Аймақтар • 29 Тамыз, 2019

Заңға жетіктің есесі кетпейді

291 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында облыстық Әділет департаменті бірқатар маңызды шараны күні бұрын қамтып, көпшілікпен белсенді жұмыс жүргізуде.

Заңға жетіктің есесі кетпейді

Кейбір азаматтар да заң талаптарын тап-тұйнақтай етіп орындай бермейді. Өз ісіне немкетті, шаруасына шалағай. Уақыт өткізіп барып әділдік қумақ. Ондайлар көп-ақ. Тегін заң қызметін көрсету бүгінгі күнгі көпшілік көкейінде жүрген ойды дөп басқандай. Барлық шара өмірдің өзінен туындаған жайларды қамтып отыр. «Негізгі Заң аптасы» жобасы аясында халыққа тегін заң көмектерін көрсету қолға алынды.

Республикалық акция шеңберінде аумақтық нотариалдық палата нота­риустері және облыстық адвокаттар ал­қасы адвокаттарының қатысуымен облыс орталығында, сондай-ақ барлық аудан­дарда кең ауқымды жұмыс жүзеге асы­рылуда. Алдымен БАҚ арқылы халықты құлақтандырып, өз қызметтері жайында хабардар етіпті.

– Кәдімгі қарапайым тіршілікте әлеу­меттік немесе қаржылық қиын жағ­дайға тап болған азаматтар адвокат­тар немесе заң кеңесшілерінен өзінің құқықтық жағдайын толық сүйемелдеу үшін ақысыз көмек алу заңда көз­делген, – дейді облыстық Әділет депар­таменті басшысының міндетін атқарушы Бақытжан Өмірзақов, – ал бұл жолғы іс-шараларымыз заң көмегінің ашықтығын, әділдігін және сапасын көтеру мақсатында болып отыр.

Шынында да заң көмегіне зәру жандар аз емес екен. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық заңдық кеңес беру орталығының меңгерушісі Асқар Ақпаровтың айтуына қарағанда, көмек сұрап келетіндердің дені алдымен алимент өндіру, мүлік құқығы, несие төңірегінде екен.

– Біз, адвокаттар Асқар Әміржанов, Бақытжан Құсайынов үшеуіміз облыстық Nur Otan партиясы филиалының ғимаратында қала тұрғындарын қабыл­дап, кеңес бердік, – дейді Асқар Ақпаров, – көп жайда әлі де болса азаматтардың заң талаптарын жетік меңгере қойма­ған­дықтары байқалады. Екінші бір мәсе­ле, құжаттарға ыждаһатты болу жайы. Негізі келіспеушілік болмау үшін кез кел­ген істі бастар алдында өз шаруаларына қатысты заң талаптарын жан-жақты түйсініп, мамандардан кеңес алып барып бастау қажет екендігін еске­ре бермейміз. Егер барлығы заң аясында болса, қиындыққа тап болмас еді. Қабылдау өткізген күні  заң көмегіне жүгінгендер толыққанды кеңес алды.

Келушілер әлі де аз емес екен. Көмек сұрай келген бір азаматпен жолықтық. Оның мәселесі мұраға қалған пәтердің кім­ге тиесілі болатындығы жөнінде екен. Ұзаққа созылған, әділ шешімін табу оңайға түспейтін шым-шытырық іс. Араағайынның ақылымен шешілмеген соң заңға жүгінбек.

Акция барысында қаншама адам көп­тен бері қордаланып қалған мәсе­ле­ле­рінің мәнісін анықтап, бір арылып қалды. 

 

Ақмола облысы