28 Тамыз, 2019

«78 қабат болады»: «Әбу-Даби Плаза» құрылысы қашан аяқталады?

739 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшісі Мадияр Меңілбеков БАӘ Премьер-Министрінің орынбасары, Президент істері жөніндегі министрі шейх Мансур бен Заид Әл Нахаянмен кездесті деп хабарлайды egemen.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«78 қабат болады»: «Әбу-Даби Плаза» құрылысы қашан аяқталады?

«Кездесу барысында алдағы уақытқа жоспарланған іс-шаралар мен жоғары деңгейдегі сапарларға қатысты мәселелер талқыланды. Оның ішінде Әбу-Дабиде қыркүйек айында өтетін Үкіметаралық комиссияның кезекті отырысын өткізудің, сондай-ақ, әріптестікті одан әрі арттыру жолдарын іздестірудің маңыздылығы атап өтілді.

Елші қазақстандық тараптың инвестициялар саласында өзара қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға қолдау көрсетуге дайын екендігін қайта растады. Осы ретте, Атырау облысындағы полиэтилен өндіру кешені жобасының қазіргі жағдайы талқыланды. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласындағы «Әбу-Даби Плаза» кешенінің елорда күнін тойлау қарсаңында ресми ашылып, қолданысқа берілуі екі ел үшін ауқымды тарихи оқиғалардың бірі болатыны айтылды» делінген ҚР Сыртқы істер министрлігінің ақпаратында.

Сонымен қатар, тараптар мәдени-гуманитарлық және білім саласындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамуын атап өткен.

Осыған орай, қазақстандық Елші биыл Нұр-Сұлтан қаласындағы №84 мектеп-лицейінде шейх Фатима бинт Мубарак атындағы араб тілін оқыту орталығының ашылғанына және Қазақстанның үздік оқушыларына Әмірліктер жоғары оқу орындарына грант бөлгені үшін алғысын білдірді.

Айта кетейік, таяуда «Әбу-Даби Плаза» кешенінің құрылысын жүргізіп жатқан компанияның бас директоры Элиас М. Диб Tengrinews.kz тілшісіне нысанның құрылысы кезең-кезеңмен жүріп жатқанын айтқан болатын.

"2019 жылдың ортасында сауда орындары мен қонақүйлерді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Яғни, біз бастапқыда қонақүйді, кейіннен сауда орындарын, сосын ғана қалған блоктарды пайдалануға береміз. Жалпы құрылыс жұмыстарының барлығы 2019 жылдың соңында аяқталады деп жоспарлаймыз" деді "АЛДАР Евро Азия" ЖШС бас директоры Элиас М. Диб.

Оның айтуынша, ең биік ғимарат кешенінің құрылысы шамамен 2020 жылы аяқталады.

"R деп аталатын блок кешеннің ең биік ғимараты болады, оны салуға көп уақыт кетеді. Оны нақты қай уақытта пайдалануға беретінімізді айта алмаймын. ...Биіктігі бойынша 78 қабат болады" деді компаниядағылар.

Еске сала кетсек, "Әбу-Даби Плаза" құрылысы 2010 жылдың қарашасында басталған болатын. Осыған дейін нысанды салуға 1,6 миллиард доллар жұмсалатыны айтылған еді.