Қазақстан • 02 Қыркүйек, 2019

Биыл 406 мыңнан астам бала 1-сыныпқа барды

312 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жадыраған жаз да өтті. Көп күттірмей күз жетті. Қоңырқай мезгіл күнтіз­бесінің Білім күнімен басталуы арқаны кеңге салған ақ жарқын көңілді бір уақыт өзіндей салмақты күйге түсіргендей. Жаңа оқу жылында Білім алушы мен берушіден бастап ата-анаға дейін етек-жеңін жинайды. Қызу науқанды қыркүйекке қандай дайындықпен қадам басқалы отырмыз? Осы орайда білім беру саласының әр сатысы бойынша әзірлік жайын бағамдауды жөн көрдік.

Биыл 406 мыңнан астам бала 1-сыныпқа барды

Мектепке дейінгі білім. Білім және ғылым министрлігінің мәлім­деуінше, биыл мектепке дейінгі ұйым­дар саны 279 бірлікке көбейіп, барлығы 10 мың 593-ке жеткен. Оның 62,1 пайызы, яғни 6 мың 580-і – мемлекеттік, ал қалған 37,9 па­йызы, яғни 4013-і – жеке­мен­шік балабақшалар. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 3-6 жас­тағы балалардың мектепке дейінгі білім­мен қамтылуы 95,2% құрап отыр, 10 мыңнан аса мектепке дейінгі ұйымға 906,5 мың бала барады.

Орта білім. Еліміздегі 7016 мектеп алдағы жаңа оқу жылында 3 млн 200-ге тарта білім алушыға есігін ашты. Соның ішінде 406,7 мың бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Ережеге сай балаларды 1-сыныпқа қабылдау жұмыстары 31 тамызға дейін жал­ғас­қандықтан, бұл көрсеткіш әлі де кө­беюі мүмкін. Бұл былтырғымен са­лыстырғанда 20 мыңға көп. Себебі 2016 жылы «Білім туралы» заңға 6 жастан бастап мектепке қабылдау жөнінде өзгерістер енгізілді. Баланың 6 жастан мектепке баруы міндетті болмаса да, ата-аналардың көбісі 12 жылдықты ескеріп, ертерек беруді қолай көреді. Осының әсерінен мектептерде орын тапшылығы артып отыр. Айталық, бас қалада 2055, Алматы облысында 10884, ал Атырау өңірінде 1010 орын жетпейді.

Жаңа оқу жылында 4, 9, 10 сы­нып­тар жаңартылған білім мазмұ­нына көшті, соған сәйкес 280 мыңға жуық мұғалім арна­йы курстардан өтті. Жоғары сы­ныптарда таңдау бо­йынша «Кә­сіпкерлік және бизнес», «Гра­фи­ка және жобалау» пән­дері енгі­зіліп, «Алғашқы әскери жә­не техно­логиялық дайындық», «Ин­фор­матика» пәнінің мазмұны өзгер­тілді.

Білім ошақтарының жай-күйіне келсек, қазіргі таңда 128 үш ауысымды және 31 апатты мек­теп бар. Бұл мәселені шешу мақ­сатында мемлекеттік бюджет есебінен 115, жекеменшік бюд­жет есебінен 79 мектептің құры­лысы жүріп жатыр. Үкі­мет қаржысына салынып жатқан мек­тептің 57-сі биыл тапсырылады. Жаңа оқу жылы қарсаңында Нұр-Сұл­тан қаласында, Ақтөбе, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Түркістан облыс­та­рында жаңа мектептер іске қо­сыл­ды.

Жекеменшік мектептерде жан басына нормативтік қар­жы­ландыруды енгізу жұмыс­та­ры басталды. Жан басына қар­жы­ландыру енгізілгенге дейін 121 жекеменшік мектеп болса, бүгінде бұл 146-ға жеткен. Ал­да­ғы қаңтар айынан бастап рес­пуб­ликалық бюджетте елдегі бар­лық жекеменшік мектептерде мем­лекеттік тапсырыс­ты орналастыруға қаражат көз­дел­ді. 22 мың 310 баланы мектеппен қамтамасыз ету үшін 80 жекеменшік білім ошағы мем­лекеттік тапсырыс алып отыр. 1 тамыздағы жағдай бойын­ша 8 мың 636 орынға 25 жекеменшік мектеп ашылды. Жыл соңына дейін оның 23-і іске қосылмақ, бұл 5 мың 845 орынға лайықталған.

Кәсіптік-техникалық білім беру. Кол­ледждер саны қаз-қалпын­да қалды, яғни республика бо­йынша 821 колледж Білім күнін­де 488,7 мың студентті қарсы алды. Кәсіптік-техникалық білім беретін ұйымдардың 90 пайызы күр­делі жөндеуден өткізілген. 22 мем­лекеттік колледжде күрделі жөндеу жұ­мыстары әлі де жүргізілуде. Жаңа оқу жылының басында жатақ­ханаларда 1085 жаңа орын берілмек.

Жоғары білім. Қазақстанда 132 жоғары оқу орны жұмыс істей­ді: оның 11-і – ұлттық, 30-ы – мем­ле­кеттік; 14-і – азаматтық емес; дербес білім беру ұйымы (ДББҰ) мен ха­лық­аралық деңгейдегісі – 1-ден; 18-і – акционерлік және 57-і жеке­меншік оқу орындары саналады.

Ұлттық бірыңғай тестілеу қоры­тын­дысы бойынша күн­д­із­­гі оқу бөлімінің 1-курсына 46 698 грант бөлінді. Колледж түлектері үшін 3 000 грант, дайындық бейіні бойынша оқуға қабылданғандары тағы бар. Биыл бакалавриатқа барлығы 51 085 орынға мемлекеттік тапсырыс берілген. Магистратураға
13 179, докторантураға 2 322 грант бөлінген. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім алушыларды университеттерге қабылдау әлі жалғасып жатыр. Осыған байланысты магистранттар мен докто­ранттар оқуды сәл кейінірек бас­тайды. Айта кетейік, өз қара­жаты есебінен 17 ЖОО-да күрделі,
32-нде ағымдағы жөндеу жүргізілді.