Көмір кеніштері: ауылдың бағы ма, соры ма?..
Бейсенбі, 28 ақпан 2013 7:09
Баянауылға бара жатқан жолдың бойы көмір тасыған машиналар. Көмір Майкөбе кен орны – «Майкөбен-Вест» және «Гамма» серіктестіктеріне қарасты Талдыкөл, Сарыкөл кеніштерінен қазылып алынуда. Қоршаған ортаның тазалығы жөнінде ауыз ашпас бұрын, көліктік бақылау комитеті тыйым салып, бақылау жасамаса, күні-түні тонналап көмір таситын ауыр салмақты машиналардың жолды қопарып тастайтындай түрлері бар.
Бейсенбі, 28 ақпан 2013 7:09
Баянауылға бара жатқан жолдың бойы көмір тасыған машиналар. Көмір Майкөбе кен орны – «Майкөбен-Вест» және «Гамма» серіктестіктеріне қарасты Талдыкөл, Сарыкөл кеніштерінен қазылып алынуда. Қоршаған ортаның тазалығы жөнінде ауыз ашпас бұрын, көліктік бақылау комитеті тыйым салып, бақылау жасамаса, күні-түні тонналап көмір таситын ауыр салмақты машиналардың жолды қопарып тастайтындай түрлері бар.
Бұрын қазақтар Шөптікөлдің көмірін қазып алып пайдаланған көрінеді. Қазақтар бұрын Майкүбі деп атаған қоңыр көмір алабы Сарыкөл, Шөптікөл, Талдыкөл, Тасқұдық және Тамды деп аталды. «Майкөбен-Вест» кәсіпорны нарық келген кезде «Екібастұзкөмір» бірлестігінің құрамында болып, одан кейін америкалық компанияға, біраз жыл «Қазақмыс» корпорациясына қарады. Тоқсаныншы жылдары Майкөбенің көмірін Венгрия, Румыния сияқты елдер пайдаланған көрінеді. Бұл күндері кеніштер жеке меншіктің қолында. Біз Шөптікөл, Сұлужон, ЦЭС деп аталатын шағын ауылдардың қасынан жүріп кеніш аумағына өттік. Жылдар бойы жөндеу көрмеген қара жолдың көмір таситын ауыр жүк машиналарының екпініне төтеп беруі де екіталай. Кеніште қызу жұмыс, қарбалас уақыт. Кәсіпорын ашылғалы бірнеше басшы ауысып та үлгерді. Қазіргі басшылық Мәжіліс депутаты болған, кезінде «Екібастұз көмір» мемлекеттік өндірістік бірлестігінің бас директоры, «Богатырь Аксесс Көмір» серіктестігінің өндіріс жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған атақты кенші Аманқос Өтегеновке жүктеліпті.
– Майкөбе кенішінің қоңыр көмірі Екібастұздың қойнауынан қазылатын тас көмірден ерекше отын түрі, оны лигнит деп атайды. Бұл көмір тез жанады, күлі аз. Бірақ, тас көмірге қарағанда қызуы төмен. Негізінен, тұрғын үйлерде пешке жағылатын көмір, – деп Аманқос ағамыз жалпы сипаттамасын айтып өтті. – Жалпы, кеніш 6,4 шақырымға созылып жатыр. Кен орнының тереңдігі 80 метрге жуық. Әрине, бұл тереңдік 270 метрге дейін тереңдеген «Богатырь» кенішімен салыстыруға келмейді. Кеніштің түбінде жатқан көмірді қазып, тасымалдау – басты міндетіміз.
Біз кеніштің өткен жылдардағы көмір өндірісін өсіру жұмыстарына көз салдық. 2010 жылы 3 млрд. теңге көлемінде инвестиция құйылыпты. Сол жылы алғаш рет рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, 5 миллион 300 мың тонна көмір қазып, тұтынушыларға жеткізіліпті. Биылғы жылы да былтырғы көрсеткіштерден түспейтіндей көмір өндірілмекші.
Кәсіпорында жұмысшылар санын қысқарту мәселесі жоқ па, деген сұрағымызға өндірістің аты – өндіріс, жағдайымыз тұтынушы мен сұранысқа байланысты, қысқартулар жайында бірден кесіп айту да қиын, бірақ, бәрі де мүмкін, деді кәсіпорын басшысы.
Тұтынушылар қатарында Екібастұз ГРЭС-1 стансасы, Өскемен, Ресейдің Южноуральск, Челябі қалаларының стансалары, басқа да өндіріс орындары бар. Сонымен қатар, 45 килолық көмір салынған қаптар Украинаға да жіберіліпті. Егер көмір тасымалы темір жол арқылы үздіксіз жүзеге асқанда оның өзі кеніштің жұмысын одан әрі ширата түсер еді. Алайда, біздің елімізде жүк вагондары тапшылығы бар екені бәрімізге белгілі. Жұмысқа қолбайлау болатын мәселенің бірі де осы. Екібастұздағы вагон құрастыру зауыты толық іске қосылғанда, мүмкін бұл олқылықтың орнын толтырып та қалар. Сондықтан, еңбек өнімділігін арттыру мақсатында 11 «БелАЗ» көлігі сатып алыныпты. Бір «БелАЗ»-дың құны – 380 миллион теңге тұрады екен. Бұл күндері бұл жерде мыңнан аса адам жұмыс жасайды. Немістің роторлы экскаваторымен қазылған көмір «БелАЗ» маркалы жүк көліктеріне тиелуде. Алып көліктің біреуіне 130 тонна көмір тиеледі.
Қоңыр көмірдің бір тоннасы 2413 теңге тұрады. Майкөбенің көмірін тек біздің облыстың аудан, ауыл-қалаларына ғана емес, өзге өңірлерге, Ресейге де жеткізудеміз. Алдағы уақытта жұмысшы-қызметкерлер үшін кеніш басқармасы кеңсенің жанынан жатақханасы, басқа да құрылымдық жүйелері бар кешен құрылысын қолға алмақ ойымыз бар. Ал, екібастұздық стансалар негізінен Екібастұздың тас көміріне лайықталып салынды.Үйдегі пештің қызуы мен алып стансалар пештерінің арасы жер мен көктей ғой, дейді Аманқос Өтегенов.
Елбасы жиі айтатын мәселенің бірі – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі. Алдыңғы жылы «Майкөбен-Вест» кәсіпорны Баянауылда, Майқайыңда жасөспірімдерге арнап жасанды көгалы бар әрқайсысы 500 миллион теңге тұратын шағын футбол алаңдарын жасап, мешіттерге тегін көмір түсіріп, Сұлужон, Шөптікөл ауылдарындағы балаларға оқу құралдарын алып беріпті. Көктемгі тасқында жолды су шайып кеткенде, қайтадан қалпына келтіру жұмыстарына компания техникаларын жұмылдырып көмекке келіпті. Жауапкершілік дегеннен шығады, бастысы «Гамма» серіктестігі болсын, «Майкөбен-Вест» серіктестіктері болсын, кеніштер осы Сұлужон, Шөптікөл, ЦЭС, Бірлік ауылдарының маңында орналасқан. Әрине, кәсіпорындардың ел экономикасына қосып жатқан үлестері де бар, адамдарды жұмыспен, өңірлерді көмірмен қамтамасыз етіп отыр. Бұны ешкім жоққа шығармайды. Ал, ауылдықтарды, ең бастысы, өздері өмір сүріп отырған қоршаған ортаның тазалығы, экология мәселесі алаңдатады. Шағын үш ауылда 700-дей адам тұрады. Үш ауылдың 326 адамы осы кеніште еңбек етуде. Сөйте тұра іргесінде көмір кеніштері бола тұра, айналасында бір бұрау жасыл ағаш көрінбейтін қаз-қатар тұрған үш ауылдың жүдеу көрінісі көңіл құлазытады. Ауылдардың жаңа заман көшіне ілескендері дұрыс-ақ болар еді. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі осы тұрғыда көрініс тауып, ауылдарға қолдау жасалса деп ойлайсың. Павлодар – Баянауыл тас жолынан ауылдарға келетін жол не облыстық, не аудандық маңызы бар жолдар қатарына жатпайтын көрінеді. Кеніш «бұл жолды әкімдіктер жөндесін, ал, әкімдіктер көмір тасымалдайтын кәсіпорын жөндеп берсін» деп бір-біріне сілтеп отырған секілді. Нәтижесінде, қарапайым ауыл халқы екі ортада қалды.
Ауылдықтарға басқа жерлерге көшіңдер деген ұсыныстар айтылыпты. Бұл кеніштің маңайындағы үш ауылдың болашағы жоқ ауылдар қатарына алынып, аттары жоғалады деген сөз. Мәселе, ауылдың экологиялық жағдайы, қоршаған ортаның ластануында болып тұр. Ауылдар бір емес, Майкөбе, Талдыкөл, Сарыкөл аталатын үш кеніштің ортасында орналасқан. Көмірі қазылып алынған шұңқырлар ашық күйі қалыпты. Иесіз қалған Шөптікөл кенішінде пайда болатын эндогендік өрттерден, көмір тасымалдайтын үлкен жүкті көліктердің қозғалысынан ауада күл мен түтіннің шоғырлануы жайлы мәліметтер бар. Бұл жайында облыстық мәслихаттың экология және қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы да жиі мәселе қозғап, Шөптікөл ауыл тұрғындарымен кездесулерінде әлденеше рет айтылды. Құлақ асар ешкім жоқ. Ауыл ақсақалы Карлдың айтуынша, иесіз қалған кеніштің үйінділері кірпіш шығаруға таптырмас шикізат көрінеді. Қазіргі кеніштердің өзінен жаз айында шаң бұрқырап, қалың түтіннен ештеңе көрінбейді екен. Үшінші мәселе, ауылдар сусыз отыр. Тасымалмен жеткізіледі. Кеніш басқармасының әсем ғимаратында да су жоқ екен.
«Серпіліс» атты коммуналдық кәсіпорынның МТЗ-82 тракторы халыққа су жеткізіп беруге үлгере алмайды. Бақша өсіру дегенді қойдық. Мал басы азайды. КБМ тәулігіне 700 литр су береді, ауыл үшін бұл су жеткіліксіз. Экологиялық жағдай туралы, су құбыры тартылса деген өтінішті айта-айта қажыдық, дейді Карл ақсақал. Ауылдықтар кеніш басшылығының биылғы жылы ауылдың жанындағы 14-ші скважинаның су қорын зерттеуге 12 миллион теңге бөлу, басқа да жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстарын қаржыландыруды қолға аламыз деген уәдесіне үміт артып отыр. Депутаттар жер асты суларын зерттеу мерзімін және жобалау-сметалық құжаттарды даярлау мен келісу рәсімін, Шөптікөлде су тапшы екендігін және судың жоқтығы тұрғындар денсаулығына зиян екендігін ескерте отырып, облыс әкімінің орынбасары Нұржан Әшімбетовке өтініш хат жолдапты.
– Жалпы, №14 скважина кеніштің қарауында, сондықтан аудандық әкімдік кенішпен бірлесіп, ауылға тартылатын су құбырының жобалау құжаттарын жасаулары қажет, – деді Нұрлан Әшімбетов арнайы барып сөйлескенімізде.
Президент өткен жылы Шетел инвесторлары кеңесінде кәсіпкерлер алып-сатумен емес, кен орындарын дамытумен және қаржыландырумен айналысуы тиістігін айтқан болатын. Жаңа индустриялық бағдарлама аясында Мемлекет басшысы Үкімет алдына жаңа міндеттер қойғаны белгілі, соның ішінде жер қойнауын пайдалану саласы да бар. Сондай-ақ, еліміздің минералды-шикізат базасының қайта толтырылуына, геологиялық барлау жұмыстарын қаржыландыруға, табиғи байлықтарды орынды пайдалануға, салаға қажетті мамандарды даярлау мәселелеріне назар аударылуы қажет екені айтылды. Бұл сөздер Баянауыл ауылдары маңайындағы көмір өндіруші кәсіпорындарды ойландыруы тиіс.
Ауаға шығарылатын зиянды қоспаларға шектеу жасалып, экологиялық талап қойылса, ауылды тұншықтырып отырған жағдай басқаша болар еді.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы.