19 Ақпан, 2013

Академик Кенжеғали САҒАДИЕВ: «Менің өмір бойы іздегенім – білім»

670 рет
көрсетілді
33 мин
оқу үшін

Академик Кенжеғали САҒАДИЕВ: «Менің өмір бойы іздегенім – білім»

Сейсенбі, 19 ақпан 2013 7:29

Қазақ оқымыстысы Кенжеғали Әбенұлы Сағадиевтің даңқы дүние жүзіне несімен мәлім? Қазақстанның ғылымы мен жоғары оқу орындары тарихында бір адамның қатарынан республиканың іргелі деген Целиноград ауыл шаруашылық институты, Қазақ мемлекеттік басқару академиясы, Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті, Халықаралық бизнес университеті сияқты төрт бірдей жоғары оқу орындарын және Ұлттық ғылым академиясын басқаруымен бе, жоқ әлде Қазақстанның жоғары заң шығарушы буыны Парламент Мәжілісіне екі мәрте депутат болып сайлануымен бе?

Сейсенбі, 19 ақпан 2013 7:29

Қазақ оқымыстысы Кенжеғали Әбенұлы Сағадиевтің даңқы дүние жүзіне несімен мәлім? Қазақстанның ғылымы мен жоғары оқу орындары тарихында бір адамның қатарынан республиканың іргелі деген Целиноград ауыл шаруашылық институты, Қазақ мемлекеттік басқару академиясы, Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті, Халықаралық бизнес университеті сияқты төрт бірдей жоғары оқу орындарын және Ұлттық ғылым академиясын басқаруымен бе, жоқ әлде Қазақстанның жоғары заң шығарушы буыны Парламент Мәжілісіне екі мәрте депутат болып сайлануымен бе? Жоқ, бұлай болмаса керек-ті.

Өйткені, мұндай жағдайлар тап осыншалықты дәл осы үрдісте қайталанбағанмен, болған да шығар? Қарапайым ауыл баласының академиктік, мемлекет және қоғам қайраткерлігіне дейінгі жүріп өткен жолынан ең әуелі академик Сағадиевтің ойшылдығы мен пайым парасатының тереңдігін және де кез келген мәселе бойынша өз пікірін, кейіннен сонысына келісерліктей етіп ашық та нанымды әрі иланымды айта білетін өзіне ғана тән ерекшелігін көреміз. Және де ойлы сөзін ішіне бүгіп те қалмайды. Мұнысы кез келген мәселеге жаны аши білетін тағы бір қайталанбас қасиетінде жатқандай. Бұл Сағадиевтің нағыз ғалымдығының бір қыры болса, ел мен мемлекеттік мүддені бәрінен де биік, бәрінен де қасиетті санар тектілігінде жатқандай болып сезілері бар. Осы бір ой академик ағаға қояр алғашқы сауалды алдымызға тарта бергені де болды.

– Ағасіздің тамырыңыз алаш қайраткеріұлт ұстазы АхаңныңАхметБайтұрсыновтың тегінен тартады дейді ғой?

– Ата тегім соны айтады. Бұл жағын жіліктеп шағып бермей-ақ қояйын. Бізге жараспас! Ал енді өзім өскен өлкенің сағым ойнаған сар даласы, сарқыраған өзені, мөлдіреген көлдері, ойдым-ойдым орман-тоғайлары көз алдымда мәңгілікке қалып қойғандығы бар. Көне Торғай даласындағы Жыланшық өзенінің арғы-бергі жағалауы, Құмарал мен Сартүбектің айнала көмкерген жасыл шалғынды нулы көлі!.. Мен үшін жұмыр жердің жұмағы – өз туған жерім. Бәлкім, менің осы бір ең алғашқы дүниеауи сүйіспеншілігім мен құштарлығым осынау өлкеге деген шын ынтызарлықтан бастау алған да шығар.

Мен атақты Торғай өлкесінің Жангелдин ауданындағы №1 ауылында дүниеге келгенмін. Осы өлкенің арғы-бергі тарихын да оның жерінің болсын, одан қалды өзен-көлдерінің жайын да, тарихын да көпшілігіміз әлі жете біле де бермейміз.

