Аймақтар • 29 Тамыз, 2019

Бір кеште елу әзіл сурет салады

741 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Украиналық әзіл суреттер са­лу ісінің белгілі шебері Ана­толий Бабич Ақтөбеге ивент агент­тіктерінің бірінің шақыруы бойын­ша келген еді. «Апама да барайын, қойымды да қарайын» деген­дей, ол қазақстандық қа­ла­­да корпоративтік іс-шара­ларға қатысуға да, сонымен бір­ге өз қалаулары бойынша ақтө­беліктердің әзілге құрылған сурет­терін тегін салып беруге де уақыт тапты.

Бір кеште  елу әзіл сурет салады

Карикатура жанрын оңды-солды ойнататын суретші бола тұра А.Бабич өзін әртіс, шоу жүргізушісі деп есептеуге бейім тұратынын байқадық. Аз-кем тіл қатысу барысында ол достық әзілге құрылған суреттерді бес минуттың ішінде салатынын айтты. Ақтөбеге келгенде бұл рекордын 2 мин 30 секундқа дейін азайтыпты. Бұл, әрине ер адамның әзіл суретін салғандағы уақыт.

Ал енді оның алдында әдемі қыз-келіншектер отырса, аталған үрдіс 15-20 минутқа дейін созылады екен. Кейде оның боя­уын әбден қанықтырып беруі үшін 4 сағат уақытын да сарп ететін көрінеді.

Бір корпоративті кеште А.Ба­бич елу адамның әзіл су­ре­тін доп­ша домалатып тастайтын болса, Ақтөбеде бұл рекордын тағы да жаңартып, осы уақыттың ішінде 60 әзіл сурет салыпты. Сонымен бірге украиналық су­ретші Ақтөбеге келгенде жер­гілікті билік өкілдерінің әзіл су­рет­терін салудың да ыңғайын кел­тіріпті. Соның бірі Ақтөбе қа­ласы әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева десек, суретші оның суретін салу үшін қалалық әкімдік ғимаратының қарсы бетіндегі алаңқайға шақырыпты. Әзіл сурет қолына тигенде вице-мэр оған ренжімей, керісінше француз актрисасына ұқсатып жібергені үшін ризашылығын жеткізген.

Ақтөбеліктер украиналық мей­манға кәдімгі қазақша ет асып, қо­нақжайлық көрсетті әрі бұл та­ғамды қолмен, яғни бес саусақпен алып жеу керектігін айтқан кезде Анатолий бұл тілекті бірден құп көргені де айтуға тұрарлық.

Кездесу соңында украиналық әзіл суреттер салу ісінің  майталманы соңғы кезде майлы бояу­лармен салынатын табиғат көріністері мен натюрморт секілді классикалық сипаттағы суреттерді салуға патша көңілі ауып жүргенін жеткізді.

 

АҚТӨБЕ