Жасыратыны жоқ, мұндағы білім мен тәлім-тәрбие жайына қатысты сын-пікірлер аз айтылмайды. Оның үстіне интернат үлгісіндегі білім ордаларын ұстауға жұмсалатын қаражат шығыны да қомақты. Білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімованың айтуынша, тығырықтан шығудың негізгі бағыты ретінде «Уақытша отбасы» қанатқақты жобасы еліміз бойынша алғаш рет қолға алынып, тиімділігін көрсетіп отыр.
485 білім ошағының 80 пайызы шағын мектептер, 229 елді мекенде білім ошақтары мүлдем жоқ болғандықтан, балалар интернаттарда тұруларына болмаса, күнделікті қатынауларына тура келеді. Жол бейнеті мен азабы өз алдына, жауын-шашынды күндері, қыстың үскірік суықтарында тоңып-жаурап, әрлі-берлі жүру өте қиын. Осы себепті аталған бағдарламаның қолданылуы өте құптарлық іс. Жоба енгізілгелі 31 мектептің оқушылары уақытша патронатқа берілген. Солардың бірін Панчуктар отбасы өз қамқорлығына алды. 10 сынып оқушысы Арина Лукьянова «Уақытша отбасы» бағдарламасына іліккелі сабағына көп көңіл бөледі. Ата-анасының жанында жүргендей өзін еркін ұстайды, алаңсыз сезінеді. «Әрине өзгенің баласына бас-көз болу оңай емес, жауапкершілігі өте зор. Біз де жүрек жылуын дарытып, мейірім шапағатын төгуге тырыстық. Бұл еңбегіміз еш кетпеген сияқты. Арина 10 сыныпты жақсы тәмамдады. Жаңа оқу жылын да асыға күтіп отырмыз. Сабағы жақсы. Тәртіпті, ибалы», дейді Краснознаменное ауылының тұрғыны Иван Панчук.
Қанатқақты тәжірибе үш ауданда жүргізіліп, 61 бала 54 отбасына орналастырылған. Мәселен, М.Жұмабаев ауданында 15 отбасы 17 баланы қабылдаса, 13-ін туыстары алған. Баланы қамқорлыққа алған отбасына ай сайын 53 мың теңге мөлшерінде жалақы төленіп, 7 АЕҚ көлемінде тамағына қаражат беріледі. Ең бастысы, сабақты негізсіз босату, ауырып қалу, ауа райын себепсіз сылтаурату секілді келеңсіз оқиғалар күрт азайып, керісінше, білім мен тәрбие сапасының артқаны байқалады.
Бүгінде 55 мектеп жанындағы интернатта 1300-дей бала бар. Жаңа оқу жылында патронаттық балалардың санын екі есеге дейін көбейту мақсатымен 33 млн теңге бағытталып отыр.
* * *
Петропавл қаласының тұрғыны Неля Штайнбернер тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдарға көмектесуді өмірлік ұстанымына айналдырған.
Қазіргі таңда ол тағдырдың жазуымен өмірдің түрлі тәлкегіне ұшыраған адамдарды үйінде паналатып, қал-қадерінше қамқорлық жасап отыр. Бірқатарының құжатын ресімдеп, жұмысқа орналастырған. Бұдан бөлек бейімдеу орталығында тұрып жатқан мүсәпір жандардың тамағын әзірлеуге де, сатушылық жұмысына да уақыт табады.
Көңілінің кеңдігінен болар, Жұмысшы кентіндегі ұядай үйінен адам үзілмейді. Өзімен бірге тұрушылардың тамағы тоқ, көйлегі көк. Солардың бірі Евгений Степанов отбасымен дәм-тұзы жараспай кетіп қалған. Содан ішкілікке салынып, саршұнақ аязда аяғын үсітіп алған. Ота жасап, тізеден жоғары кесуге тура келген. Өзін туған баласынан кем көрмейтін Неля Михайловнаға алғысы шексіз.
Жаны ізгілікке, жүрегі мейірімге толы зейнеткер далада қаңғып қалған ғаріп, кембағал жандарды 2015 жылдан бері жинастырып, көмек қолын созып келеді. Оған мына жайт себеп болыпты. Обыр кеселіне шалдыққан оған дәрігерлер «жазылуың екіталай» деген қатал үкім шығарса керек. Өмірге деген құлшынысы, бойындағы туабітті қайсар мінезі дерттен айықтырып, құлантаза сауығып кеткен. Сол күннен бастап қайырымдылықпен айналысуға біржола бел буып, қанына әбден сіңіп кеткен дағдыға айналған.
«Қартайған міскінді қалай ғана далада қалдыруға болады? Көз алдыма еш елестете алмаймын. Бәріміз бір анадан туғандай тату-тәттіміз. Қиындықтарды бірлесіп еңсереміз. Рахымы мол тұрғындар киім-кешек әкеп береді, азық-түлікпен көмектеседі», дейді Неля Михайловна.
Оның ендігі ойы – үй-күйі жоқ кезбелерге арналған шағын орталық ашу. Тіпті «Надежда. Вера. Милосердие» қайырымдылық қоры ретінде тіркетіп те қойыпты. Қаражат жағы шешілсе, білек сыбана кіріспек ниетте.
Солтүстік Қазақстан облысы