Әкем жарықтық жеті жасар кезімде Сартүбек­тегі қорымға ертіп әкелгені есімде сақталып қа­лып­ты. Аруақты қадірлейтін қазақтың ескі нанымы бойынша бабалар рухына құран бағыштап, бет сипай отырып, енді ғана мектепке барғалы жүрген мені әкем үлкен өмір сапарына осылайша аттандырып еді. Сол жолы осы қорымда жерленген Байтұрсын, Ақтас, Ерғазы, Қали есімдерін ал­ғаш рет естіген едім. Байтұрсынның Ахметі туралы да аз-мұз естігенім осы жолы болды. «Ахаң деген ол кім, әке?», деп сұрадым. «Жарықтық Ахаң, бүкіл қазақтың, бүкіл алаштың Ахаңы ғой! Ба­лам-ау, мен білетін арғы-бергі қазақта Ахаңнан артық кім дүниеден өтті екен?! Заман түзелер, уа­қыты да келер әлі! Сен де өсерсің! Ахаңның қан­дай адам болғанын толық білерсің әлі! Ұлым, сен осы Ахмет атаңдай болсаң, арманым болмас еді», деген әкемнің күрсіне айтқан бір ауыз сөзі осы күндері санамда қайта жаңғырғандай болады.

– Бүгінгідей әлем таныған білікті ғалым әрі қайраткер болып қалыптасуыңызға сол ортаның әсері тиді деп ойлайсыз ба?

– Әрине! Адам баласына көптеген жақсы қасиеттер ананың сүтімен, әкенің қанымен даритындығы бар. Айнала дүние мен қоршаған ортаның ғажайыптарын енді сезініп, енді тани бастаған шақта әкем Сағадидің зердеме құйып, үйреткендері көп болды. Әкемнің сол үйреткендері күні бүгінге шейін өз ғұмырыма азық та болып келе жатқан сыңайлы. Аспан әлеміндегі жымыңдаған сансыз жұлдыздардың құпия сырынан бастап, ен даланы өрлей ескен желдің де, ішін тарта, ызбарлана соққан ала құйын боранның да бағытын анықтай білуге дейінгі қазақи жұлдызнама, яғни, бүгінгі астрономияның да әліппесін мен өз әкемнен үйренгенмін. Бес жасымнан бастап желмен жарысқан небір жүйріктердің ат басына мініп, талай бір қиқулы бәйгеге қатысқандықтан ба екен, жылқы малы десе көңілімнің алабұртып, тіпті елігіп, делебемнің осы күнге дейін қозып тұратындығы да бар. Менің өмірімнің бас бапкері әкем болса, мен де енді өзімді өз ұрпақтарымның, өз немерелерімнің бас бапкері сияқты сезінемін өзімді. Жарықтық әкем өмірден ерте озып кетті.

– Жаңа «әкем Сағади» деп қалдыңыз?..

– Иә, солай. Әбен – әкемнің інісі. Сол кісі асы­рап өсірді, Әбенұлы деп жазыламын, Сағади есімін фамилияма алдым. Анам Қаламқас мені қырық жасында көтерген екен, сексен беске ке­ліп қайтты. Немерелерін иіскеді. Профессор бол­ға­нымызды, азды-көпті лауазымды қызметтер жасағанымызды да көрді. Алматыда қызмет ат­қар­ғанымда бір жылдай келіп бізбен бірге де тұрды. Үлкен қаланың төрт қабырғалы қарбалас тір­шілігіне үйрене алмай және де әңгіме-дү­кен құратын өз қатарластары болмаған соң, өзі үйренген ауылда тұрғысы келді. Иманды бол­ғырлар, олар тұрмыстың да, өмірдің де қиын­шы­лықтарын көп көрген адамдар ғой. Біздің тір­шілігімізге ырза шығар деп ойлаймын. Әке-шешемізден үш ұл және үш қыз едік. Қазір сол бауырларымнан өзімнен екі жас үлкен апам ғана бар. Бала-шағасымен Астанада тұрады.

– Сіздің бәрін білсем деген құштарлығыңыз үлкен ғылымға алып келгендей екен?!..

