Аймақтар • 29 Тамыз, 2019

Тараздық тұрғындар баспаналы болды

159 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Конституция күні мерекесі қарсаңында Тараз жұртшылығы қуанышты сәттің куәсі болды. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Тараз қаласындағы 15-ші шағын ауданда 80 пәтерлі 9 қабатты үй ел игілігіне берілді. Әулиеаталық әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған осынау игі шара жыл бойына жалғасатын болады. Салтанатты шараға Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов арнайы қатысып, тұрғындарға пәтер кілтін табыстады. Өз сөзінде Асқар Мырзахметов баспана қай уақытта да өзекті мәселе екенін айта келіп, қала халқының саны өсуімен тұрғын үйге деген сұраныс көлемінің де артып келе жатқанын жеткізді.

Тараздық тұрғындар баспаналы болды

Шынында да әрбір адам үшін баспананың басты мәселе екені рас. Бүгінгі таңда тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетіліп келеді. Тәуелсіздік жылдары елімізде қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыстар атқарылғаны да ел есінде. Нәтижесінде Тараз қаласында да көптеген тұрғын үйлер салынып, жергілікті жұртшылықты баспанамен қамту жолға қойылды. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын ғана ашық дала болған аумақта 15-ші шағын аудан бой көтеріп, қала халқы көп шоғырланған аймаққа айналды. Осы мақсатта «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ағымдағы жылы жалпы 17,6 миллиард теңгеге барлығы 2118 пәтерлі 30 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін 1988 пәтерлі 28 пәтерлі тұрғын үйлерді пайдалануға беру жоспарлануда. Жамбыл облысы әкімдігінің мәліметінше, көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 120 пәтер берілді. Оның ішінде 93 пәтер арендалық үйлер есебінен берілген болса, 27 пәтер демеушілер есебінен табысталған. Жыл соңына дейін 493 көпбалалы отбасын баспанамен қамту жоспарланған.

  Сонымен қатар, кезектілік келгенге дейін көпбалалы отбасылардың тұрғын үй мәселесін уақытша шешу үшін 612 пәтерлі 12 жатақхана құрылысына қаражат қарастырылып, оларды жыл соңына дейін ел игілігіне беру жоспарда бар. Ал, Конституция күні қарсаңында пайдалануға берілген 80 пәтерлі, 9 қабатты тұрғын үй заманауи үлгіде салынған. Айтулы мереке қарсаңында бірқатар тараздық тұрғындар жаңа баспанаға қол жеткізіп, қоныс тойын тойлауда.

 

Жамбыл облысы