Аймақтар • 29 Тамыз, 2019

Орал қаласында татуласу орталығы ашылды

471 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты мен Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясы арасындағы әріптестік туралы меморандумды жүзеге асыру мақсатында Орал қаласында Татуласу орталығы ашылды.

Орал қаласында татуласу орталығы ашылды

Суреттерді түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ

Жаңа орталықтың ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Бек Әметов, Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ғайса Қапақов, медиаторлар, Билер одағы мен прокуратура өкілдері, адвокаттар, сот орындаушылары қатысты.

- Татуласу орталығының негізгі мақсаты – дау-дамайды соттан тыс шешудің жүйелі және кешенді жүйесін ұйымдастыру. Сондай-ақ мұнда ақпараттық, заңгерлік, басқа да қызметтер мен кеңестер көрсетіледі. Дауларды медиация арқылы өркениетті шешейік, - дейді Батыс Қазақстан облыстық татуласу орталығының жетекшісі Алуа Рахишева.

Жаңа ғимаратта Билер одағы мүшелеріне, медиаторларға, психологқа арналған жеке бөлмелер бар. Сондай-ақ мұндағы Құқық қорғау қызметтері орталығында прокурор, Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті БҚО басқармасы қызметкері, полиция, пробация, жеке сот орындаушысы, заңгер келушілерге қызмет көрсетеді.

Бүгінде Батыс Қазақстан облысында медиация, дауларды сотқа дейін шешу дәстүрі қанат жайып келеді. Соңғы деректерге қарағанда өңірде 143 медиация кабинеті, 142 қоғамдық медиатор, 31 кәсіби медиатор жұмыс істейді. Соның нәтижесінде күні бүгінге дейін 1451 дау медиаторлардың көмегімен шешілген.

 

Батыс Қазақстан