Логистика мен іскерлік хабы – Ұлы Жібек жолының жалғасы
Сәрсенбі, 20 ақпан 2013 7:11
Бабалар кәсібі – нәсібің
Қазақстанның географиялық жағынан Батыс пен Шығысты, Оңтүстік пен Солтүстікті көктей өтетін трансұлттық дәліздердің ортасына орналасуы – Еуразия аталатын алып кеңістікте өте үлкен жобаларға жол ашып отыр.
Осыған орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке 2016 жылға қарай Қазақстанды Орталық Азия аймағының сауда, логистика және іскерлік хабы ретінде қалыптастыру жайлы нұсқау берді.
Сәрсенбі, 20 ақпан 2013 7:11
Бабалар кәсібі – нәсібің
Қазақстанның географиялық жағынан Батыс пен Шығысты, Оңтүстік пен Солтүстікті көктей өтетін трансұлттық дәліздердің ортасына орналасуы – Еуразия аталатын алып кеңістікте өте үлкен жобаларға жол ашып отыр.
Осыған орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке 2016 жылға қарай Қазақстанды Орталық Азия аймағының сауда, логистика және іскерлік хабы ретінде қалыптастыру жайлы нұсқау берді. Бұл маңызды міндетті жүзеге асыру ісін «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-қа сеніп тапсырды.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Үкіметке «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-пен бірлесе отырып, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ негізінде әлемдік, трансұлттық деңгейдегі, активтің толық құрамын қамтамасыз ете алатын көліктік-логистикалық компания құруға тапсырма бергені мәлім. Сонымен, ҚТЖ трансұлттық деңгейдегі мультимодульды логистикалық оператор құруда негіз болмақ. Бүгінде негіз болып та жатыр. Ендеше, «Қазақстан – Жаңа Жібек жолы» жобасының негізгі жүзеге асырушысы және келешекте Қазақстан логистикасы хабының бас операторы болатын «ҚТЖ» ҰК» АҚ-тың бүгінгі аты, жаңа затына орай толық өзгерістерге ықпал ететін басты бағыттары қандай?
Елбасы сеніміне ие болған алып компанияның білікті мамандары мен еңбеккерлері жаңа жобаға құлшына кірісуде. Экономикамыз қарқынды дамып, ел өрісі кеңейіп келеді. Экономикамыз қарыштап дамыған сайын жүк тасымалы да арта түсуде. Бұрын жүк жөнелтушілер тауарды жеткізуді ғана талап етсе, қазіргі таңда оның сервистік қызмет түрлерін әлемдік стандарттарға жеткізу міндеті қойылып отыр. Осыған орай логистика, іскерлік хаб деген ұғымдардың аясы ұлғайып, шекара асып барады.
Логистика – тауарды бір есіктен екінші есікке дін аман жеткізіп беру қызметі. Ал іскерлік хабы – шартараптың бәрімен байланысып, мүдделес елдер мен компаниялардың ортақ отауына айнала білу, яғни әлемдегі тауар тасымалдаушылардың қолайлы әрі тиімді айлағын жасау болмақ.
Расын айтсақ, осынау ғаламат жобаны жүзеге асырып, ертеңгі күні әлем дамуындағы ата-бабаларымыздың маңызды миссиясын абыроймен жалғастыра алатын ұлттық кадрлар елімізде тым аз. Мұнымен қатар, логистика, іскерлік хаб ұғымдары әлі халық санасына толық сіңіп, түсінікті ұғымға айналып үлгерген жоқ. Сондықтан, логист-менеджер мамандар дайындаумен бірге, жаңа ұғымдарды халыққа терең түсіндіріп, оның пайдасын, ұтымды тұстарын кең насихаттаған жөн. Ізгілігі мол бұл іс, ел басшылығының назарынан тыс емес. Мәселен, ҚТЖ-ның Көліктегі технологиялар орталығына өткен жылы Кюне атындағы логистика университетінің Логистика және корпоративтік басқару мекемесінің логистика адъютант-профессоры, басшыларды оқыту бойынша бас директоры Дж. Род Франклин келді. Ол «ҚТЖ» ҰК» АҚ орталық аппаратының 20 менеджер-маманы мен Логистикалық оқу орталығының 5 қызметкеріне әлемдегі логистикалық қызметтер жөнінде дәріс оқыды. Оқу мерзімі 10 күнге жалғасты. Бірақ, 10 күннің бәрінде жалғыз Род Франклин ғана емес, аталған университеттің тағы 2 профессоры да сабақ жүргізді. Олар – аталмыш университеттің бағдарлама деканы, менеджмент бойынша адьютант-профессор, доктор Маттиас Хьюн мен бағдарлама деканы және логистика факультетінің басшысы профессор, доктор Ален Мак Киннон. «Жеткізу тізбегін басқару және логистика менеджменті» тақырыбында жүргізілген дәрістер мамандарымыздың білім-білігін арттырумен қатар, елдегі логистика саласының өркениетті өрлеуіне өз пайдасын тигізеді. Әйткенмен, елімізде әлі де логист-менеджер мамандардың тым аз екенін тағы қайталаймыз. Сондықтан, бүгінгі қазақ баласы, ата-бабаларымыздың Ұлы Жібек жолындағы төл кәсібін жаңғыртып, қайта игеріп, ұршықтай иіріп алып кетуі үшін көп ізденіп, мол тәжірибені жедел жинауына тура келіп тұр десек, Алаш баласын орынсыз асықтырғанымыз емес. Ата-бабаларымыздың төл кәсібі деуіміздің себебі, Президент жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің 25-ші отырысында Елбасы «Жаңа Жібек жолы»: Қазақстан өзінің байырғы тарихи рөлін қалпына келтіріп, Орталық Азия аймағының іскерлік транзиттік хабы болуға тиіс. Еуропа мен Азияның арасындағы өзіндік көпір болуға лайықты. Бұл Қазақстанның халықаралық деңгейдегі көліктік-логистикалық, қаржылық-іскерлік, инновациялық-технологиялық және туристік маңызды көліктік дәлізі болып құрылады», деген болатын. Осындағы «Қазақстан өзінің байырғы тарихи рөлін қалпына келтіріп» деген сөздер, қазіргі ел әлеуетін арттыру ісіндегі жаңа қызмет болып табылатын көліктік-логистика мен іскерлік хаб ата-бабаларымыздың ежелдегі кәсібінің жаңарған түрі екеніне меңзейді. Бұйыртса, Елбасының арман-тілегі орындалса, 2020 жылдары Қазақстанның транзиттік жүк тасымалдау әлеуетін жылына 50 миллион тоннаға дейін көтеруге болады. Мұны өз мамандарымызбен бірге шетелдердің осы саладағы білгірлері де айтып жүр.
Қазақ логистикасы – танысу, табысу көздері
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ логистика орталығы еліміздің көлік саласының Проблемалар кітабын қалыптастырды. Онда елдегі көліктік-логистикалық саланы үйлесімді әрі тиімді түрде дамытуға кедергі келтіретін ағымдағы мәселелерді шешу жолдары іздестіріліп, талдануы үшін темір жол, әуе, авто және су көлігі таныстырылып, қызметтері көрсетілген. Басты мақсат отандық көліктік-логистикалық жүйені дамытуда аяққа тұсау салатын кемшіліктерді, түйінді түйткілдерді анықтау болып тұр. Институттық және құқықтық сипаттағы сауалдар кешенін «KAZLOGISTICS» көліктік-логистикалық қауымдастығы Көлік және коммуникациялар министрлігінің араағайындығымен Үкіметтегі логистикалық жүйелерді дамыту бойынша ведомствоаралық комиссия қарауына ұсынылған. Кітап жүйелі түрде толықтырылуда, керекті ақпараттар мен деректер күнбе-күн қосылуда. Өз кезегінде бұл «Логистикалық анықтамалық» рөлін атқарады.
Осыған орай «KAZLOGISTICS» ақпараттық-талдамалық веб-порталы арқылы тұрақты мониторинг те жүргізілуде. Аталған портал мемлекеттік-жеке меншік серіктестігі тетіктерін ширатуға, салаға шетелдік инвестициялар тартуға септігін тигізеді. Сондай-ақ, сауда алаңы іспетті порталда тіркелген сан-алуан көлік компаниялары еркін сұхбат құрып, олардың өзара іскерлік байланыс орнатуы жеңілдей түседі. Өйткені, барлық ақпарат осы жерде тоғысады.
Қазақстандық логистика порталы еліміздің көлік саласын бір арнада түйістіретін, шетелдік компаниялар да «бәйгеге» қосыла алатын жалғыз әрі тұңғыш туынды. Жоғарыда айтылған қауымдастық туралы сөз таратсақ, «KAZLOGISTICS» көліктік-логистикалық қауымдастығы көліктің әр түріне жататын субъектілердің мүддесін теңестіріп отырады. Сөйтіп, Қазақстанның көліктік логистикасын дамыту бойынша қоғамдық үйлестіруші қызметін атқарады. Нәтижесінде, көліктің барлық түрінде тасымал үдерісіне жұмылған мемлекеттік мекемелер мен құрылымдардың, кәсіп иелерінің ынтымақтастығын нығайтады. Осы айтылғандардың мүлтіксіз жүзеге асырылуы мақсатында қауымдастық өткен жылдың наурыз айында құрылған болатын.
Шығыс, Батыс логистикалық хабы
Астанада бой көтеріп, іске қосылған «Metro», «Magnym», «Paмстор», т.б. сауда орталықтары осы логистикалық қызмет көрсететін сауда орындарының алғашқы қарлығаштары. Ал Қытай шекарасындағы «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы еліміздегі логистикалық тізбектер мен іскерлік хабтың ірі орталықтарының бірі болмақ. Яғни Қазақстанның логистикалық хаб жобасындағы «Шығыс қақпасы». «Қорғас» ШЫХО әлемде теңдесі жоқ бірегей жоба болып табылады. Осыған байланысты ниет білдіруші кәсіп иелеріне ыңғайлы жағдай жасалып, болашағы зор шарапатты шаруаларға қаржы салуға барлық мүмкіндік қарастырылған. Мұнда бүгіннің өзінде 10 мыңға жуық адам болып шығыпты. Негізі, «Қорғас» ШЫХО-ны құру екі кезеңнен тұрады. 2005-2010 жылдар аралығындағы дайындық кезеңінде құқықтық-нормативтік база жасақталып, аймақты дайындау және жоспарлау, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу, орталықты қамтамасыз ететін инфрақұрылымдарды салуды таразылау тындырылды. 2006-2018 жылдар бойынша инвестициялық кезеңнің тұсауы кесілді. Бұл кезде ортақ іске инвесторлар тартылуда. Ал 2018 жылдан «Қорғас» толыққанды тіршілігін бастайды.
Алдағы 2016 жылы Ақтау портын кеңейту жобасы аяқталады. Ол өз кезегінде Каспий жағалауы елдеріне, Ресейге, одан кейін Еуропаға жол ашатын Қазақстанның «батыс қақпасына» айналады. Бүгінде Ақтау теңіз портын «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-тың басқаруына беру шаралары да аяқталып келеді. Тиісті заңдарға өзгертулер енгізіліп, Ақтау порты кейін ҚТЖ-ның жарғылық капиталына немесе сенімді басқарылуына берілетіндей «Самұрық-Қазына» қорына тапсырылуда. Сөйтіп, таяу болашақта «Қорғас» іскерлік және индустриялық-логистикалық хабы арнайы экономикалық аймақты, Жетіген-Қорғас темір жолын, Батыс Еуропа – Батыс Қытай автокөлік жолын, сондай-ақ, әуежай кешенін техникалық байланыстыратындай жүйе құрылуда. Сол кезде Елбасы айтқандай, 2020 жылы еліміз арқылы өтетін транзиттік жүк ағымының көлемі екі есеге, 2050 жылы 10 есеге өсетін болады.
Негізі, әлемдік деңгейдегі көліктік-логистикалық компания құрудың барлық артықшылықтарын қазіргі кездегі экспорт пен транзиттің көліктік-логистикалық тізбегін сараптай отырып анықтауға болады. Мәселен, сарапшылардың бағамдауына қарағанда, мультимодульды логистикалық оператор, астықтың тоннасына көлік шығынын 184-тен 154 АҚШ долларына дейін, сондай-ақ жеткізіп беру уақытын, атап айтқанда, Солтүстік Қазақстаннан Әмірабад айлағына дейін 25-тен 16 күнге дейін қысқарта алатын көрінеді. Сондай-ақ, жылдамдығы жоғары пойыз Қытайдан Еуропа одағына Қазақстан аумағы арқылы 15 тәулікте жетеді. Ал транссібірлік тасымал мерзімі 18-20 тәулікті құрайды екен. Осы мысалдардан-ақ еліміздің транзиттік әлеуетін елестете беріңіз.
Қол жеткен жетістіктер
Логистика мен транзиттік жетістіктің бірі ретінде Қытай – Еуропа одағы бағытында жіберілген жоғары жылдамдықты контейнерлік пойыздарды атасақ болады. Мұндай қозғалыстың ашылуынан бөлек, Қазақстан арқылы транзиттік жүктерді жөнелту және бірлескен логистикалық өнімдер жасау бойынша Азия – Тынық мұхиты аймағы елдері жүк жөнелтушілермен әріптестік келісімдерге отырғанымызды айтқан дұрыс. Аталған логистикалық жоба бойынша жүк жөнелтулер трансқазақстандық бағдарлардың бәсекеге қабілеттігін айғақтап, бұл бағыттар бойынша қосымша жүк ағындарын тартуға болатынын аңғартты. Осыған байланысты, өткен жылы Қытайдың Ухан – Чехияның Пардубице бағыты бойынша 50 контейнерден тұратын қанатқақты пойыз сапарға аттанып, 14,7 тәулікте 10 569 шақырым жол жүріп өтті. Алдын ала кедендік ақпараттандыру алғышарты болған «Электронды пойыз» жобасы аясында контейнерлік құрам бір жарым сағаттың ішінде ресімделіп үлгерді. 18 желтоқсанда Қытайдың Ченду және Польшаның Лодз қатынасында «CHENGDUXINGRAPHICSCO.LTD» компаниясының өнімі салынған сынақтық контейнерлік пойызы (41FEU) ұйымдастырылды. Онда кедендік бақылау 1,2 сағатты, жылжымалы құраммен қамтамасыз ету және Достық стансасында жүкті қайта тиеу жалпы алғанда 11,5 сағатты, 9 559 шақырымға созылған бағдардағы жалпы жылдамдық 14,8 тәулікті, Қазақстан бойынша 4,2 тәулікті құраған. Бүгінде тәжірибе жүзінде болжамдалған қосымша транзиттік тасымал көлемі нақты өмірде мүмкін екеніне, барлық қатысушылар бірлесе жұмылса, трансқазақстандық бағдарлар ҚХР мен АТМАН аумағындағы клиенттердің қызығушылығын оятатынына қазақ мамандарының көзі жетті. Сонымен қатар, бірнеше қытайлық компаниялар жүктерін Қазақстан арқылы өткізуге ықылас білдіргенін айтқан жөн, дейді логистика мамандары.
Қазіргі басты мәселе – Біртұтас логистикалық оператор құру, яғни мультимодульды және аралас тасымал түрлеріне қызмет көрсететін жан-жақты инфрақұрылым құру болып табылады. Жүктелген маңызды қадамның бірі «Қазақстан Жаңа Жібек жолы» жобасы бойынша ел Үкіметінің кешенді іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру екені анық. Және де «Қазақстан-2050» Стратегиясына сәйкес, «инфрақұрылымдық орталықтар» құруға күш салатын инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын мүлтіксіз орындау. Трансқазақстандық бағдарларда жүк ағынын көбейтіп, ішкі және сыртқы терминалдық-агенттік желіні дамыту, экспорттық және транзиттік әлеуетті өркендетуде Бүкіләлемдік банктің «LPI» логистика тиімділігін бағалау индексінде Қазақстанды жоғары дәрежеге көтеру де көздеген меженің бірі болып тұр.
Көліктік логистиканы дамыту тәсілдері
Расында да, Қазақстан Еуропа мен Азияның арасына қолайлы орналасу арқылы – екі үлкен құрлықты жалғаушы алтын көпір іспетті. Сондықтан бағзы замандардан бері біздің ел аумағымыз үлкен құрлықтардың сауда жолы болғаны мәлім.
Соңғы 20 жылда Еуропа мен Азия арасындағы тауар айналымы күрт өсті. Осыған байланысты, инфрақұрылым қызметіне талап күшейді, бәсекелестік рыногы жаңа көлік дәліздерін кеңейтуге сұранып жатыр. Елбасының Қазақстанды 2016 жылға қарай аймақтағы ірі логистика орталығы ретінде мойындатып, Жібек жолын жаңғырту туралы берген нұсқауы сол сұранысты қанағаттандырарлық тұсқа дәл келген еді. Елбасының сол тапсырмасына орай, 2013 жылдың 11 қаңтарында Премьер-Министрдің №231 өкімімен бекітілген «Қазақстан – Жаңа Жібек жолы» жобасын жүзеге асыру бойынша кешенді іс-шаралар жоспары жасалды. «Қазақстан – Жаңа Жібек жолы» кешенді жоспары көліктік-логистикалық жүйе, индустрия, инновация, қаржылық құралдар сияқты ұғымдардың басын біріктіретін экономиканың серпінді салаларынан тұрады.
Ауқымы ғаламат жоспарға, көліктік логистиканы дамытуға арналған келесі озық тәсілдер кіреді:
– Көліктегі құжат айналымын автоматтандырудың «Электронды пойыз» жобасы;
– «Достық – Жасыл дәліз» жобасы;
– «Шаттл» жүрдек контейнерлік пойыздар жобасы;
– «Ғаламдық серіктес» жобасы;
– «Қорғас – Шығыс қақпа» көліктік-логистикалық хабы жобасы;
– «Қазақстанның логистикалық картасы» жобасы;
– «Отандық және халықаралық бизнестің қатысуымен ішкі және сыртқы терминалдар желісін құру» жобасы;
– «LPI логистикалық климат деңгейін көтеру» жобасы.
Бұйыртса, «Қазақстанның Жаңа Жібек жолы» жобасы халықаралық қатынастарды жандандыра түсіп, елдің транзиттік әлеуетін күшейтіп, нығайтады. Трансшекаралық ынтымақтастықты кеңейтіп, халықаралық көлік кеңістігіне ықпалдасуды жеделдетеді. Мұнымен бірге, инвестиция тарта отырып, инфрақұрылымды жаңғыртуға оң әсерін тигізеді. Сондықтан қажетті нүктелерді анықтау мақсатында өткен жылы жүргізілген сараптау жұмыстарына жүгінген логистика мамандары, көліктік-логистикалық орталықтар салу тиімді болатын елді мекендерді іріктеді. Ішкі терминалдар желісінің айқын көрінісі түзілді. Атап айтқанда, «Қорғас – Шығыс қақпа» АЭА хабы, Астана, Шымкент, Ақтөбе, Ақтау, Орал, Павлодар, Семей, Петропавл және Қарағанды мен Достық стансасы. Бүгінде жобалардың экономикалық тиімділігі, кездесуі мүмкін тәуекелдер мен әлеуметтік әсері тұрғысынан ықтимал көліктік-логистикалық орталықтарды орналастыру үшін «ҚТЖ»ҰК»АҚ-тың қаржысы есебінен техникалық-экономикалық негіздемелер жасалып жатыр. Бұл құжаттық жұмыс қазан айында аяқталады. Одан кейін, бұйыртса, тоқсан тарау жолдың бойына қан жүгіре бастайды.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ.