Қазіргі таңда төрт кезеңге бөлінген алып құрылыс Қарағанды бағыты бойынша қарқынды жүргізілуде. Бірінші кезең Қарағанды мен Ақмола облыстарын, оның ішінде Жезқазған, Теміртау, Нұр-Сұлтан қалаларын қамтиды. Яғни, бұл бағыт бойынша табиғи газ 171 елді мекенге жеткізіліп, 1,7 млн тұтынушының үйінде көгілдір отын маздап жанатын болады.
Қазіргі таңда ұзындығы 1061,3 шақырым болатын, өткізу қабілеті жылына 2,2 млрд текше метрге тең магистральды газ құбыры «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Нұр-Сұлтан» бағыты бойынша тартылып жатыр. Бұған қоса, Жезқазған, Теміртау, Қарағанды қалаларында бес автоматтандырылған газ таратушы станса мен Нұр-Сұлтан қаласы ауданында екі стансаның құрылысы жүргізілуде. Бұл жұмыстар биылғы жылдың соңына таман аяқталады деп жоспарланған.
Осыдан он жыл бұрын Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзімізде газ құбырын салу жөнінде шешім қабылдамағанда, қазір көгілдір отынды көрші мемлекеттерден қыруар қаржы шығарып сатып алар едік. Он жыл демекші, осы уақыт аралығында елімізде газ саласы ауқымды түрде толықтай жаңғыртылды. Соның нәтижесінде Қазақстан бүгінде өзін ғана газбен қамтамасыз етіп қоймай, көгілдір отынды көрші мемлекеттерге экспорттау мүмкіндігіне де ие болып отыр.
«Сарыарқа» магистральды газ құбырын тарту құрылысы өңірдегі бірқатар мәселенің оң шешім табуына игі ықпалын тигізеді. Мысалы, қазірдің өзінде аталған жобаға біліктілігі жоғары 1900 қазақстандық маман тартылып, өңірдегі жұмыссыздардың санын азайтуға айтарлықтай үлес қосып отыр. Жұмыстың қызған мезгілінде, яғни тамыз айында қызметкерлердің саны 2200 адамға жетіп, бұл іске жұмылдырылған техника саны 800 бірлікке дейін артты. Сондай-ақ аумақты газдандыру тұтынушыларды үнемді және ыңғайлы жылыту жүйесімен қамтамасыз етіп, электр қуатын өндіріп шығаруды да еселей түседі. Бұған қоса, жылыту жүйесіне табиғи газды пайдалану өңірдегі экологиялық мәселеге де оң ықпалын тигізеді. Жобаның тағы бір шарапаты – шағын және орта бизнестің өркен жаюына да тың серпін береді. Ел экономикасына инвестиция тарту сынды аса қажетті іске де пайдасы молынан тимек.
Осыдан біраз бұрын елімізде мұнай-газ саласына арналған модульды подстансалар шығарыла бастады. Бұл іске қызығушылық танытқан Франциялық «Schneider Electric» компаниясы Қарасайдағы «PSI Engineering» ЖШС машина жасау зауытымен келісімшартқа отырды. Газ құбыры құрылысы барысында тағы да бірқатар шетелдік компания қарағандылық кәсіпкерлермен іскерлік қарым-қатынас құруға бейілді екендіктерін білдірді. Атап айтқанда, чехиялық компанияның өкілдері біріккен өнім шығару үшін өздерінің технологиялары мен жобаларын ұсынып отыр.
Қазіргі таңда тұтынушыларды табиғи отынның бағасы қандай болар екен деген сұрақтың мазалайтыны рас. Әзірге Нұр-Сұлтан қаласы, Қарағанды және Ақмола облыстары бойынша табиғи газдың болашақтағы бөлшек бағасы белгілене қойған жоқ. Мәселен, Қарағанды облысында тариф пен баға белгілеу үдерістері заңнама ережесіне сай мемлекеттік тұрғыда реттеледі. Яғни, «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заң бойынша ішкі нарықта газ тауарын сатудың әр облыс үшін шекті көтерме бағасын Ұлттық экономика министрлігімен келісе отырып, Энергетика министрлігі әр жыл сайын бекітеді. Жалпы тұтынушылар үшін көгілдір отынның көтерме бағасы мен газды тасымалдау тарифі газ құбырының құрылысы аяқталған соң бекітіледі. Қалай болған күннің өзінде, табиғи газдың бағасы қарапайым тұтынушының қалтасын қақпайтындай қолжетімді боларына сенім мол.
Былтыр Елбасы «Сарыарқа» магистральды газ құбыры туралы: «Бұл біздің ірі жоба. Біз мұнай мен газ шығаратын мемлекет ретінде Қазақстанның орталығын газдандыру мәселесіне енді ғана назар аудардық. Бұл ел алдындағы үлкен жауапкершілік. Менің ойымша, келесі жылы осы маңызды газ құбырының құрылысы аяқталып қалды деп айтатын боламыз». Тұңғыш Президенттің бұл сөзіне біздің алып-қосарымыз жоқ. Тек, бастаған берекелі іс межесіне белгіленген мезгілінде жетіп, тұрғындардың тұрмысын жеңілдететін көгілдір отынның игілігін Арқа жұрты ертерек көрсе екен деген тілек бар.
Қарағанды облысы