Медицина • 31 Тамыз, 2019

Бала өлімін азайту шаралары талқыланды

358 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

   Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов аймақтардағы Денсаулық сақтау басқармаларының, республикалық денсаулық сақтау ұйымдарының, медициналық жоғары оқу орындарының және сарапшылардың қатысуымен  кеңес өткізді деп хабарлайды ДСМ Баспасөз қызметі.

Бала өлімін азайту шаралары талқыланды

Кеңесте нәресте мен бала өлімін азайту бойынша 2019-2021 жылдарға арналған мемлекеттік жоспардың орындалу барысы қаралды. Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының (РДСДО) бас директоры Айнұр Айыпханованың мәліметінше, 2019 жылдың 7 айында Жамбыл облысы (80,5%) мен  Батыс Қазақстан облысында (81,6%) жоспар ең төмен пайызда орындалған.

        Негізгі нәтижелік көрсеткіштерге жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша (ННК) 4 ННК-нің 3-не Ақмола, Ақтөбе, Маңғыстау және Түркістан облыстары қол жеткізбеген. Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарының Денсаулық сақтау басқармаларында 4 ННК-нің біреуі де орындалмаған. Сондай-ақ Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарында және Алматы, Нұр-Сұлтан қаласындағы  медициналық ұйымдардың басшылары 2 ННК орындамаған.

     Атап айтқанда, Ақмола, Алматы, Қостанай, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында пренатальды инвазивті диагностика және сапалы цитогенетикалық сараптау жүргізілмеген. Жергілікті бюджет қаражатынан Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар облыстарында сараптамалық класты УДЗ аппараты сатып алынбаған.

Педиатр мамандарымен қамтамасыз ету бойынша ең төмен көрсеткіш Маңғыстау (64%), Нұр-Сұлтан (76,6%), Қызылорда (78,5%) облыстарында; неонатологтармен қамтамасыз ету бойынша ең төменгі пайыз  - Маңғыстау (65%), Солтүстік Қазақстан (74%) облыстарында, Шымкент қаласында (77%); балалар анестезиолог-реаниматологтары бойынша - Маңғыстау (49%), Батыс Қазақстан (66%), Нұр-Сұлтан қаласында (73%) байқалады.

      Денсаулық сақтау министрі өңір басқармалары мен медициналық ұйымдардың басшыларын жоспар бойынша жұмысты жандандыруға шақырды.

- Нақты шаралар бар. Оларды орындамаған ұйым басшылары жалпы және жеке  жауап береді. 9 айдың қорытындысы бойынша Денсаулық сақтау басқармасы басшыларын тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесін көтеретін боламыз. Жылды қорытындылаған кезде әкімдердің ННК жетістігі де көрінеді, - деді Е.Біртанов.

     Сонымен қатар отырыста денсаулық сақтау көрсеткіштерін статистикалық есепке алудың нақтылығы мен толықтығын қамтамасыз етудің маңыздылығы ерекше атап өтілді. Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен 2018 жылы Қазақстан бойынша өлі туған нәрестелерге сараптама жүргізілді. Оның қорытындысын Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова баяндады. Сараптамада өткен жылы өлі туған балалардың 81,1% қамтылған. Маңғыстау облысы ақпарат бермеді, Алматы, Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе облыстары жартылай мәлімет ұсынды. Сараптама нәтижесінде ерте неонаталдық өлім-жітім бойынша деректердің есепке алынбағаны анықталды.

     Осыған байланысты Е. Біртанов сәби өліміне қатысты нақты статистика жасау үшін бұл жұмысты әлі де бірнеше жыл жалғастыру қажеттігін айтты. Сонымен қатар ол бір ай мерзімде патологоанатомиялық қызметті жетілдірудің Жол картасын әзірлеуді тапсырды.

     Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева Денсаулық сақтау басқармаларының басшыларына медициналық ұйымдардың статистиканы бұрмалап, жалпы ана мен бала өлімін жасыруды тоқтатуын және мемлекеттік статистикалық есепті бұрмалағандар жауапкершілікке тартылатынын  ескертуді тапсырды.

     "Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы" АҚ Басқарма төрағасы Риза Боранбаева 2019 жылдың 7 айының қорытындысына сәйкес елімізде балалар онкологиялық және гематологиялық қызметін жетілдіру бойынша Жол картасын орындауға қатысты есеп берді. Сонымен қатар өңірлерге де бірқатар тапсырма берілді.

       Денсаулық сақтау министрі жаңа туған нәрестелер мен балалардың денсаулығын сақтау мәселесі Мемлекет басшысының бақылауында екенін атап өтті. Е.Біртанов айтқандай, Қазақстанда балалардың денсаулығын жақсарту үшін денсаулық сақтау жүйесінің әрбір қызметкері өз міндеттерін жауапкершілікпен орындауы тиіс.