге мүдделі. Әйтсе де тұрғындарға да қызмет көрсетуді ойлас­тырамыз, – деді Азия-Тынық мұхиты валюталық-инвестициялық банкінің және Дүниежүзілік бірлескен банктің төрағасы Фэн Сяншань.

Форум барысында екі тарап туризм саласында бірлескен жобаларды іске асыруға уағдаласты.