Руханият • 27 Тамыз, 2019

Қазыбек бидің сөре тасы

1149 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тәуке, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай хандардың тұсында мемлекет басқару ісіне белсене араласқан ірі тұлға, Абылай ханды жоңғарлардан тұтқыннан босатқан Қаздауысты Қазыбек би өмірінің соңғы жылдарын Баянауыл ауданындағы Жаңатілек елді мекеніне қарасты Сеңкібай деген жерде өткізгені мәлім. Сеңкібай Оразғұлұлы Бөгенбай батырдың бас батырларының бірі болған адам. Қаздауысты Қазыбек бидің аталас туысы. Сол жылдары Сеңкібай ауылымен іргелес Қарағайлы бұлақта Едіге би Төлебайұлы, Бәйтекеде Тайкелтір би Айдаболұлы тұрып аралас-құралас жүрді.

Қазыбек бидің сөре тасы

Қаздауысты Қазыбек би дүниеден өтер алдында осы Тайкелтір биге өсиет айтып, өзін Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне апарып жерлеуін тапсырады. Мезгіл қыс айы болғандықтан жол жүруге қалың қар кедергі жасап Қазыбек бидің мүрдесін ақ жауып арулап аманат айтып, қыс бойы сөре таста сақтап, көктем шыға Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне апарып жерлепті.

Бала кезімде мені әкем марқұм Сең­кі­байдағы Қазыбек бидің сөре та­сын көрсетуге талай рет апарғаны есімде. Сөре тас бес бөліктен тұратын. Әсіресе, жерге айқыш-ұйқыш көл­­беулете қа­далған төрт қада тастың үстіне қойыл­ған тас табыт ерекше еді. Шебердің қо­лынан қашалған тас табыттың ағаштан жонып шы­ға­рыл­ғандай етіп аса ұқыпты жасалғаны таң­­дай қақтырарлықтай. Ит-құс бидің мүр­десіне зақым келтірмеуі үшін мүр­дені жерден едәуір биікте сақ­­та­ған­дары көрініп тұр. Содан бері қан­шама жылдар өтті десеңізші.

Кеңес өкіметінің тың жер мен ты­ңайған жер­лерді иге­реміз деп әр рес­публикадан Қа­зақ­станға түрлі ұлт өкі­лін әкеліп төк­кен­­дері күні ке­ше­гідей. Ұшы-қиыры кө­рінбейтін ұлан-ғайыр иен даламен қоса мұндағы тау-тасты да жоспарға қосқандарын қай­терсің. Сол жоспарды орындау үшін ауылдың іргесіне дейін жырты­лып, мал жайылатын жайы­лым­ның өзі тарыла бастағаны есімізде. Нә­ти­жесінде жер бетінен қан­шама кө­не қорғандар, ескерткіштер жойылып кет­ті. Ескелдідегі Мәшһүр Жүсіп Кө­пей­ұлының зиратына халықты бар­ғызбас үшін өкімет адамдары оны бұз­ғызып, жермен жексен еткізді. Осы тұста ауыл адамдары Сеңкібайдағы Қазыбек бидің сөре тасын аман сақтап қалу үшін жаңсақ ақпар таратып, он­дағы тас табытты Алматыдан келген ғалымдар зерттеуге алып кетті деп ты­­ғып тастағандарын сезетінмін. Мен сол тас табытты 20 жыл бойы іздеп тау-тас, орман-тоғайды шарлаудан жа­­лықпадым. Шы­нын айтқанда бұл жұ­­мыс маяның ішінен ине іздегенмен бірдей еді. Әйтсе де үмітімді үзбей бас­таған істі аяғына дейін жеткізуге тырысып бақтым. Құдайдың бір сәтті күні ойла­маған жерден киелі тас табылды!

Сенер-сенбесімді білмей біраз есең­гіреп тұрып қалдым. Құдды Қазыбек би дүниеге қайта келгендей әсер жан дүниемді тебірентті. Бір кереметі бәлен ғасырлық тарихы бар тас табыттың сол баяғы мен көрген қалпында сақталғанына қайранмын!..

 

Мұхамет-Қайыр ШӘРІПОВ

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы