Аймақтар • 29 Тамыз, 2019

Жамбылдықтар Арыстағы құрылыс жұмыстарын абыроймен аяқтады

258 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Арыс қаласын қалпына келтіруге еліміздің әрбір өңірі өзіндік үлесін қосты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қаланы қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілді.

Жамбылдықтар Арыстағы құрылыс жұмыстарын абыроймен аяқтады

Арыстағы Жамбыл облысының штабына қарасты 3-секторға 11 көше бекітілген болатын. Онда 312 жеке тұрғын үйлермен қатар 14 әлеуметтік және коммерциялық нысан бары анықталған еді. Зерделеуден өткен жеке тұрғын үйдің бәрінің де ақау актілері толтырылып, сметалау жұмыстары жасалды. Нәтижесінде қираған 4 үйдің екеуі қайтадан бой көтеріп, екеуі толық жаңғыртылды. Қалған 309 үйге әртүрлі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстарға 4 мердігер компания мен 500-ден аса құрылысшы тартылды. Тиісті шығындар республикалық бюджет пен арнайы қорға жинақталған қаржыдан қарастырылды. Өткен айда Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов Арыс қаласына арнайы барып, тұрғындармен кездескен еді. Сонымен қатар, әкім жамбылдық мердігерлерге құрылыс жұмысын сапалы орындауды нақты тапсырған болатын. Нәтижесінде елімізде алғашқылардың бірі болып Жамбыл өңірі Арыстағы құрылыс жұмыстарын абыроймен аяқтады.

  Арыс қаласында қаладағы Жамбыл облысына тиесілі 3-сектордағы құрылыс жұмыстарының аяқталуына орай салтанатты шара өтті. Оған жергілікті тұрғындармен қатар жұмыс жүргізген бірқатар құрылысшылар да қатысты. Жамбылдық делегацияны Арысқа Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев бастап барды. Аталған жиынды Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Қосман Айтмұхаметов сөз сөйлеп ашты. Бұдан кейін Еркебұлан Дауылбаев Жамбыл облысы штабының қарқынды жұмысы мен арыстықтардың белсенділігі туралы айтып өтті. Сондай-ақ, қаланы қалпына келтіруге атсалысқан көпшілікке алғысын білдіріп, мұндай төтенше жағдай енді елімізде орын алмауын тіледі. Сонымен қатар, жиында Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы Бағлан Қарашолақов, Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек және өзге де азаматтар сөз алып, жамбылдық құрылысшылардың елеулі еңбегін атап өтті.

Салтанатты жиында «Арысты тербеткен Әулиеата әуендері» атты Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының концерттік бағдарламасы көпшілік назарына ұсынылды. Бағдарлама барысында Арысқа арнау айтылып, әсем әндер шырқалды. Сонымен қатар, штаб жұмысының басы-қасында жүрген бірқатар азаматтар мен құрылысшылар марапатталды.

Сондай-ақ, бұл күні жарылыс кезінде қираған 4 үй қайтадан бой көтеріп, салтанатты түрде пайдалануға берілді. Ол үйлердің екеуі басынан қайта салынса, екеуі толық жаңғыртылған. Баспана құрылысын жүргізген мердігер компания аталған үй иелеріне өз сый-сияпаттарын жасады.

Әулиеаталықтар арыстықтарға төтенше жағдай орын алған күннен бастап қолұшын созып келеді. Мәселен, ондағы зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету бойынша «Арыс. Біз біргеміз!» республикалық акциясы аясында Тараз қаласында 4 қабылдау пункті ашылған болатын. «Nur Otan» партиясының облыстық және аудандық филиалдарындағы арнайы пункттерде жиналған көмек материалдары, азық-түлік пен бірінші қажеттіліктегі заттар Арысқа жеткізілгенін жұртшылық жақсы біледі. Сонымен қатар, Арысқа барлығы 400 тоннадан астам гуманитарлық көмек, азық-түлік, тұрмысқа қажетті бұйымдар жөнелтілген. Тұрғындарға медициналық көмек көрсету үшін 2,2 миллион теңгеге қажетті дәрі-дәрмекпен қамтылған арнайы жасақталған 4 реанимобильмен 8 фельдшер Арыс қаласына жіберілді. Сондай-ақ, Арыс қаласының 400-ге жуық баласы Жамбыл облысындағы «Тау самалы», «Жұрындысай», «Жұлдыз» сынды жазғы сауықтыру лагерлерінде демалды.

 

Жамбыл облысы