Қоғам • 30 Тамыз, 2019

Жекеменшік түрме азаптаудың алдын ала ма?

487 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әлемде түрме атаулының адамды түзеп шығарына ешқандай кепілдік жоқ. Азаптаулар жиі тіркелетін жерде адамның кейін қайта жұрт қатарына қосылуы да қиын. Сол үшін кезінде шалт басқандарды «бостандығынан айыратын жерге» қатысты көзқарасты өзгертетін кез келген жоқ па?

Жекеменшік түрме азаптаудың алдын ала ма?

Елімізде сотталғандардың адам ретіндегі құқықтарын қор­ғау, денсаулықтарын сақтау, тіпті қамап ұстауға байланысты халық­­аралық талаптардан кейін бір жылдары қылмыстық-атқару жүйесі Әділет министрлігінің құзырына берілген уақыт та болды. Бірақ бұл талпыныс нәти­же бермей, аталған жүйе көп ұза­май Ішкі істер министрлігіне қай­тарылды.

Ал 2010 жылдың басында елімізде шетелдік тәжірибелер негізінде жекеменшік түрме салу туралы әңгіме қозғалды. Кейін мұндай мекемелерді мемлекет-жекеменшік әріптес­тігі негізінде салу туралы ұсыныстар айтылды. 2017 жылы сол кездегі Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қа­сымов мұндай жобаның тым қымбатқа түсетініне көз жет­кізіп, жоғарыда аталған ұсыныс қабылданбай қалды. Сөйтіп әуелі Шымкент, содан соң Нұр-Сұлтан, Петропавл, Қызылорда, Орал және Қарағанды қалала­рында МЖӘ арқылы салынуы тиіс болған мекемелер туралы әңгіме одан әрі өрби қойған жоқ. Еліміздегі есептеулер бойын­ша бір түрме салуға шамамен 20 млрд теңге қажет болады деп есептелінген-ді.

Сонымен жекеменшік түр­ме­нің артықшылығы неде еді? Ең бастысы –  үнемділік. Шетел­дік тәжірибе бойынша жеке­меншік түрме иелері бар­лық шығыстарды, оның ішінде сотталғандарды ас-сумен қам­та­масыз етуден басталатын бар­­лық шығынды өз мойны­на алады. Сонымен қатар адам құқықтарын қорғайтын ұйым­дар да сотталғандардың құқық­тарына байланысты белгілеген талаптардың орындалуын ба­қылауды оңай жүзеге асырады.

Оған қоса, түрмелерді ұдайы жаңғыртып отыру, сот­тал­ғандарды ұстау мен күзету және басқа да шығындары мемлекет­ке оңай жүк болмайтыны рас. Сотталғандарды ха­лық­аралық талаптарға сай күнделікті тамақ­тандырудың өзі қатардағы отбасылардың өзінің шығынынан жоғары болып жатады. Мәселен, сотталушының кешкі асында бір түйір ет болмаса немесе оған түскі асында жеміс-жидек бе­рілмесе – халықаралық өлшемдерде оның адам ретіндегі құқығының бұзылғандығы.

Сотталғандардың әл-ауқатын жақ­сартуға жуырда Заречный ауы­лындағы колонияда болған азап­тау оқиғалары қоғам назарын аударғаны рас. Орталық Азия­дағы халықаралық түрме рефор­масы өкілдігі директорының орын­басары Жанна Назарованың айтуына қарағанда, соңғы үш жыл­да ІІМ қарасты мекемелер­де  азаптауға байланысты 53 де­рек анықталған. 13 жағдайда қыл­мыстық-атқару жүйесі меке­мелерінде, 33 рет ішкі істер органдарында осындай қылмыс тіркелген. Сонымен қатар соттал­ғандарды бір-біріне қарсы пайдаланып, ұрғызу, азаптау деректері де кездесіп тұрған.

Жалпы, халықаралық тәжі­ри­беде мұндай заңсыздық­тар­ға жол бермеудің бірден-бір жолы ретінде жекемен­шік түрмелердің бәсі жоғары. Бұл саладағы ең маңыз­ды мәселел­ердің бірі – сот­талғандар­дың еңбек күшін пай­далану. Яғни мекеме аума­ғынан жұмыс орын­дарын ашып, бәсекеге қабілетті өнім өнді­рілсе, бұдан барлығы да ұтар еді. Жазасын өтеуші уақытын «өлті­ріп» қана қоймай, табыс табады, кәсіпке бейімделеді. Бұл дағды оған өмірлік азыққа айналуы да мүмкін. Ал кәсіпкерге керегі – тәртіпке мойынсұнған жұмысшы. Бұл әріптестіктің пайдасы жоғары болғанымен, әлі күнге реттелмей келеді. 

Осы орайда Ішкі істер ми­нистрі Ерлан Тұрғымбаевтың ай­туына қарағанда, қылмыстық-атқару жүйесі саласында бір­қатар жаңа бастама жүзеге асып жатыр. Атап айтар болсақ, Қазақстандағы сотталғандарға туған-туыстарымен қашық­тықтан бейнебайланыс жасау қол­жетімді болмақ. Қазіргі уақыт­та қанатқақты жоба Ақмола об­лысында іске қосылған.

Сонымен бірге ІІМ сот­талған­дарға қажетті тауар­лар­дың элек­­тронды дүкенін іске қосу бағы­тында жұмыстар жүр­гізуде. Сол үшін Sizoshop.kz  және Vnimaniye.kz интернет-дүкендері құрылды. Соның арқасында сот­тал­ғандар күн­делікті тұтыну­ға қажетті рұқсат етілген тауарлар тізімінен қа­жетті тауарды, туыс­қандары мен жақын-жуық­тарын шақырмай-ақ сатып ала алады.

Қылмыстық атқару жүйесі комитетіне қарасты мекемелердің бәрінде сотталғандарды еңбек­пен қамту – ең басты назар ауда­рылатын істердің бірі. Со­ның арқасында қазір барлық сотталғандардың 75%-ы, яғни жазасын өтеп жатқан 14,6 мың адамның 11 мыңға жуығы ең­бек­пен қамтылып отыр. Осы мақсатта ҚАЖ мекеме­лерінің өндірістік базасын дамыту және жаңарту шаралары қабылданып жатыр. Қазіргі күні сотталғандар металл бұйым­дарын жасау, жиһаз жасау, құры­лыс материал­дарын өндіру, тігін­шілік секілді цехтарда еңбек ету­де. Тіпті, түзеу мекемелеріне ша­ғын және орта бизнес өкілдері белсенді түрде тартылуда. Олар түрмелерде өз өндіріс орындарын ашып, 3 мың сотталғанды еңбекпен қамтып отыр. Бұдан бөлек бүгінде 63 сотталған өз бизнесін ашып, атап айтқанда нан, макарон, консерві өнімдерін шығаруда. Міне, соңғы аталған жаңашылдықтардың барлығын әлем елдерінде жеке­меншік түр­ме иелері ың-шыңсыз жүзеге асыруда.

Е.Тұрғымбаевтың айтуы­на қарағанда, жылдан-жылға елімізде түзеу мекемелерінің саны қысқарып келеді. Салада жүргізілген ізгілендіру жұмыс­тарының нәтижесінде «түрме тұрғындары», яғни сотталғандар қатары 2009 жылдан бері екі есеге қысқарған. Жалпы, қазір еліміз бойынша пентитенциарлық салада 86 мекеме жұмыс істейді. Сотталғандар санының азаюына байланысты соңғы 5 жылда 12 мекеме, соның ішінде биылдың өзінде 4 мекеме жабылған.

Жекеменшік түрме жүйе­сін дамыту АҚШ-та басталып, Еуропа мен Азияның көп­теген дамыған мемлекетінде біріздендірілген.  Ал біздің елде осы тектес баста­маның өзінің ғұмыры қысқа болды.