– Солайы, солай болар! Ал енді1955 жылы Қостанай облысындағы Әулиекөл ауданындағы орта мектепті күміс медальмен бітіріп, аттестатым­ды қолыма алғаннан кейін «Біздің әулеттен әлі бір­де-бір адам жоғары білім алған жоқ, сен оқы!»,  деп үйдегілер бар жиған-тергендерін қолыма ұс­та­тып, мені Алматыға жібермек болды. Елдің енді-енді есін жинап келе жатқан кезі ғой. Сол кезде Мәскеуден бір инженер келіп, бізді Мәскеудегі түсті металдар және алтын институтында оқып, осы саланың мамандары болуға үгіттеді. Айтқан әң­гімелері де қатты әсер етті. Ол кезде тау-кен ин­же­нерлері дегеніңіз, армия генералдары сияқ­ты не бір оқалы, сәнді киімдер киіп жүретін. Осы­лайша, мен де инженер болғым келді. Оның үсті­не физика мен математика пәндеріне жақсы едім. Мәскеудегі құрыш балқыту институты жайлы естіп, құжаттарымды сол оқу орнына салып жібердім.

Мәскеуге аттанбас бұрын әкем екеуміз баба­лар­дың басына тәу етіп, Ақкөлдегі ағайындардың батасын алып қайтайық деп жолға шықтық. Үйге қайтар кезде табан астынан Қабырға өзені тасып, жолда біраз күн аялдай тұруға тура кел­ді. Оқудан кешіктім. Осылайша, Мәскеу көз­ден бұл-бұл ұшты. Содан Алматыға тарттым. Қо­лым­да еш құжат жоқ. Бәрі де Мәскеуде! Алып ұшып, Алматыға жетіп, сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры Асқар Закаринге кіріп, жағдайды түсіндіріп, мектепті күміс медальге бітіргенімді айтып, экономика-философия факультетіне емтихансыз қабылдандым. Бастапқыда экономика дегеннен гөрі, философия деген атауы көбірек ұнағандай болды. Бірақ, түптеп келгенде экономика факультетінен бір-ақ шықтым. Әу бастағы өкінішім басылғандай болды. Алғашқы сессияны да «өте жақсы» деген бағамен аяқтадым. Үшінші курста екінің бірінің қолы жете бермейтін Ленин стипендиясына іліктім.

– Солай бола тұра бірінші семестрден соң оқуды тастап, екі ай сабаққа бармай қойдыңыз…

– Жұмыс істедім. Ақша тауып, Мәскеуге оқу­ға кеткім келді. КазГУ-дегі оқуымды жайы­на қалдырып, екі-үш адаммен бірігіп түнімен кө­мір түсіріп жүргенімізді ауылдағы немере ағам естіп қалып, өз ренішін білдіріп, хат жа­зып жіберіпті. Университеттің комсомол коми­те­тінің де талқысына түстім. Оқудан шығаруға бұйрық та дайындап қойыпты. Себебін сұрап, сұрақтың астына алды дейсіз. Сессияны кілең беске тапсырғанымды, Мәскеуге оқуға кеткім келіп жүргенімді білген комиссиядағылар ақылдарын айтып, қатаң сөгістерін беріп, мені оқуда қалдыратын болды. Мен де сабама түсіп, экономиканың өмірге керек ғылым екенін түсініп, сабағымды қаузап оқи бастадым. Оқыған сайын экономика мені өзіне баурап алып кете берді де, ол бүкіл өмірімнің арқауына айналды. Ал сол комсомол жиналысында менің мәселемді қарап, талқыға салуға қатысқан профессор-экономистер Кеңес Бердалиев пен Қаби Ақаевпен достармыз, әлі күнге дейін араласып тұрамыз. «Мәскеуге қашан кетесің?» деп көрген сайын әзілдеп қояды.

– Мәскеуден білім алудың сәті түсті ғой ақыры…

– Иә, солай болды! Алайда, бұл арманым да бірден орындала қалған жоқ. Университетті бітірген соң осы оқу орнына сабақ беруге қал­ды­рылдым. Ол кезде Мәскеуде білім алудың өз тәртібі болатын. Сол кездегі одақтас респуб­ликалардан қай мамандықтар бойынша қанша аспиранттар қабылданатындығы алдын ала жасалатын есеппен жүргізілетін. Мәскеудің сол есебінің реті қашан келер екен деп бірнеше жыл күттім. Мұндай мүмкіндік жуық арада туа қоймасын білдім де, Мәскеуге өзім бардым. Сондағы А.Н.Плеханов атындағы Халық шаруашылығы институтында аспирантурада білімімді шыңдадым. Кейін докторлық диссертациямды да Мәскеуде қорғадым.

– Сіз Алматыдағы халық шаруашылығы институтының, қазіргі Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің негізін қалаушылардың бірісіз. Он жыл бойы бірінші проректор болдыңыз. Онан кейін өз ғұмырыңызда Целиноград ауыл шаруашылық институты, Қазақ мемлекеттік басқару академиясы, Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті, Халықаралық бизнес университеті сияқты төрт бірдей жоғары оқу орындарының ректоры болдыңыз. Айтыңызшы, осы оқу орындарыңыздағы қай ректорлығыңызды қымбат санайсыз?

– Бәрі де қымбат маған! Осы күндері өзім қызмет еткен барлық оқу орындарында өткен өз күндерімді ыстық бір ықыласпен еске аламын. Алматыдағы сол кезде «нархоз» дейтін, ал қазіргі Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінде он жыл бойы бірінші проректор қызметін атқардым. Барымды салып жұмыс істедім. Біздің атқарған жұмысымыз сол кездегі Кеңес одағына үлгі болып жататын. Ұйымдастырушылық қабілетімді танығандықтары шығар, екі рет республикамыздағы институтқа басшылыққа шақырды, алайда, өзім ыңғай бере қоймадым. Содан, үшінші рет Қазақстан Ком­пар­тиясы Орталық Комитетіне тағы да шақырып алып, Целиноградтағы ауыл шаруашылық институтына барасыз деді. Бұл жолы талаптың нақтылы қойылып отырғандығын сездім. Ол кезде біз де – коммунистпіз! Партия қайда жібер­се, сонда бару керек. Ақыры келісімімді бе­ріп, бұрын-соңды көрмеген жерім болса да, Целиноградқа келдік қой. Туған жерім Торғайға да жақындығы көңілімді орнықтырды. Несін жа­сырайын, тұңғыш ректорлық жұмысым бол­ған­нан кейін бе екен, Целиноградтағы жылдарым аса ыстық сезіліп тұрары бар. Білмейтін мәселелерім де көп болатын. Күндіз қызметімді атқарып келем де, түннің бір уағына дейін ауыл шаруашылығы мамандықтарына қатысты кітаптар мен оқулықтарды ақтарамын. Институттың оқу базасы да, ғимараттары өте нашар еді. Мәскеу­ге бағынатын кез, бәрін де сол жақ шешеді. Әбден жүдеу тартқан оқу базасымен ауыл ша­руа­шылығы үшін білікті кадрлар дайындау мүм­кін еместігіне дәлелді пікірімді айтып, Мәс­кеу­дегі одақтық Білім министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жазумен, барумен болдым. Арыз-мұңыма құлақ аса қояр олар жоқ. Өзге де талай бір есіктерді тоздыруға тура келді. Амалым таусылған соң, Қонаевтың қа­былдауына сұрандым. Сөйлесіп отыруға уақы­ты бола қоймас деп, парақтың үштен бір бөлі­гі­не «Ауыл шаруашылығы институттарының жағдайы» деген ой-пікірімді жазып алып бардым. Ауыл шаруашылығы үшін кадрлар даярлайтын Қазақстандағы институттың жағдайын Ресей, Украина, Өзбекстандағы оқу орындарының жайымен салыстырып, көрсеткен болатынмын. Димекең ғалым кісі ғой, қағаздағы мәліметтерге қарап, «Бәрінен кенже қалып қойғанымыз қа­лай болғаны?» деп телефон арқылы ЦК-нің ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығымен сөй­лесті. Менің атымнан хат жазыңдар деді. Бүкіл­одақтық ауыл шаруашылығы министрі Месяц­ке мені қабылдасын деп хат жазғызып берді. Алматыдан Целиноградқа оралғаныма екі күн болмай жатып Мәскеуге шақыртты. Келсем, бұ­дан бұрын айтқан жайларымды жүрдім-бардым тыңдағандар енді зыр жүгіріп жүр. «Политбюроны» араластырғаныңыз не деп қояды? Алайда, не керек жүйкемізді жұқарта жүріп, керегімізді алдық қой. Ректор болған сол сегіз жылда институттың ғимаратын салдық. Оқу корпустарын, мал дәрігерлік клиника тұрғыздық. Қала тұрғындары осы біздің клиниканы қызықтап, қарауға келетін. Осылайша, институттың материалдық-техникалық базасы екі есеге ұлғайып, жаңғыртылды.

 Сағадиевтің бастамасымен сексенінші жылдары Кеңес одағы бойынша ашылған алты биотехникалық орталықтың бірі осы Целиноград ауыл шаруашылығы институтында құрылғаны айтылады…

– Солай болғаны рас. Алайда, әлі күнге дейін осы бір істің өкініші де бар. Сол биотехникалық орталық 1985 жылы құрылды. Жұмысын алға жылжыта алмадым. Өз тарапымнан ынтамды да, күш-жігерімді де салып, ойларымды нақтылап көргеніммен де, біздің орталықтың ғылыми-зерт­теулері қолдау таппады. Малды, дәнді-дақыл­дардың түсімін қалай көбейтуге болады деген мәселені дендеп зерттеуді көксеп жүретінмін. Биотехнология жетістіктерін қолданған елдер көп алға қарыштады. Ол кезде Кеңес одағы бойын­ша кешенді зерттеулер жүргізетін құрал-жабдықтар да болмады. Кеңес өкіметі ондай технологиялар шығара да алған жоқ. Бұл орасан көп қаражатты қажет ететін жоба еді. Егер де сол тұста биотехнологиялық зерттеулерді қолға алып, оның нәтижелерін қолдана білгенімізде, экономикамыз көп ілгері жүретін еді. Өзімізге керек кадрларды өз институтымыздан таптық. Мәскеу арқылы шетелдерден алтынға алынған технологияларымыз да болды. Жеке ғимарат та берілген. Өте нәтижелі жұмыс жүргізе бастап едік. Бидайдың ғана жаңа 4 түрін шығардық. Біз «пробиркадан» бұзау да алдық. Ол бұзау Целиноградтан кеткенімде бар болатын. Малдың аусылына қарсы дәрі де ойлап таптық. 90-шы жылдары менен кейінгілер осының бәрінен де айырылып қалды. Егер сол ізденістерімізді тоқтатпаған болсақ, осы күндері ғылыми жетістіктеріміз талай бір жерге барып та қалатын еді…

– Бидайдың жаңа бір сорты «Кенжеғали» деп аталған екен ғой?!

– Мен кеткеннен кейін бір топ ізденушілер бидайдың жаңадан алынған бір түріне атымды берген екен. Институт ғалымдарының менің еңбегіме берген бағалары ғой деп ойладым. Риза да болдым!

– Целиноградта жүргенде тындырған үш ісім болды деп айтады екенсіз? Үшіншісі не болды?

– Тыңның игеріле бастауымен сол тұста жалпы еліміз бойынша қазақтардың саны күрт азайып кетті. Бұл, әсіресе, солтүстік өңірлердің жергілікті халқының ұлттық болмыстарына ауыр тиді. Түрлі қызметтерде, тіпті жоғары оқу орындарында білім алудың өзінде қазақтар азшылыққа айнала бастады. Осы жағдайға жаным ауырып жүргендіктен, институтқа қабылданатын қазақ жас­тарын біртіндеп көбейте бастадық. Зерек, оқуға деген ынтасы мен талпынысы бар жастарды іздестіріп, шақыртып алатын едім. Бастапқыда институтта ұлты қазақ дейтіндей оқытушылар да саусақпен санарлық болды. Солардың қатарын толықтыра бастадым. Бұл, әрине, Мәскеудің құлағына тимей де қалған жоқ еді. Күндердің бір күнінде үлкен комиссия да келді. Мәскеуге жіберілген «домалақ» арыз бойынша тексерушілер келе жатқанын біліп, біз де алдын ала дайындала бердік. Жалпы, жұмысымыз жаман емес еді. Жетістіктеріміз де бар болатын. Бүкілодақтық ауыспалы Қызыл Туды да жеңіп алғанбыз. Советтік Қазақстан тарихында бұл туды жеңіп алған екі институт қана болса, соның бірі біз едік. Мәскеу бұл жолы қаһарлана келетіндігін сездім де, жедел бір топ қызметкерлерімді Қазақстанның солтүстігімен көршілес жатқан Тюмень, Новосібір, Омбы, Свердловск ауыл шаруашылық институттарындағы студенттердің қаншасы қазақ, қаншасы басқа ұлт дегендей, ақпар жинап алып келуге іссапарға жібердім. Алдын ала барлық ректорлармен хабарласып, қажетті осы мәліметтерді беруге көмектесулерін сұрадым. Қысқасы, қолыма тиген мәлімет бойынша, Ресейдің осы ірі дейтін төрт бірдей институттарында оқып жүрген барлық студенттердің 93 пайызы – орыстар, 1,2 пайызы ғана қазақтар болып шықты.

Күткеніміздей, комиссия да жетіп келді. «Сіздер маған ұлтшыл деп кінә таққалы келіп отырсыздар. Ал, мен болсам, сіздердің саясаттарыңызды түсінбеймін. Тіпті ренжуге де бармын», деп бірден қарсы шабуылға көштім. Қолымдағы мәліметтерді алдарына қойдым. «Жергілікті халық қайда барып білім алады? Біз өз институтымызда қазақ жастарының білім алуларына жол ашып отырғандығым рас, мұнда ешқандай да ұлтшылдық жоқ. Отанымызға миллиардтап астық, миллиондаған мал өсіріп, соның етімен де, сүтімен де сіздерді асырап отырған Қазақстан өзінің ауыл шаруашылығына қажетті мамандарын қайдан алатын болады?» деп қайтпай сөйлеп едім, мыстары басылып сала берді. Қандай жағдай болса да, жұмысыңды адал, жақсы атқарсаң ешкімнің де саған тісі батпайды екен. Бұл менің осы өмірімде өз көзім жеткен бір ақиқат.

– Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарын­да өзіңіз құрған Халықаралық бизнес универ­ситетін бәрінен де қымбат санамайсыз ба?

– Саналы ғұмырымда еңбек еткен барлық оқу орындары мен сондағы бірге қызметтес болған адамдардың қай-қайсысы да қымбат маған. Ал енді Халықаралық бизнес университетінің жөні бөлек қой деп ойлаймын. Өйткені, ол Алматыдағы Жоғарғы экономика мектебінің негізінде елімізде жаңа дами бастаған бизнестің мамандарын даярлау үшін құрылған жеке меншік жоғары оқу орны болатын. 2001 жылы осы Халықаралық бизнес университетіне президент болып сайланғанға дейін, бұрынғы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылық және Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институттары бірігіп, Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті болып қайта құрылғанында, соған ректор болдым. Бір кездері осы іргелі екі жоғары оқу орындарын бірегей білім ордасына айналдырып, оқу үрдісін түбегейлі заманға сай жаңарттық. Оқытушылардың білімін көтеріп, шетелдік серіктестермен байланыс орнаттық. Алайда, осы аграрлық университетте бизнеске, кәсіпкерлікке бейімделген мамандар даярланған жоқ. Шетелдің өзге оқу орындарымен қарым-қатынас та жолға қойылмады. Ал сол олқылықтар мен мақсаттарымды бизнес университеті арқылы жүзеге асырдым ғой деп ойлаймын.Бизнес мамандарының тапшылығын былай қойып, бастапқыда халықаралық бизнес стандарттарына сай дәріс беретін оқытушыларды табу да қиын болды. Бұл мәселе әлі де бар. Бірақ, қазір шетел­ге барып, тәжірибе жинақтап, сонымен бірге, бизнеске қатысты кітап тасып жүргендер көбейді. Қазір кей жағдайда бизнес университетінің 4-ші курс студенттерінің біразын сабақтан таба алмай қалатын кездеріміз болып тұрады. Компанияларға жұмысқа тұрып кетеді. Сабақтан қалма десек те, жұмыс тауып алғандарына іштей қуанамын.

Бір айтарлық жағдай, біздің халқымыз өзі ішіп, өзі жемесе де, балам жоғары білім алсын деп отырады. Содан да болар, оқимын деген баласының бетінен қақпайды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап, жастарымыздың шетелдерде білім алуына бастамашыл да, қамқоршы да болып келе жатқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел болашағын әріден ойлап, кеңінен піше білуінің арқасында қазір 18-20 мыңдай қазақстандық жастар «Болашақ» бағдарламасымен де, оқу ақыларын өздері де төлеп шетелдерде оқып, білім алып жатыр. Шетелге көп шығамын, солардың дені қазақтың ұл-қыздары екендіктерін көріп те жүрмін. Соңғы жиырма жыл ішінде шетелде оқыған 250 мыңдай жастар қазір қызметке де араласа бастады. Бұлар тіл де біледі, оқытушы да болып, дәріс те бере алады.

– Қазақстанның қазіргі білім беру жүйесі осы заманның даму үрдісіне жауап бере алатындай болып отыр ма?

– Әзірге талпыныстар бар. Соған қуануға тиістіміз. Қараңызшы, сонау тоқсаныншы жылдары экономиканың барлық саласы құлдырап қалған кездің өзінде Елбасы Қазақстандағы барлық мектептерді компьютерлендіру мәселесін бірінші кезекке қойып, шешкізді ме, шешкізді. Одан соң сол мектептерді интерактивті тақталармен, өзге де озық үлгідегі оқу әдістемелік құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселелерін өзінің ұдайы назарында ұстап, бұлардың дұрыс болуын қамтамасыз ете білді. Елімізде жаңадан жүз мектеп салу жөніндегі Президент бастамашылығы да білім берудің түпкі нәтижесі мен болашағын ойлағандық еді. Егер біз әзірге білімді қоя тұрайық, кейін жағдай жақсарған соң жасармыз деген оймен отыра берсек, дәл бүгінгідей табысқа жете алмас едік. Сондықтан да Елбасының ең әуелі білім саласын реформаға түсіруі асқан көрегендік болатын.

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың 2009 жылы халықаралық деңгейдегі университет құру туралы жобасына өзі бастамашылық етіп, соған орай Астана қаласында 2010 жылы Назарбаев Университеті ашылды. Бұл дегеніңіз, ендігі жерде шетелдің білім беру жүйесіне жүгіне бермей, қазақ елі де әлемге әйгілі оқу орындарымен терезесін теңестіре алар бір оқу орнын құруы керек еді ғой! Сол болды! Әрине, әзірге Назарбаев Университеті бірден жүз жылдық тарихы бар Оксфорд, Кембридж университеттерімен теңесе қоймас. Ең бастысы, әлемдік білім беру және жаңа технологияларды қазақстандық жастар мен ғалымдарының өз ақыл-ойларымен және де өз қолдарымен жасау мүмкіндігі ашылды. Ал, енді жаңа инновациялық зерттеу қызметін жүргізуге бағытталған қазіргі заманға сай күшті ғылыми инфрақұрылымы бар осы Назарбаев Университетінде жасалған алғашқы қадамдар мен ғылыми ізденістер болашақта бұл оқу орнының да атағы мен абыройының дүние жүзіне жайыларына сендіреді.

– Елбасының Жолдауында Мәңгілік Ел болу мәселесі айтылды ғой…

– Қазақстанның 2050 жылға дейінгі Елбасы ұсынып отырған Стратегиялық бағытының бас­ты мұраты осы мәңгілік ел болып қалу екендігін үлкеніміз де, кішіміз де ұғынуға тиістіміз. Бұл жол­дағы, яғни мәңгілік ел болу жолындағы мін­деттеріміз де, сын-қатерлер де айтылды. Елдің бір­лігін сақтап, жұмыла еңбек етіп, терең білім алып, өзіміздің ұлттық қасиетіміз бен бітім-бол­мысымызды, салт-дәстүрлерімізді сақтай отырып, өз тілімізде сөйлеп, өз дінімізде болуын әр қазақ баласының мойнындағы ұлы парызы деп білемін.

– Өз балаларыңыз ата-баба дәстүрін ұстана ма?

– Баяғының данышпандары: «Сенің балаң өзіңе ұқсап тумайды, олар өз заманына ұқсап туады» дегенді айтып кеткен екен. Балаларымның білімі де, ой-санасы да өз заманына сай қалыптасып келеді. Ата-баба дәстүрін де біледі ғой деп ойлаймын. Үлкенді сыйлауды, қамқорлық жасауды, елге жәрдемдесуді біледі. Тарихты да, жеті аталарын да біледі, соларды саналарына сіңіріп отыруға тырысамыз. Олар елге де барып тұрады. Ата-бабаларының қайда жатқанын да біледі. Заман әбден өзгерді ғой. Бүгінгі біздің айтқандарымыз бен ұғындырып жүргендеріміз ертеңгі күні олардың қажетіне жарай ма? Бұл енді тұтас қазақ қоғамының ұстанымына байланысты болмақшы. Үлкен ұлым МГУ-ді бітірді. Ұдайы ғылыммен айналысып келеді. Ойшыл болып өсті. Философиялық еңбектер жазып жүр. Ортаншы балам – экономист. Совет өкіметі кезінде бірінші рет 43 студент шетелге оқуға кетті. Мәскеудегі АҚШ елшілігі өздері іріктеу жүргізді. Осы ұл ешкімнің көмегіне арқа сүйемей-ақ, сол сынақтан өтіп, шетел­де жүріп білім алды. Екі жылдан кейін оралып, алған білімін азсынып, магистратураның грантын өзі жеңіп алып, оқуын жалғастырды. Сонда қыста қар күреп, жазда бұйырған жұмысын істеп, өзін-өзі асырап, бізге салмағын салмады. Оқуын аяқтап келген соң, Қазақстанда «ФудМастер» компаниясын құрды. Қаражатты да өзі сол жақтан тауып келді. Алған білімі кәдеге асты. Қазір ортаншы ұл Үкіметте қызмет атқарып жүр. Кенже ұлдың өз шағын бизнесі бар. Немерелердің үлкендерін өзім тәрбиеледім. Бір кезде әулеттен шыққан жалғыз оқыған адам едім. Немерелерім де шетелдерде жоғары білім алып, жақсы жұмыс істеп жүр. Көңілім толады.

– Кейінгі күндерге көз салғаныңызда, өкінер жәйттеріңіз бола ма?

– Өмір туралы көп толғанамын, сол сәтте кейбір өкінішті жайлардың жүрегімді тырмалайтыны да бар. Кеңес өкіметі тұсында халық жақсы сауаттанды, ғылым құрдық десек те, сол кезде заманауи экономика құра алмағанымызға өкінемін. Бар істеген шаруамыз жерді үңгіп, кен орындарын ашып тастап, қазба байлықтарымызды сыртқа шикізат ретінде бере бердік. Өңдеуші өндіріс орындары құрылмады. Әлі күнге дейін осының зардабын көріп отырмыз. Кей ауылдарда әлі күнге дейін әлеуметтік мәселелер толық шешілмей келеді. Қазақ ауылдары көркеймей қазақ өркениетке жете алмайды.

– Не алаңдата береді?

– Желкілдеп өсіп келе жатқан ұрпағымыз сыбайластыққа, коррупцияға ауызданып үйренбесе екен деп алаңдаймын. Кейінгілерді осы бір кеселден таза ұстасақ екен…

– Адам баласын жаңсақ бастырмайтын да, адастырмайтын да басты қасиеттер қайсы деп ойлайсыз?

– Намыс пен талап деп білемін. Адам боламын дегеннің өз талабы болады. Баяғыда арасы 7-8 шақырымдағы ауылға жалғызаяқ жолмен жалаңаяқ, жалаңбас қатынап оқыдым. Сегізінші сыныпта оқып жүрген кезім болса керек, сол жалғызаяқ жолмен келе жатып, шіркін-ай, үлкен бір оқу оқысам деп армандадым. Сол күн, сол сәт әлі күнге дейін анық көз алдымда. Осы арман, осы талап мені әлі күнге дейін жетелеп келеді. Мен әлі де тынымсыз ізденіс үстіндемін. Менің өмір бойы іздегенім – білім. Мен сол білімді мектептен іздедім, университеттен іздедім, аспирантурадан да іздедім. Ғылымнан іздедім. Әлі іздеп жүрмін. Енді өмірден білім іздеп жүрген жайым бар…

– Әңгімеңізге рахмет.

 Әңгімелескен  Айнаш ЕСАЛИ,

 «Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.